19.09.2019, 21:08
Қараулар: 340
Тағылымды фильмді қалт жібермейік

Тағылымды фильмді қалт жібермейік

Өткен аптада «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы «Галактика» кинотеатрына барып, «Бір түп алма ағашы» фильмін тамашалады. Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» психологиялық  драмасы  негізінде түсірілген фильм көрерменге ой салады. Мүгедек ұлы мен ауылда қалған ананың тауқыметі, қалада тұратын ұл-қыздарының мейірімсіздігі – кинотуындының негізгі өзегі. Кинорежиссерлер Марат Телеуов пен Азамат Айнақұловтың айтуынша, бір түп алма ағашы өскен кино алаңын табу да оңай болмаған.

– Әлбетте кино түсіру үшін көп қаражат керек. Біз әлі күнге дейін  маңыздылығын жоймаған «Бір түп алма ағашы» туындысынан көркем фильм түсіріп, көрерменге ұсындық.  Әу бастан кино түсіріп, ақша табайық деген мақсат қойған жоқпыз. Негізгі мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды насихаттау. Фильм Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарасты Әлия ауылында түсірілді. Ақтөбелік көрермендермен бірге бірнеше рет осы фильмді тамашаладым. Кино біткен соң көрерменнің көпшілігі «Анама хабарластым» деп айтып жатты. Бұл біз үшін аса маңызды, – дейді фильмнің қоюшы режиссері Марат Телеуов.

Бір өкініштісі, оралдықтар қазақ тілінде түсірілген фильмдерге өте аз барады екен. Өткен айдың аяғында фильмнің тұсаукесерінде тек екі-ақ адам болғанымызды жазғанбыз. Осыдан кейін облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясы  басшылығының бастамасымен  «Жайық Пресс» медиахолдингі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, «AQJAIYQ» телеарнасының ұжымы және өзге де 50-60 көрермен жиналып, отандық кинотуындыға қолдау көрсетті.

Нұрғали ЖОЛДАСҚАЛИЕВ,  «Nur Otan»  партиясы  облыстық  филиалы, «Jas Otan»  жастар  қанатының  төрағасы:

– Біз бұл фильмді әріптестерімізбен бірге барып көрдік. Театр актерлары ойнағаннан кейін импровизация жағына көп көңіл бөлінгені байқалады. Өз тарапымыздан осындай кинофильмдердің көп болғанын қалаймыз. Фильмдегі әлеуметтік мәселе қоғамда кездесетіні ащы шындық. Бұл фильмнің көрерменге  жол тартқандағы мақсаты – әр отбасындағы аға мен іні, апа мен сіңлі жалпы бауырлар арасындағы қарым-қатынасты нығайту деп есептеймін. Тума-туыс арасындағы сыйластық, береке-бірлікті үлгі ету қажеттігін ұғындырған ақтөбелік әріптестерімізге алғысымыз шексіз.

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ, «AQJAIYQ»   телеарнасының  редакторы:

– Жалпы, фильмде актерлардың өз рөлін шынайы, шебер ойнағаны ұнады. Бауырлардың бір-біріне өшпенділігі тек қазақ отбасында емес, барлық ұлттың отбасыларында кездесіп жатады. Бұл қоғамдық, әлеуметтік үлкен мәселе болғандықтан, фильмнің тәрбиелік мәні зор. Тек бәрінің алма ағаштың түбінде жиналып ойнағандары бір қарағанда спектакльге ұқсап кетеді. Мәселен, үлкен ағасы мұңын ақтарып салатын жерде, оның күнделікті өмірін, әйелінің қыдырып жүргенін, ұлының алыс ауылда екендігін үзіп алып көрсетсе, шынайы шығар ма еді деп ойладым. Сюжет желісі таныс, көрерменге ой салатын дүние. Осы фильмді мектеп жасындағы балаларға көрсетсе, олар бауырмалдықтың не екенін, бауырлардың бір-біріне қамқор болу қажеттігін жастайынан санасына түйіп алар еді деп ойлаймын.

Айгүл АХМЕТОВА, «Жайық Пресс»  ақпарат  агенттігінің  тілшісі:

–  «Бір түп алма ағашын» бұрын театрдан бірнеше рет көрдім. Жалпы, бұл  туынды жастарды ананы қадірлей білуге, бауырларды бір-біріне қамқор, жанашыр болуға тәрбиелейді. Сондықтан да жастар жағы осы фильмді қарауға көбірек барғаны дұрыс. Бала кездерінде бір отбасында тату-тәтті өсіп, бір құртты бөліп жеген бауырлардың, өз алдына отау тігіп, жан-жаққа кеткен соң бір-бірінен суынып кететін жағдайлар күнделікті өмірде жиі кездеседі. Сондықтан да фильмнің көтерген жүгі ауыр. Киноға келген әр көрермен «Анамның қалы қалай екен? Бауырларым не істеп жүр?» деп кішкене болса да ой түйіп шығары анық. Жалпы, фильм ұнады.

Нина ПАВЛЫЧЕВА, облыстық  радионың  редакторы:

– Бұл кинофильмді тамашалауға «AQJAIYQ» арнасында қызмет істейтін  әріптестеріммен бірге бардым. Жалпы алғанда, біздің елімізде комедияларды ғана емес, күрделі жанрдағы фильмдерді, оның ішінде драмаларды да көрсете бастағаны қуантады. Әрине, тарихи маңызы бар фильмдер аз емес, бірақ өкінішке орай, оларды жиі көрсетпейді. «Бір түп алма ағашы» көркем фильмі жақсы әсер сыйлады. Маған арбаға таңылған жанның рөлін сомдаған Бекжан Хайроллинің ойнағаны ұнады. Соның арқасында фильм сезімталдық (эмоционалды) сипатқа ие болған. Киноиндустрия Қазақстанда жаңа дамып келе жатқан  сала болғандықтан, көрермен ретінде тілек-ұсыныстарымыз да жоқ емес. Психологиялық драмадан көркем фильм түсіру  оңай емес. Дегенмен, кинотеатрда көрерменнің локация, эфект, әуендерге қатты мән беретіні ескерілсе деп ойлаймын. Фильм режиссерлері ой түюге тұрарлық адами құндылықтар туралы жеткізгісі келгені байқалады. «Бір түп алма ағашы» көркем фильмі ағылшын тіліне аударылып жатқаны туралы естігенмін, бұл жақсы бастама. Сәттілік тілеймін!

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар