19.09.2019, 21:40
Қараулар: 385
«Мен өзімнің ризамын ғұмырыма…»

«Мен өзімнің ризамын ғұмырыма…»

– Сіз елуге келгенде «Елу деген немене, екі рет келген жиырма бес» деп өзіңіз айтқандай, жастық шақтың жалынан ұстап құйғыттыңыз. Төртінші 25-тің де төбесі көрініп тұр. Ақын үшін үш 25-тің айырмашылығы бар ма? Көктем, жаз, күз, қыс сияқты уақыт лебін сезінген  жоқсыз  ба?

– Ақын бол, әкім бол, өмір бәрімізге ортақ. Оның сыны да, сыйы да әр қилы. Сенің сұрағыңа былай деп жауап бергім келіп отыр:

Жоқ, қалқам, үміт жібін үзбеген ем,

Мені жұрт ақын деген, қыз демеген.

Осал болар хақым жоқ, қара да отыр,

Жамбыл атаң сияқты жүзге келем.

– Әумин, апай! Қаракөз қыздарымыздың көбі қалам ұстап, қанат қаққанымен, поэзия әлемінің шырқау шыңына шыға алмай, орта жолда шаршап қалатынын байқаймыз. Оның себеп-салдары да бар: тұрмысқа шығады, балалы-шағалы болады. Отбасы, ошақ қасындағы күнделікті күйбең тірлік арғымақтай ақын қыздың аяғына тұсау салады. Сіз бәріне үлгердіңіз. «Көгенді» де, өлеңді де қатар ұстадыңыз. Мұның сыры неде?

– Аңыз боп келе жатқан «Біржан – Сарада» Сара ақынның айтқаны бар емес пе?!

Ей, Біржан, күні құрсын ұрғашының,

Билігі болмаған соң бір басының.

Тарихтан келе жатқан шындықты мойындамасқа шара жоқ. Тағдыр шырмауынан «менмін» деп кеуде соққан жігіттердің өзі шыға алмай, ішіп кететініне өзің де куәсің. Ал нәзік жандарға қалам мен қазанды қатар ұстау оңай деп пе едің?

Қазіргі оқырманға менің жеке мұңым емес, қазіргі қоғамдағы қазақ қызының, қазақ әйелінің мұңы көбірек керек. Менің көтерген жүгім – өз жүгім, ақындық тағдырым.

Мен  өзімнің  ризамын  ғұмырыма,

Гүл  қададым  қызымның  бұрымына.

Қарапайым  жердегі  Ана  тапқан

Жолдас  болдым  қазақтың  бір  ұлына.

Ал қазіргі қазақ қыздары ойдағыдай махаббатқа жолығып, армандаған бақытын тауып жүр ме? Жүз той болса, сол жылы қырық жұп некені бұзып тынады. Бұл біздің ұлт үшін өте қауіпті. Ұлан-байтақ ұлы даланың келер ұрпағы әкесіз өсіп жатыр. Қоғам боп, ел боп, ақын боп, әкім боп ойланатын мәселелеріміздің бірі осы болса керек.

Ал менің қазан мен қаламды қосып ұстауым табиғат берген таланттың арқасы. Талантты күйттеп, отауымды бұзсам, не болғаным? Отауымды күйттеп, талантымды жылатсам, не болғаным? Қазақ қызына ата-бабадан келген намыс мені осы кезге дейін сүйеп келе жатыр.

– Ана туралы тебіренбеген ақын жоқ-ау, сірә. Поэзияңыздың алтын діңгегі де Ана. «Бір кездегі құндағыңа сыйған сәби, Үйіңе сыймай кетсем, кешір, Ана», «Көк тас та жып-жылы боп көрінді, Ана, Бетіне сенің бейнең салынғасын» деген жолдар біраз оқырман жүрегінде орын алған. Асқар Сүлейменовтың анасы – Айтоты, Әбіш Кекілбаевтың анасы –  Айсәуле, Қайрат Жұмағалиевтың анасы – Жаңылғаным, Иманғали Тасмағамбетовтың анасы – Ділдә әжелеріміз текті кісілер болған. Сіздің де арғы атаңыз – Әбубәкір Кердері жырау. Ал анаңыз кім еді?

– Мені өсірген әжем Қатира текті жердің қызы екені даусыз. Советтік дәуір сырын айтқызбады. Мен оны сәби болсам да, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, ұзатылғанда өзімен бірге келген мүлкінен ұқтым. Алтын зер, күміс тұрман, алты қанат ақ боз үй, ақ нарға жүк артып ұзатылып келгенін естігенмін. Революцияны көріп, соғысты көріп, аштықты көріп, 37-ге таянғанда осы облыс ішінде басқа ауданға жер ауыпты. Сондағы себеп – көне көйлектегі алтын түйме біреудің көзіне түсіпті. Менің анаммен екеуі күміс әшекейлерін көне қыстаудың орнына көміпті. Ал мені зерлі қамзолмен, күміс қапсырмамен мектепке жіберіп отырды.

Мен көрген Әбіштің анасы – Айсәуле әжеміздің сөз саптауы тура менің әжемнің сөйлемдеріне қатты ұқсайтын. Соны аңсап, Әбіштің үйіне Фариза екеуміз жиі баратынбыз. Міне, сен атаған аналардан мен әжемнің жалғасын көрдім. Өкінішке орай, қазір ондай әжелер біздің дәуірде болмай тұр. Әжемнің әр сөйлемі – мақал, әр мысалы өлең шумақтарынан тұрушы еді. Өз анам – сол кісінің тәрбиесін 16 жастан көрген келін. Сөзі аз, жинақты, ұқыпты, мендей емес, сабырлы, ұстамды ана еді. Көңілді кездері аз болса да, сызылтып ән салатын. Осы екі ұлы Ана менің сана-сезіміме,  жан дүниеме ән мен жырдың дәнін сепсе керек.

– Ақындық қасиет ананың сүтімен, әкенің қанымен дариды дейді. «Ақын мінезді болу керек» дегенді де құлағымыз шалған. Бұл жөнінде Қадыр Мырза Әли ағамыз да «Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған» деп түйіндеген. Сіз асау ақынсыз, осы мінезден қанша пайда көрдіңіз немесе зиян шектіңіз?

– Қай ғасырда ақын асаулықтан пайда тауып еді? Өз басына пәле тілеп алады емес пе?! Сырымды бала кезден оқыдық. Ұстазы басын нұқып көрсеткенде, Сырым шешен тілін көрсетеді ғой. «Ол не?» десе, «Басқа пәле – тілден» деп түсіндіреді. Мен де өлеңдерімде ойымды ашық айтқаннан пайда тапқан ештеңем жоқ. Қосылатын жиындарға қосылмай қалдым, шығатын сапарлардан сызылып қалдым. Көзім көрген шындықты тура айтуға үйренгенмін. Солай тәрбиелеген әкем Бақтыгерей, әжем Қатира.

Арқалап  туған  жердің  сағынышын,

Жүргем  жоқ  атақ  пен  даңқ  алу  үшін.

Бастық  та,  депутат  та  болғаным  жоқ

Халқыма  ақын  қыз  боп  қалу  үшін.

Бұл күнде осы айтып отырғанымның несі дұрыс? Депутат болсам, неге жаман? Бар шаруамды түгендер едім, үш баламды қалаған қызметтеріне орналастырар едім, тегін ұшып-қонып, әдемі үйлерде тұрар едім. 97 мың теңге зейнетақымды қай дәріме жұмсап, жарық пен газдың қайсысына төлесем деп басымды қатырмас едім. Міне, тіл мен мінезден тауып отырған пайдам қайсы? Бірақ өзімнің бағытымнан бұрылғаным жоқ. Қалай жаздым, солай өмір сүріп келемін.

Әділет  жолы  ауыр,  анық  жастан,

Ермедім  саясатқа  алып-қашқан.

Жайықтың  бір  бағытқа  ағатыны

Бойыма  мінез  болып  қалыптасқан.

Кезім  жоқ  бұлғаңдаған,  жылмаңдаған,

Жасырын  жүрегімде  сыр  қалмаған.

Қолында  билігі  бар  бәзбіреуге

Емеспін  мақала  да, жыр  да  арнаған.

– Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Әрбір қаламгер әдебиетке өзінің талантымен ғана емес, мінезімен де сіңісуі керек» деген қағидасын жастайымыздан жаттап өстік. Жайықтың бір бағытқа ағатыны бойыңызға мінез болып қалыптасыпты. Сол тура мінезден теперіш көрген  жеріңіз  бар  ма?

–  Әрине, сөйлейтін жерде сөз берілмеді, отыратын кезде төр берілмеді. «Қызыл дипломға» университет бітірген, кітабы шығып тұрған ақын қыздың Алматыдан жұмыс таппай, пана таппай жүруі сол тура сөйлейтін тілімнің кесірі екенін кейін сездім. Оны да анама жазған хаттардың ішіне сыйғыздым.

Қулар  мен  сұмдар  барын  үйретпепсің,

Сол үшін бүгін саған өкпеледім, –  деген жолдар сондайдан жазылған.

Ол  жақта  қалай,  апа,  гүлдер  көп  пе?

Күнәсін  кешіре алмай  жүрген  көп  пе?

Тіріде жалпылдайтын жылмақайлар

О жаққа барып әлі үлгермеп пе? –  деп о дүниеге хат жазамын. Басқа қолымнан не келеді? Ал өзімнің қолымнан жалпылдау келмей-ақ қойды. Толқынға қарсы ұшқан, өз жемін тауып жеп жүрген шағала құс сияқты мінезімнен бе екен, туған жерім «Ақ шағалам» деп отыр. Ендеше, турашылдығым абыройымды асқақтатқаны шығар деп білемін.

–  Бір ғұламаның сөзіне сүйене отырып, сіздің топшылауыңызша, «Бір дос дұрыс, екі дос көп, үш дос болуы мүмкін емес». Фариза апай туралы жан-жақты, жақсы кітап жазудасыз. Өмірде ол кісімен әпке-сіңлі болып үйлестіңіз. Бірде дос, бірде қаламдас, бірде замандас болдыңыз.  Қайсысы  жөн  еді?

– Иә, Фаризамен замандаспын, қаламдаспын. Ашығын айтсақ, екі әйелдің дос болуы – қиын шаруа. Оның үстіне, екеуінің де таланты болса… Сырттай қарағанда, ешкімнің де жауы жоқ қой. Ал сен үшін жанын қиятын, сен үшін отқа күйетін досты «менмін» деген өркеуде жігіттің өзі бұл өмірде таба қояр ма екен?! Әсіресе, қазіргі бәрі ақшаға сатылған заманда. Қолында билігі бардың досы көбін өз көзің де көріп отыр. Ол кезде де малы бардың досы көп. Өзің бәрің білетін сұрақты маған қойып, неге қинайсың? «Көпен үшін жанымды беремін» деп шығатын өзіңде бар ма дос?

Фариза екеуміздің объектіміз – поэзия, бір сала. Ол, әрине, бәрінен биік тұрғысы келді. Ол сөзсіз. Қай жарыста да қатар шапса да, біреу озуы керек. Біз де солай. Қаламдасым, замандасым ретінде қатты сыйлаймын. Ал достық жайлы әңгіме бөлек…

– Оқырмандардың пайымдауынша, «Ақын-жазушының құлағы қырық жыл бұрын туады. Ел естімегенді естиді, сезбегенді сезеді». Ақын Алла жаратқан айрықша  құбылыс  па?

– Әрине, жұрттың бәрі ақын емес қой. Ақын Құдайдың сүйген құлы болса керек. Біздің аузымызға сөз кейде өзіміздің еркімізден тыс түседі, кейде айтқанымыз келетіні бар. Ол менің өз басымда да кездесті. Мысал келтірсем, түсінбейтін біреулер мақтанып отыр дейтін шығар. Ол мысалдарды қоя тұрайын.

– Баяғы шайыр бабаларымыздың жырлары Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіндегідей көзге ұрып тұрады. Қазіргі поэзия «евроремонт» жобасымен тұрғызылған биік ғимарат сияқты. Сіздің кезеңдегі ақындардың арыны мен қазіргі жас ақындардың аяқ алысында  қандай  айырмашылық  бар?

– Менің замандастарым ашық сөйлеп, анық айтты. Әр сөз шық етіп жүрекке тиетіндей, мәрмәрдан құйылғандай, бұзылмайтын ұйқаспен айтты. Ол кезең жырының негізі ұлтымыз қалыптастырған қара өлеңге бағыт ұстайтын. Жас ақындар соны дамытып, ерекше дауыспен келіп көзге түсетін. Ал қазір еліктеуден туған жырлар жүрекке олай әсер етіп тұрған жоқ. Жан-жақтан келген формалар жаңалық қосамын деп, көнесінен айырылып қалған, қалыптаспаған зергерлер сияқты, әлі өз бағытын таппай жатыр. Ал шын таланттылары бәрібір бөлініп шығады. Оны оқырман да, әдебиетші қауым да жазбай  таниды,  құрметке  бөлейді.

– Қыз-келіншектердің жеңілмес қаруы не? Нәзіктік. Сіздің поэзияңыздан осы бір пайымыңызды оқыған Қадыр аға «Рас-ау, он адуын әйелдің алмаған қамалын бір ару, ақылды ару жеңіп алады» деп қостады. Айтайын дегенім не? Демографиялық мәліметке сүйенсек, қазіргі заманда жас жұбайлардың ажырасқандары көбейіп барады. Бұл нені аңғартады? Арулар бойындағы нәзіктіктің Арал суындай азайып бара жатқандығы ма?

– Зейнеткердің көзіне жас тұнып тұр,

Қатыгездік дегенің басқа ұрып тұр.

Балгер, бақсы көбейіп шала оқыған,

Аурудың түрі де асқынып тұр, – деп жырлауға мәжбүр болдым. Ақша билеген заманда қатыгездік көбейді. Ана ұлына қайдан болса да, ақша тапқан пысықты үлгі  етіп қойды. Қызына да «Өмір сүруді біл, анау сияқты ақшасы барға тұрмысқа шық» деп үйретті. Адалдық, пәктік, нәзіктік жайлы әңгіме айтылған жоқ. Кітап оқылмады, рухани тәрбие әлсіреді. Осыдан келіп, жар сыйлау, адал махаббат, нәзіктік екінші орынға жылжыды. Өзің көріп жүрген нәрсені одан әрі маған айтқызып қайтесің? Білесің ғой бәрін де.

– Немістің ұлы ақыны Гете бес рет министр болған. Патшаны мақтап, марапат өлең жазып қояды екен. Сондай бір оданы оқыған ұлы композитор Бетховен: «Мен сені ақындардың патшасы ма десем, сен патшалардың ақыны екенсің ғой», – деп қағытыпты. Оқырманға емес, бір адамға ұнау үшін сондай әрекетке барған кезіңіз болды ма?

– Иә, «Нұр Отанның» V сиезінде сөз сөйлеу керек болды. Өз ғұмырымда бірінші қатысқан сиезім. Елбасына арнап сөз сөйледім. Егемендіктің туын көтеру ол кісіге жазылған тағдыр екенін айттым. «Еркіндіктің туын сүйіп, адалдыққа ант бердіңіз  ғой» дедім. «Еркін елдің Тұңғыш Президенті болу сіздің тағдырыңызға жазылған» дедім. Бұл айтқаным өрескел өтірік немесе жағымпаздық дей алмаймын. «Сол елге адал қызмет жасай беруіңізге тілектеспін, ғұмырыңыз ұзақ болсын» дегенім рас. Өзіңе сонда сөз берсе, сен басқаша дер ме едің?

Шерханға, Әбішке, Мәриям Хәкімжановаға  өлең  арнағаным  рас.

– Қоғамның кеңірдегінен қысып, тұншықтырып жүрген, жазылуы қиын дерттің бірі – жағымпаздық. Мәймөңкелер асығын иіріп, алшы түсіріп жүргенін білеміз. Сатирик замандасыңыз Оспанхан Әубәкіровтің «Асылғазы басын қасып еді, қасындағы Қасымғазы да асыға басын қасыды» деген жатыпатар сөзі есімізде. Сіздің де, Ақұштап әпке, осы тақырыпқа оралған тұстарыңыз аз емес. Мысалы…

– Иә.

Сескенбей  тура  бидің  балтасынан,

Ұрының  жемтік  алып  қалтасынан,

Көкесі  төрде  отырған  талапкерді

Талант  деп,  қағып  қойдық  арқасынан.

Саудагер  тәлім  алмай  даналардан,

Малы  көп  надандар  да  дараланған.

Сол  кезде  секем  алып  ақын  жүрек,

Шырылдап,  жыр  торында  жараланған.

Ойшылдың  үміт  тұнып  қабағына,

Мұң  қатып  ақылдының  жанарына,

Күншілдік,  пендешілік  өткен  дейді

Абай  мен  Науаидің  заманында.

– «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» деп мәтелдеген бабалардың бай мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін зор олжа. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да бата қалдырған. Батаның аяғында:

«Иә, Алла, ағаш берсең, жемісті қып бергін,

Келін берсең, келісті қып бергін,

Ат берсең, шабысты ғып бергін.

Арғымақ бер, пырақ бер,

Жомарт болсаң,

осы айтқанымның бәрін

үйіп-төгіп, бір-ақ бер,

Әумин!» – деп түйіндеген.

Фариза апамыздың да батасы бар екен:

«Сезімнің  пәктігін  берсін,

Көңілдің  ақтығын  берсін,

Сәбидің  шаттығын  берсін,

Қыздың  қылығын  берсін,

Судың  тұнығын  берсін,

Асқар  таудың  паңдығын  берсін,

Бұлбұл құстың таңғы үнін берсін», – дейді.

Сіз ел-жұртыңыз бен ойлы оқырманыңызға қандай бата берер едіңіз?

– Менің  батам  былай болмақ:

Ақ  сөйлеп,  адал  күліңдер,

Шындықты  жақтап жүріңдер,

Сыйластық  сырын  біліңдер.

Жаманға  жағынбаңдар,

Жоқтыққа  тарылмаңдар,

Арманнан  арылмаңдар.

Өсекке  сенбеңдер,

Наданға  ермеңдер,

Әумин!

Сұхбаттасқан  Көпен ӘМІРБЕК,

Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері, Президент  сыйлығының  лауреаты

Қазақтың  ақын  әйелі А. Бақтыгерееваға

Жұмыс.

Үй.

Қонақ қамы, бала қамы,

Бәріне қажет әйел алақаны.

Арқаңда ауыр жүкке салмақ қосып,

Тағы да мазасыз бір таң атады.

Тағдырдың құйынында дөңгелене,

Қос жүкті арқалайсың өрге неге?

Білмеймін, еркекпен тең түсемісің,

Еркектер кейде өзіңе тең келе ме?

Үй толы ағайынның тауып бабын,

Келгенде жайғастырып болып бәрін

Өз үйің өзің үшін тарлау соғып,

Шеткірек бір бұрышта қалыпты орын.

Шаршадың,

Тыныштық жоқ ертеден бір,

Түзейсің ашқан сәби көрпелерін.

Ауғанда түн ортасы

Асүй жақта

Туады өзегіңді өртеген жыр.

Шамы ұзақ сол бөлменің жанатындай,

Ақ қалам ақ көгершін қанатындай.

Ақ қағаз көңіліңе сәуле шашып,

Тазарып жаның бір сәт қалатындай.

Асүйді отырасың бөлме көріп,

Ұйқыға асау өлең бермей ерік,

Жыр-бесік тербеткенде көз алдыңа

Келеді туған далаң дөңгеленіп.

Шарлайсың, іздеп одан өткен күнді,

Көңілің күтіп жүрген көктеміңді.

Өзің де қиял құсы қанатымен

Сезбейсің қайда самғап кеткеніңді.

Кезесің жастық өткен жолдың бәрін,

Тыңдайсың махаббаттың мөлдір әнін.

Ол сенің жүрегіңді жұлмалайды

Алыс бір әуені боп домбыраның.

Көлбейді көз алдыңда далаң сонда,

Кең әлем тар көрінер саған сонда.

Себебі төрт қабырға қоршап тұрған,

Арқаңда – әйел жүгі, бала қолда.

Сонда да солдырмайсың үміт гүлін,

Сен үшін, мүмкін, бекер күдіктімін.

Сән сарай, кең дала ма – шын бақыттың

Тұрағы қайда екенін біліпті кім?!

Бақыттың ұғымы жоқ толық әлі,

Белгісіз оның келер жолы-дағы.

Ол бізге

Сезім,

Тағдыр,

Сағыныш боп

Шабыттың жалынында жолығады.

Татьяна  КУЗОВЛЕВА

Ақұштапқа

Қанатыңды жайдың ба,

Көтеріліп бақ туы?

Тербетілген айдында

Ақ Жайықтың аққуы.

Тіршіліктің жемісін

Теру үшін тер төккен.

Артық сенің көп ісің

Анау-мынау еркектен.

Тисе біреу «жыныңа»,

Бір шайқасу серт болған.

Шыдай алмай сыныңа,

Ақырында мерт болған.

Екі иығын жаншып мұң,

Жатса-дағы езілмей,

Майдандағы Мәншүктің

Тірі қалған көзіндей.

Ер Төлеген – сырласы,

Аққу болсаң, жай қанат!

Сағыныштың бір жасы

Жанарыңнан тайғанап.

Қиял құсын ұшырып,

Атың елге таралған,

Сымбатың мен мүсінің

Сұлулықтан жаралған.

Өзіне-өзі серт беріп,

Уәдеден таймаған.

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Халық қамын ойлаған.

Осылай да осылай –

Бір адамсың ғажайып.

Ағыл-тегіл тасымай

Қалған жылы Ақ Жайық.

Ұшып келіп алқына

Сонау алыс ту шеттен,

Қарлығаштай халқына

Қанатымен су сепкен!

Сермеледі әзілің

Семсеріндей серінің.

Гүлден бетер нәзігім,

Тастан бетер берігім.

Халқың үшін азапқа

Түскен болсаң,

Қажыма!

Сендей қыздың қазақта

Қиналамын азына.

Серік  ТҰРҒЫНБЕКОВ

Ақұштап  апам

Ақпа-төк сезім Абылдың ағыстарынан,

Құрманғазы күйінің қағыстарынан

Қанаты талмас жырларға қалам ұштаған

Аймаңдай ақын, ару ана, Ақұштап апам.

Ақиқат анық – бір сәуле ғарыштан саған

Жаныңа жыр боп құйылды, Ақұштап апам.

Ақұштап апам өлеңнің аққуы емес пе,

Қыздардың жасын сүртем деп Жайықтан ұшқан.

Өнер мен елді жалғауға алыстап қалған,

Оралға қайта оралды Ақұштап апам.

Тәбәрік болып кешегі Махамбеттерден

Найзаның ұшы секілді намыстан қалған.

Арманын жалған мансапқа бағыштамаған,

Сендей қыз тапқан мынау жұрт – данышпан данам.

Атадан  туып,  анадан  адал  сүт  еміп,

Алаштың  қызы  атандың, Ақұштап апам.

Айта алмай қалса ақ сөзді, ары қыстаған.

Алдаспан мінез, айналдым, Ақұштап апам!

…Басыңа  тәжі  кигіздім  өлеңнен  өріп,

Жан ұстамаған қолына, хан ұстамаған.

Маралтай  РАЙЫМБЕКҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар