19.09.2019, 21:46
Қараулар: 559
Ақ жауындай ақ желең жылдар

Ақ жауындай ақ желең жылдар

…Өткен ғасырдың сексенінші жылдары ел-жұрт әр санын асыға күтетін «Мәдениет және тұрмыс» журналынан «ХХІ ғасырдың бойжеткендеріне хат» деген өлең оқыдым.

Іштеріңнен шығады жаңа дарын,

Бізден бөлек болады саналарың.

Бізден бөлек болады ғасырың да,

Бізден бөлек болады модаларың.

Соғыс салған жараны көрмейсіңдер,

Жоқтық, аштық дегенге көнбейсіңдер.

Біздің ұрпақ әкесін жау өлтірген

Деген, сірә, ертекке сенбейсіңдер… Міне, осылай басталатын бірнеше шумақ өлең:

…Бәлкім, бізден еркіндеу өсесіңдер,

(Бізге жұмбақ не киіп, не ішесіңдер)

Біздер кешкен азабын махаббаттың

Дәл біздерше сендер де кешесіңдер.

Мейлің, түрлі түспенен шашты боя,

Алуан тілде айтылар жастық ода.

Білетінім: Отанын, Халқын сүю,

Болу қажет қашан да басты мода! – деп түйінделеді. Ақұштап ақынның жыр әлемі менің алдымнан осы өлеңмен ашылып еді. Міне, өзім содан бері ұлтымыздың ұлы өзені Ақ Жайықтың жағасында туған ақын апамыздың жыр-сәйгүлігінен көз жазған емеспін. Бәлкім, туған топырағымыз бір, туған ауылдарымыздың арасы «қарға адым» жер болғандықтан шығар, әйтеуір өзім Шағала-шайырдың Ауыл, Туған жер, Дала туралы өлеңдерінен өз ауылымды тауып, менің Қызылжарымның сұлу табиғатын көремін.

Құстарың ерке көлдегі,

Тербейді желің құрақты.

Құйын да тентек сендегі

Балалық шағым сияқты…

Бұл апаның «Ауылым» атты өлеңінің алғашқы шумағы. Әп дегеннен көбіңіздің көз алдыңызға туған ауылыңыздың көрікті көрінісі келе қалғаны кәміл. Енді Әкеге арналған  бес  шумақ  өлеңнен үзінді оқып көрелік:

Қалмадым елі қасыңнан,

Мен болдым қызың, ұлың да

Үйір ғып қойдың жасымнан,

Қамшыға, асау құлынға.

Жатпадым ана қойнына,

Сен келмей тамақ ішпедім.

Оралып тыста мойныңа,

Тізеңнен үйде түспедім.

Жарқырап бір от көзіңде,

Ұсындың сусын бал қатып,

Жол жүріп келген кезіңде

Алдыңнан шықтым шаңдатып…

Үшбу үзіндінің әсерімен іле-шала санаңызда ата-ананың аялы қамқорлығындағы бақытты балалық шаққа деген сарқылмас сағыныш дүрк көтерілген шығар.

А. Бақтыгерееваның өлеңі неге оқылымды осы? Өйткені, шынайы. Ал шынайы болатын себебі, ақын жан дүниесін толқытқан, жан жүрегін тебіренткен жағдаяттарды ғана өлең ғып өреді, жыр-кесте ғып төгеді. Иә, Ақұштап ақынның оқырмандарының біраз бөлігін, бәлкім, басым бөлігін қыз-келіншектер құрайды. Ал оларды махаббат  лирикасынсыз  баурау  мүмкін  бе?!

Он екі айда сағынта,

Табиғат берген сый мына:

Қонады келіп ақ ұлпа

Сені мен менің иығыма.

…Бақыттың басы болар ма,

Сен мені алғаш сүйген күн?!

Ұмытып қысты содан ба,

Қақпастан қарды үйге ендім.

Үлгертпей мені не деуге,

Сен қарды еппен қаққаның.

Сау ете қалды еденге

Иығыма қонған ақ қарым.

Бір жалын шарпып өткендей

Селк етіп шоршып түстім мен.

Қапыда сусып кеткендей

Ақ торғын көйлек үстімнен!

Тура осы өлеңге өзек болып тұрған негізгі екі нысан (объекті) бар. Қос нысанның бірі – кіршіксіз ақ ұлпа қар, ал енді бірі – кіршіксіз ақ ұлпа сезім. Егер қарды жетекші мәнге ие қылсаңыз, үшбу өлең табиғат лирикасына, ал кіршіксіз ақ ұлпа сезімді алдыңғы қатарға, яғни  бірінші планға шығарсаңыз, үшбу өлең махаббат лирикасына айналып шыға келеді. Тілге тиек болып отырған өлең лириканың қай түріне жататындығына қатысты төрелік айтуды біз төре көңілді оқырманның өзіне қалдырайық та, осы тұста тап осы өлең туралы көзі тірісінде-ақ классик атанған Қадыр Мырза Әлидің пікіріне зер салалық:

«Байқайсыздар ма, бағзы біреулер әпәсем дүниені порнографияға шейін құлдыратса, Ақұштап сыпырылып кеткелі тұрған жалаңаш порнографиялық сәтті биік көркемдікке көтеріп әкетеді. Шеберлік деген, нағыз ақындық деген осы болса керек!» (А. Бақтыгереева шығармаларының ІІІ томдығы, І том, 11-бет, «Фолиант» баспасы, Астана, 2014 ж.)

Ақ білекті, нәзік жүректі оқырмандарымыз «Автор неге ақынның махаббат лирикасынан бір-ақ мысал келтірген?» деп ренжімесе екен дейміз. Махаббат лирикасы таңғы шықтай мөлдір әлем, таңда ашылған гүлдей нәзік жаратылыс қой. Сол себепті мұндай мазмұндағы өлең-жырларды үзіп-жұлып, қиып-қидалап ұсынуға қимадым. Асылы, ондай жыр жауһарларын құйылып түскен қалпында тұтас оқығанның әсері  әдемі!  Ендігі кезекте мына жыр жолдарына назар аударсаңыз:

Шырағымбысың,

Шынарымбысың,

Қыранымбысың,

Жыр-әнімбісің?

Бәрі де сен бол,

Мен әйел болам,

Өзіңе ғана ұнауым үшін!

Бұл жай ғана сөз тіркестері емес немесе көп жыр шумақтарының бірі емес. Бұл бір әулеттің келінінің, қазақтың бір азаматының шаңырағының шамшырағының, ең бастысы әйел ақынның, яки ақын әйелдің өмірлік ұстанымы! Ақын қарындасының жоғарыдағы өлең-ұстанымын алты алаштың абызы Қадыр ақын «поэтикалық этикалық  позиция»  деп  бағалаған  екен.

Ақ сөйлеп,  адал  күлетіндермен,

Шындықты жақтап жүретіндермен,

Сыйластық сырын білетіндермен

Танысқым келеді менің.

Жаманға жағынбайтындармен,

Жоқтыққа тарылмайтындармен,

Арманнан арылмайтындармен

Табысқым келеді менің.

Жанары мөлдірегендермен,

Жүрегі елжірегендермен,

Үмітке сендіре білгендермен

Достасқым келеді менің.

Мұң-қайғы жеңбейтіндермен,

Өсекке сенбейтіндермен,

Наданға ермейтіндермен

Бас қосқым келеді менің.

Жоғарыдағы жыр жолдарынан сіз А. Бақтыгерееваның ғұмырлық бағыт-бағдарын, талап-талғамын анық аңғарасыз.

Қазақы әдеби ортада, тіпті әлемдік әдеби қауымдастықта ақын қыздар тұрмысқа шықса, шайырлық қабілет-қарымынан,  ақындық талант-дарынынан айырылып қаладымыс деген қасаң көзқарас бар. Өзгеде шаруам жоқ, өз басым осыған келісе алмаймын. Керек десеңіз, келісе алмаймын емес, үзілді-кесілді келіспеймін!

Рас, әлдилеулі бөпесі бар ақын келіншектің, ақын-ананың мәселен, мектептегі бала махаббат туралы жазамын деп  отырған өлеңі кенет жылаған бөпесін жұбатамын деп ана мейірімі, балбөбектің балбыраған тәтті ұйқысы жөніндегі жырға айналып кетуі әбден кәдік. Иә болмаса,  бір жалт еткен сезімді өлеңге өзек қыламын деп отырғанда, отағасы жұмыстан шаршап келіп, жылаған баланың лезде жұбануын, үйдің тез жиналуын, қазанның шапшаң қайнауын, дастарқанның жылдам жайылуын сұсты қабағымен талап етуі әлгі жырдың тақырып арнасын аяқасты өзгертіп, ойламаған жерден отбасының береке-бірлігі, ырыс-ынтымағы, шаңырақ шат-тығы туралы қыздың жиған жүгіндей әп-әдемі өлең жазылуы жүдә мүмкін. Ал осыдан қазақ әдебиеті ұтыла ма, жоқ, әлде барша адамзаттық  рухани құндылықтарға нұқсан келе ме? Әрине, жоқ! Ешкім де ұтылмайды, ештеңеге де ешқандай нұқсан келмейді! Керісінше, керемет өміршең өлең туады! Өйткені, бөбегін емізіп, сәбиіне жан-жүрегінің бар мейірімін, жанары арқылы жан дүниесінің нұр-шуағын төгіп отырған Ананың өзі құдіретті Поэзия емес пе! Бала-шағаның қамымен жұмыстан шаршап келген ер-азаматының қас-қабағына қараудың өзі қазақтың қара өлеңіндей нағыз қазақы өлең емес пе! Сүйгеніне қосылып, сәби сүйіп, перзенттерін тең құрбысының алды қылып жеткізіп жүріп-ақ, ақындықтың алауын аласартпаған нәзік жанды ақындар баршылық. Бұл уәжімізге айшықты мысалды алыстан іздемей-ақ, қазақтың қос ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева мен Күләш Ахметованы атасақ, ешкімнің тақиясына тар келмесі  хақ!  Ал  енді  Ақұштап  ақынның

Мен жүрмін өлең жазып, Жұбан аға,

Бұл күнде немеремнің жөргегіне, – деген жыр жолдары өлең боп өрілген Ақын-ананың ұрпақ қызығына кенелген бақытты өмірінің бір көрінісі. Алда-жалда тап осыдан кейін де сіздің күдік-күмәніңіз сейілмесе, ақынның «Сырласу» деген мына өлеңін оқып көріңіз:

Құлыным-ай, мамаңа қиын бұл күн,

Ал біреуге сендейді сүю бір мұң.

Қазан тасып ас үйде, ал сен болсаң

Қағазымды қуыршаққа киіндірдің.

Досы келді әкеңнің бала күнгі,

«Тез қой, – дейді, – столға  шарабыңды».

Өсіп тұрған көңілі өз жарым да

Аңдамайды жыр тұнған қабағымды.

Бала баққан жылдарды мақұлдасып,

Көрші әйелдер жаны да жатыр ашып.

Сүрінгенім, сүйгенім, дұрыс, қатем,

Отырғаны бәріне қатынасып.

Дейді: «Бала – ақындық дертіне ем »,

Енді әйелге жоқ дейді еркін әлем.

Ал өздері жүргендей өмір сүріп

Құрып алған ол баста «генпланмен».

Құлыным-ай, мамаңа қиын бұл күн,

Ал біреуге сендейді сүю бір мұң.

Саған қарап мен әйел бақытының

Ана болу екенін кейін білдім.

«Әйел бүлінсе, әлем бүлінеді» деген түсінік бар. Негізі, жаны бар сөз бұл. Ал зерделеген кісіге, түсінген адамға Ақұштап Бақтыгереева – берісі  әйелдің, әрісі әлемнің бүлінбеуі үшін шыр-пыр болып жүрген қайраткер қаламгерлердің бірі.

Әдебиеттің басты мұрат-мақсаты көркем мінезді адам тәрбиелеу, жақсы адам қалыптастыру арқылы жер бетіндегі жақсылықты еселеу. Демек, «Баланы жастан…» Міне, сондықтан да ұрпақ тәрбиесін, әсіресе, қыз бала тәрбиесін Ақұштап Бақтыгереева ақын ана ретінде өлеңіне өмір бойы өзек етіп келеді. Бұған Шағала-шайырдың әр жылдары жазған «Ауылдың тентек ұлдары», «Біздің халық ұл тілеген», «Ауылға хат», «Бойжеткендер болашақ ғасырдағы», «Қыздардан келген хаттардан», «Қателігі жастықтың біліне ме?..», «Қыздар жайлы хикаялар» секілді көптеген өлеңдері куә.

Жалпы, Ақұштап ақынның шығармашылығында Ана тақырыбы, ұрпақ тәрбиесі және Жайық өзенінің жыл санап асқынып бара жатқан экологиялық ахуалы үш күретамыр бағыт болып өрілген. Сөйте тұра,  бұл үш тақырыпты бірі-бірінен бөліп-жара алмайсыз. Себебі, үш бағыт айналып келгенде Отанның ортақ мүддесі ретінде бір арнаға тоғысып, ұлттың һәм туған ел мен жердің тағдырын құрайды.

Балауса бойжеткен кезінде-ақ қолына қалам алып, ақ қағазға өлеңнен кесте төккен, ал бұл күнде елдің анасы дейтіндей жасқа жетіп, тұлғаға айналған ақынның тұтас поэзиясы туралы көңіл-көкейімізде көрікті ой, көркем ниет көп, әрине. Бірақ оның бәріне газеттің шектеулі көлемі мүмкіндік берер емес. Оның үстіне Ақұштап ақынның өлең-жыры мың-сан оқырманына қоса, қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әли, Есенғали Раушанов сынды әлеуетті өкілдерінен әлдеқашан асқақ бағасын алып қойған. Сондықтан да біздің бұл жазғанымызды апамыздың биылғы мерейтойына інілік ілтипат ретінде қабылдарсыз әлеумет.

Көңілдің кірін, өмірдің мұңын нұрға айналдырар ақ жауындай ақ желең жырларыңыз  толастамасын, Апа!

Бауыржан  ҒҰБАЙДУЛЛИН

 

«Мен Оралды үш қызы арқылы таниды екенмін. Біріншісі – аңызға айналған Қыз Жібек, екіншісі – батыр туған Мәншүк, үшіншісі – адуынды мінезі бар  мен білетін Ақұштап».

Зейнолла ҚАБДОЛОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан және Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері

«Қалтқысыз айтылған қыз сыры – қазақ әдебиетінің де тартымды тарауына, ажарлы арнасына айналды. Солай болуына көрер көзге қомақты үлес қосып келе жатқан айтулы тұлғаларымыздың бірі Ақұштап Бақтыгереева екендігіне ешкім дау айта қоймас. Ол әйелдер тақырыбына басым мағына беріп, баянды түрде зерделеп келеді».  

Әбіш  КЕКІЛБАЕВ,

Қазақстанның  халық  жазушысы,     Қазақстанның  Еңбек  Ері

«…Қыз дегенің болмысынан ана. Ал Ақұштап оған қоса болмысынан ақын. Осылай болып жаратылғанымен, осы екі қасиеттің басын дұрыстап қоса алмай жүрген ақын қыздар аз ба? Аз емес. Ақұштап басын қосам деп әуре болмайды. Ол өзін әрі ана, әрі ақын сезінеді. Өйткені осынау екі қасиетті құдірет Бақтыгерееваның басында біртұтас дүниеге айналған. Оның маңдайындағы екі көздің бірі ананың көзі болса, бірі – ақынның көзі».

Қадыр  МЫРЗА  ӘЛИ,

Қазақстанның  халық  жазушысы, ҚР  Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты

«Ақ ерке Жайықтан қанат қағып ұшып шығып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның есімі өлеңсүйер қауымға жақсы таныс. Шығармаларын оқырмандары іздеп жүріп оқитын қаламгер қашанда бақытты. Ол – осындай бақытқа ие аз суреткерлердің бірі».

Есенғали   РАУШАНОВ,

ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар