19.09.2019, 21:20
Қараулар: 435
«Келіндер сиыр саумайды…» деп қашанғы күмілжиміз?..

«Келіндер сиыр саумайды…» деп қашанғы күмілжиміз?..

«Nur Otan» партиясының  кеңейтілген отырысында «Екі сиыр  сатып  ал да, өзіңді асыра» деп  Елбасының айтқаны қоғамда қызу талқылауға түсуде. Біреулер мақтаса, біреулер сан-саққа жүгіртуде. Осы сөздің астарын ойлап көргендер  аз секілді. Халық арасында «Екі сиыр айран» деген мақалдың мағынасы ауысып, «Екі сиыр ойран» деп айтылып жүр. Байбалам салып жүргендердің пікірі дұрыс па?

Eгемендік алған жылдарға сәл шегінейік. Өзімнің балалық шағым Кеңес өкіметі тарап, тоқырау орын алған тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау кезеңімен тұспа-тұс келді. Кезіндегі миллионер ұжымшарлар (колхоздар), шаруасы  дүрілдеген  кеңшарлар (совхоздар) тарап жатқан уақытта ата-анамыздың айлап, жылдап жалақы ала алмай немесе жұмыс таба алмай сандалғаны көз алдымызда. Тіптен шайға салатын қантты айтпағанда, нан болмаған күндер артта қалды. Бұл сөзімді менің замандастарым өтірікке шығара алмас. Бірақ сол уақытта бізді сақтап қалған осы зеңгібаба түлігі  емес пе еді?!  Екі сиырымызды сауып, табиғи таза ет, қаймақ-майымыз бен құрт-ірімшігімізді жеп, айран-көжемізді ішіп жанымызды сақтағанымызды қалай ұмытуға болады? «Қара сиырым қарап тұр, қызыл сиырым жалап тұр» демекші, қазанымыз оттан түскен емес. Сонау 1932 жылдағы аштықтың иісі мұрнымызға да барған жоқ. Қазақ халқы сол заманда неге қырылды? «Қылышынан қан тамған» қызыл империя қазақтың алдындағы бар малын сыпырып алған еді. Ал біздің уақыт ше? Жарқыратып мінетін көлік пен бүгінгідей киетін киім болмаса да, алдымызда сауатын екі сиырымыз бен азды-көпті ұсақ малымыз болды. Осыған «тәубе» деп күнімізді көрдік.  Сол  кезді  қалай  ұмытамыз?

Иә, бұл кезеңді де басымыздан өткеріп, жаңа дамыған 50 елдің қатарында «Қазақстан» деген асқақ атымыз бен өзгелермен терезесі тең затымыз бар, қуатты  мемлекетке айналдық.

Бүгінде қолда бар малдың саны көбейіп, сапасы артып келеді. Ауыл шаруашылығы саласы ел  экономикасының күретамыр саласына  айналуда. Шетелдерге де ет шығаруды қолға алдық.

Әттең, бір өкініштісі, сол қолда бар екі сиырымыздың сүтін сауып сатпақ түгілі, өзіміз шайға қатудан қалдық. Аудан орталығын айтпағанда, ауылдағы халық сиырды саумайтын болды. Дүкендерде сыртында сиырдың суреті бар, шыққан тегі белгісіз, қаңылтыр немесе қағаз қораптағы жасанды сүттер толып-ақ тұр. Кейбірі бейнеттеніп сиыр сауғаннан, қаңылтыр құтыдағы сүтті сатып алып, шайға қатқанды жөн көреді.

Енді бірі «Сиыр сауған бұл заманнан қалған» деген сылтауларын алға тартатыны тағы бар. Жақында бір шаруашылыққа жұмыс бабымен жол түсті. Шаруасы шалқыған шаруашылықта төрт түліктің бәрі түгел. Келген шаруамызды бітіргеннен кейін қожайынның қонақжайлығын көріп, дастарқаннан дәм таттық. Дастарқан басында  қаймақ пен майдың орнына қойылған маргариннен жеп, сүті жоқ қара шай іштік. Үй иесінен сұрағанымызда ол,  –  Мал сауатын ешкім жоқ, әйтпесе сүтін сауып, қаймақ-майын жинаған адамның қолын қақпаймын ғой, – деген уәжін білдірді. Расымен, қазіргі күнде қожалықтар мал бағатын шопан мен сиыр сауатын сауыншы таба алмайтыны жасырын емес. Бұл жалқаулық па, әлде немқұрайлық па? Ойланып көріңізші, біз неден ұттық,  неден  ұтылдық?

Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен қолдағы малды кәдесіне жарата алмай отырғандар қаншама?  Бар малын керегіне жаратып, пұл  жасап отырғандары да жоқ емес. Солардың қатарында аудан орталығына таяу орналасқан Бозоба ауылының тұрғындары. Бозобалықтар мал бағып, өз күндерін көріп отырған, сүттей ұйыған шағын ғана елді мекен. Бозобадағы әрбір отбасы сиырларын сауып, артылған сүт өнімдерімен аудан орталығының халқын қамтамасыз етіп келеді. Орталықтағы тұрғындардың 70 пайызы қолда мал ұстамайтын болғандықтан, сүт өнімдерін сатып алады. Сатып әкелінген қаймақ пен майдың «төркінін» сұрасаңыз: –  Бозобаның өнімі, –  деген жауап аласыз. Сол ауылда тұратын бір туысқанымыз ерінбей сиырын сауып, сүт, қаймақ, май, ірімшік, құртын сатқан бір отбасыға айына 100 000 теңге кіріс кіретінін мақтанышпен айтады. Бозобалық ағайынның еңбегінің зейнетін көріп отырғандығы  өзгелерге  үлгі  боларлықтай.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, екі сиыр асырап, пайдасын көрдік дейік. Екі сиырдың қысқы жем-шөбі бар емес пе?» – деген сауал көңіліңізді алаңдатады. Бүгінде бір бума шөптің құны орташа есеппен 4000 теңгені құраса, жемнің бір қабы 2500 теңге болады. Бір сиырға қыста  10 бума шөп, 4 қап жем қажет. Сонда бір сиырдың қыстық мал азығы 50000 теңгеге шығады. Ал екі сиырға 100 000 теңге қажет. Қарасаңыз қып-қызыл ақша. Мұны қайдан аламыз? Бұған жауап ретінде бозобалық ағайынның сүт өнімдерін сататын бағасын алдарыңызға жайып берейін. Қыста туатыны бар, жаз мезгілінде екі

сиырдан орташа есеппен күніне 10 литр сүт сауылады. Сүтті сиырлардан одан да көп ақ ырыздық алынады. Ауданымыздың нарығында табиғи сүттің 1 литрі – 250 теңге, айран 1,5 литр – 300 теңге, қаймақ 1 литр – 2000 теңге, май 1 келі – 3500 (қызғалдақ майы 1 келі – 4000 теңге), ірімшік 1 келі – 600 теңге, майқұрт 1 келі – 1200 теңге болса, құрттың бір данасы 50 теңгеден сатылады. Қара есеппен ойлап қарасақ, мал азығы мен ішіп-жегенімізден қалғанын біраз ақша жасауға жарап қалатыны  анық.

Сөзімізді қорытындыласақ, Елбасымыздың айтқан сөзінің жаны бар. Үкіметке қол жая бермей, атакәсібімізді дамытып, төрт түлік малды өсіру қажеттілігі туындап отыр. Қазақтың басты байлығы атам заманнан бері  төрт  түлік  емес  пе  еді?!

Қайрат  ЖАҚЫП,

Қазталов  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар