19.09.2019, 21:19
Қараулар: 294
Игерілмеген жерлер үлкен шығын әкелуде

Игерілмеген жерлер үлкен шығын әкелуде

Сәрсенбі  күні  облыс  әкімдігінде  өңір  басшысы  Ғали  Есқалиевтің  төрағалығымен  ауыл  шаруашылығы  мақсатындағы   жерлерді  тиімді  пайдалану  барысын  талқылаған  жиын  өтті.

Аталған басқосудың күн тәртібінде Бәйтерек ауданы аумағындағы мақсатсыз пайдаланылған жерлерді анықтау, оны мемлекет меншігіне қайтарып, конкурс арқылы қолынан іс келетін шаруаларға беру бағытындағы атқарылған жұмыстар мен жоспарлар  талқыланды.

– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесінің өте өзекті болып тұрғанына баса назар аударған еді.

Соңғы екі жыл ішінде біздің өңірдегі жергілікті атқарушы құрылымдар облыстық прокуратурамен бірлесіп 1805 жер теліміндегі  1,5 мың гектарға жуық мақсатты пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтаған болатын. Белгілі болған жер телімдерінің кадастрлық құны 11 млрд. теңгеге жуық. Бұл тек анықталғаны ғана. Бізге беймәлім, игерілмей жатқан бос жерлер де жетерлік. Кеңес заманында біздің облыстағы егістік жерлердің жалпы ауданы 1,5 миллион гектарға жуық болғаны аға буынның есінде шығар. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш тек 542 мың гектарды  құрап отыр. Яғни  егістік жерлердің көлемі үш есеге жуық кеміген. Бүгінде шаруалар меншігіндегі жерден айырылып қалмаудың неше түрлі амалын ойлап тапқан. Бірі жалған статистикалық мәлімет берсе, екіншісі, меншігіндегі алқаптың айналасына ғана егін егіп, ортасын бос қалдыруды да әдетке айналдырған. Тіпті  өз беделімен қысым көрсететіндер де кездеседі екен.

Бұл жалған деректерді болдырмау үшін геоақпаратты жүйе орнатуды да қолға алудамыз. Аталған жүйе толыққанды іске қосылған жағдайда жерді мақсатсыз пайдаланушылардың қолданатын амалдары толықтай әшкереленетін болады, – деді облыс әкімі.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанованың айтуынша, біздің өңірдің жалпы жер көлемі 15 миллионнан астам гектарды құрайды. Оның 7 миллион гектарға жуығы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады екен.

2012-2019 жылдар аралығында жергілікті атқарушы құрылымдардың жүргізген тексерісі нәтижесінде 1 миллион 532 мың гектар жердің мақсатты пайдаланылмайтындығы анықталған. Аталған жер көлемінің 1,2 миллионға жуығы немесе 73%-ы мемлекет меншігіне қайтарылған. Қалған 300 мың гектардан астам жерді иелері қайта пайдаға асыра бастаған. Мемлекет меншігіне қайтарылған жер көлемінің 715 мың гектары тиімді пайдалану үшін басқа шаруаларға беріліп, айналымға енгізілген болса, 407 мың гектар жер өз иелерін күтуде.

– Бәйтерек ауданы бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді жаңа иелеріне беру үшін өткен жылы екі конкурс өткізілді. Конкурсқа 3,8 мың гектарды құрайтын 14 жер телімі шығарылды. Биыл да бір конкурс өткізілген болса, екіншісі дайындық үстінде. Өткізілген бірінші конкурсқа 5,7 мың гектарды құрайтын 14 жер телімі шығарылды.  Нәтижесінде жер көлемін ұлғайтуға ниетті бес шаруа өздері тапсырыс берген жер телімдеріне қол жеткізді. Екінші байқаудың құжаттары дайындалып, қазан немесе қараша айларында өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ ауданның берген есебінде жұмыс жасайтын шаруашылық қатарында тіркелгенімен, жерді белгіленген мақсатта пайдаланбай отырған кәсіп иелері де бар. Олардың қатарынан бәйтеректік «Насым» және «Турсын и К» шаруа қожалықтарын атар едім, – деді Әлия Биғазықызы.

Жиында аттары аталған, өз меншігіндегі жерді тиімсіз пайдаланған шаруалар орындарынан тұрғызылып, олардан нақты себептер сұралды.

Өзекті мәселеге арналған басқосуды қорытындылаған облыс басшысы жергілікті атқарушы құрылымдарға бұл мәселені қатаң бақылауда ұстап, ай сайын есеп беріп отыру керектігін айтты.

– Жүргізілген тексерістің нәтижесінде бір ғана Бәйтерек ауданынан игерусіз жатқан 18 мың гектар жерді анықтадық. Біздің өңір шаруалары әр гектар егістіктен орташа есеппен бір тонна өнім алады. Егілетін дақылдың түріне қарай әр тоннасының бағасы да әр түрлі. Бидайдың тоннасы 60-65 мың теңге  шамасында болса, күнбағыстың тоннасы бүгінде 100-110 мың теңгені құрайды. Жоғарыда айтылған бос жатқан жердің әр гектарынан орташа есеппен 80 мың теңге пайда түседі деп есептегеннің өзінде біз жыл сайын 1,5 миллиард теңгенің өнімін жоғалтып отыр екенбіз. Сол жерлерді мақсатты пайдаланған болсақ, қаншама жұмыс орындары ашылып, шаруалар да, аудан-ауылдар тұрғындары да пайдаға кенелген  болар еді. Жерді меншігіне алып, оны не өзі кәдесіне жаратпай, не басқаға бермей отырған шаруалар біздерге осындай  зияндарын тигізіп отыр. Сондықтан аудан әкімдеріне сол шаруалармен тығыз жұмыс жасауды тапсырамын. Қажет болса, жерді текке иеленіп отырғандардың тізімін бұқаралық ақпарат құралдарына жариялап, құзырлы құрылымдарға шағым түсіреміз. Соған  байланысты  бұл  мәселеге  жіті  назар  аудару керек, – деді Ғали Есқалиев.

Нұрбек    ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар