19.09.2019, 21:10
Қараулар: 812
Биіктікті бағындырған қос бөкейлік

Биіктікті бағындырған қос бөкейлік

Қыркүйектің 5-і күні қос бірдей бөкейлік азамат Нәдір мен Нұрлыбек Құрымбаевтар Еуропа мен Ресейдің ең биік нүктесі – Кавказдағы Эльбрус стратожанартауын бағындырды. Теңіз деңгейінен 5642 метр биіктікке шығуға кез келгеннің жүрегі дауаламасы анық. «Мықтымын» дегендердің өзінің батылдығын, білек күшін, жігерін сынайтын әйгілі Эльбрусты бағындырған санаулылар қатарында қос бөкейліктің есімі алтын әріппен жазылды. Тұңғыштардың мекені саналатын Бөкей құмының қалың тарихына жаңа бір есім – тұңғыш альпинистер есімі жазылды десек, артық айтып, асыра сілтегеніміз болмас.

Отызында топ жарып, кәсібін дөңгеленткен, 35 жасында шың бағындырған Нәдір Құрымбаев бұл жолғы жеңісін тұрақты оқитын журналы – «National Geoqraphic  Qazaqstan»-ға арнапты. Жүгіруден Мәскеуде өткен жартылай марафонда топты шаң қаптырып, оза шапқан желаяқ Нәдіріміз велоспортты да жанына серік еткен. Оның бауыры Нұрлыбектің де желаяқтығы ағасына жетеғабыл. Ол – «Сенің бүгінгі ісің – ертеңгі күнгі жеңісіңнің кепілі» деген ұстанымды ту етіп, кітапты азық, спортты серік қылған жанның бірі.

Ендігі сөзді Нәдір бауырымыздың таудағы тірлігінің жазбасы жалғастырсын.

Альпинист   күнделігі

Құрамында 23 адам бар «Uralsk Runners» командасымен Еуропаның ең биік нүктесінде орналасқан Эльбрусты бағындыру үшін жолға шықтық. Бізді алда төзім мен шыдамды, сабырлылықты сынға салатын 3000 шақырым тосады.  Бес аутокөлікпен Орал – Балаков – Саратов – Волгоград бағытында жолға шықтық. Бұл жол Озинки – Саратов бағытындағы жолмен салыстырғанда, біршама жақсы. Біз Волгоградқа келіп, ат басын тіредік. Осында аяқ суытып, түнеп шығып, таңертең Эльбрус етегіндегі Теріскөл ауылын бағытқа алмақпыз.

Екінші күн. Ұясынан енді көтерілген күнмен жарысып, таңғы сағат 4-те тұрып, таң сәремізді ішіп, таңғы бесте «атқа» міндік. Жолшыбай Элиста, Минералды су, Пятигорск, Ессентукиді басып өттік. Жалпы, жол жаман болмады. Жол-полиция стансалары көп екен, әр бекет сайын жанармай құю стансаларымен салынған. Бізді де тоқтатып, құжаттарымызды тексерді. Құжаттарымызда еш қателік болмаған соң еш кедергі жасаған жоқ.  Эльбруске түн ортасында жеттік.

Инструкторлар шыңға өрмелеу қауіпсіздігі бойынша брифинг өткізіп, үш топқа бөлді. Біздің топ «Медведь» деп аталды. Ертең 3100 метрге биіктікке шығамыз. Бұл альпинистер тілінде «акклиматизациялық шығу» деп аталады. Түсінікті тілмен айтсақ, ағзамызды жаңа климатқа, ахуалға бейімдеу дегенді білдіреді.

Үшінші күн. Таңғы сағат 06.30-да тұрып, жаттығу жасап, ауқаттанып, Чегет тауына бет алдық. Жолға шықпас бұрын тауға өрмелеуге қажет құрал-саймандарды жалға алдық. Жергілікті дүкендер қонақтарының сұранысын әбден меңгеріп алған екен. Не сұрасаң да, табыла кетеді. Құрал-саймандарды бір күнге жалға алудың орташа құны – 100 рубльдің шамасында.

Осыншама биіктікке шығуға алғаш талпынған мен үшін жоғарыға өрмелеу қиын көрінді. Алғашында биік шың, кедергі келтіретін тастар өрмелеуге еш мүмкіндік бермейтіндей болған. Телескопиялық таяқ пен командалық әрекет менің бұл қорқынышымды жуып-шайып жіберді. Неғұрлым биіктеген сайын маған енді төмен түсу аса қиын көрінгендей. Жүгіруді серік еткенімнің мол пайдасы тиді. Алқынбастан, әрекетке бастым. Орташа тамыр соғысы – 120.

2800 метр шамасында алғашқы ұзақ мерзімді демалыс болды. «Пирожковая» кафесіне дамылдап, ыстық шай мен итбүлдіргеннен жасалған бәлішпен ауқаттандық. Эльбрусқа шығып тұрып, «Пирожки» кафесіне бармау дегенің Парижге барып тұрып, Эйфель мұнарасына бармаумен тең екен. Шайдың құны 50 рубль болса, бәлішің – 100 рубль. Бағалары салыстырмалы түрде көңілге қонымды. Бұдан әрі 3100 метрге шығып, үзіліс жасадық. Тынығып алғаннан кейін төмен түстік. Бар салмақ аяққа түскесін бе, төмен түсу қиындау екен.

Ертең акклиматизациялық шығудың екінші күні. «Гитлер шыңы» деп аталатын 3500 метрді бағындыруымыз керек.

Бүгінгі 3500 метрге көтерілу кешегіге қарағанда, жеңілдеу болды. Азды-көпті тәжірибе жинадық, бой үйреттік дегендей. Жүгіру мен велосипед тепкеннің пайдасын көрдім. 26 шақырымды бағындырдық. Бұл жазықтағы 52 шақырымды жүріп өткенмен бірдей екен. Ауа райы тамаша болды. Самал жел, шайдай ашық аспан, күлімдеген күн – құдды бір ауа райына тапсырыс бергендейміз. Көтерілуіміз де, төмен түсуіміз де жеңіл болды. Үш рет үзіліс жасап, шай, шоколадпен асқазанды «алдағандай» болдық.

Гитлер шыңын 1942 жылдың 21 тамызында неміс тауға өрмелеушісі Гротт бағындырып, туын тіккен екен. Кейін кеңестік альпинистер Гротт туын түсіріпті. Жолшыбай «Девичья коса» сарқырамасын тамашаладық. Әсері сөзбен айтып жеткізгісіз.

Ертең – бізді Эльбрус шыңын бағындыру күтіп тұр. 3800 және 4200 метр биіктікке шығып, мұз қойнауында түнеп, үш күнімізді  басты меже – Эльбрус шыңына арнауымыз керек. Инструктор не жағдайға да сақадай сай болуымыз керектігін, ол тосын жағдайдың тағдырды сынға салған сындарлы кезең болуы мүмкіндігін де айтты. «Тәуекел түбі – желқайық, Өтерсің де шығарсың, Алла жар!» деп өзімді-өзім қайраттандырып, сенімімді жаныдым десем болады. Дайындығымызды қайтара бір пысықтап, ұйқыға бас қойдық.

Бесінші күн. Эльбрус. Меже – 3800 метр. Бүгін таң атысымен, қажетті құрал-сайманды жалға алып, 2100 метр межесіндегі базалық лагерьді артқа тастап, Эльбрусты бетке алдық. Біз келгелі бірінші рет жаңбыр жауды. Межелі жерге жеткенше үсті-басымыз, заттарымыз малмандай су болды. Енді соны кептіріп отырмыз.  Ауа температурасы – 2ºС. Жаңбыр соңы  қарға ұласты. Ертең 4800 метр биіктегі Пастухов құзын бағындырмақпыз.  Бағындыру әрекетіміз 10 сағатқа созылады дейді.

Алтыншы күн. Эльбрус. 4800 метр.

Пастухов құзы. Бүгінгі күн туған күніммен құттықтаудан басталды. «Uralsk Runners» командасы папаха мен Эльбрус бас киімін сыйлады. Басқа басқа, туған күнді биіктікте, Эльбруста қарсы алудың өзі бір ғанибет екен.

Өткен күндермен салыстырғанда, бүгінгі жорығымыз сәл ерекшелеу, бағытымыз мұздық жерлерден өтеді. Жалпылай ал-ғанда, жорығымыз аса қиын болмады. Бірақ ауа жетіспеушілігі анық байқалды. Басымыз ауыра бастады. Айтпақшы, тобымыз екі адамға қысқарды. Бірінің биіктікке шығуына гаймориті кедергі болса, енді бірі кешегі 5642 метр межесіне жеткеннен кейін сапарын доғарды.

3800 метр межесінде қар кешуге бейім шаналар (снегоход) мен ратрактар қызметі ұсынылды. Жалға алу құны – 5000 рубль. Осы шаналармен зу етіп, биіктен бір көрінуге әбден болады екен. Қауіптілігі жоқ емес, гипоксия қаупі зор болады дейді инструкторымыз. Яки, ауа жетпей, тұншығып өліп кетуің әбден мүмкін.

Бұйыртса, ертең күні бойы биікке өрмелеп, түн түсе меже еткен 5642 метрдегі басты шыңды бағындырамыз. «Е, Алла, діттеген мақсатыма жетуіме күш-жігер  мен тамаша ауа райын нәсіп ете гөр!» деген тілекпен ұйқыға кеттік.

Жетінші күн.  Эльбрус.

Біз бүгін 5642 метр биіктіктегі Эльбрус шыңына шықпақпыз. Бағыт шамамен 12 сағат биікке өрмелеу, 5 сағат төмен түсуден, жалпы алғанда, 17 сағатты қамтымақ. Ауа температурасы – 20 градус.  Бұйыртса, сағат 23.00-де шыңға шығуымыз керек. Күні бойы топтың барлық мүшесі ерекше толқыныс үстінде. Бар күш-қайратын бойға жинап, ширақ қимылдауға қам жасамақ. Бүгін төрт бірдей серігіміз  шыңды бетке алған сапарларынан бас тартып, келген жерлерінен кері қайтуға бел шешті. Сонымен о бастағы 29 адамнан 16-ымыз қалдық. Алла жар деп алға аяңдадық.

Сегізінші күн.  Эльбрусты  бағындыру.

Сағат 23.00-де базалық лагерьден шығып, Эльбрусқа қарай аяңдадық. Таудың батыс биігіне таңертеңгі 09.30-да табан тіредік. Шыңды бағындыруымыз аса қиын болды.  Түнгі салқындық, ауаның жетіспеушілігі, тау жолының қиындығы дегендей. Бірақ сапарымыздың сәтті аяқталғаны, межені бағындырғанымыз шаршағанымызды ұмыттырып, ерекше қуаныш сыйлады, ерекше жігер берді. Жеңістің дәмі соншама тәтті болар ма?!

Ұлпан   ӘНУАРҚЫЗЫ,

Бөкей  ордасы  ауданы

(Материалға негіз ретінде Нәдір Құрымбаевтың жеке жазбасы қолданылды)

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар