16.09.2019, 22:25
Қараулар: 308
Қазанның ортасына дейін ыстық су жоқ…

Қазанның ортасына дейін ыстық су жоқ…

«Nur Otan»  партиясы  саяси  кеңесінің  кеңейтілген  отырысында  еліміздегі  университеттер жатақханасына  студенттерді  орналастыруда  кедергілер жасалатыны,  осы  мәселені  шешуге байланысты  қоғамдық  бақылауды  жолға  қою  жөнінде  айтылған  еді.  Осыған  орай  жақында  рейдке  шыққан  топ  М. Өтемісов  атындағы  БҚМУ-дың  студенттері  тұратын  жатақханалардың  жағдайына  тексеру  жүргізді.  Рейдке  қатысқан  ҚР  Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  агенттігінің  облыстық  департаментінің  басқарма  басшысы Біржан  Хайруллин, «Ақжайық – адалдық  алаңы»  жобалық кеңсесінің  өкілі  Әлия  Салиева, «Nur  Otаn»  партиясының «Jas Otan»  жастар  қанаты облыстық  филиалының  төрағасы  Нұрғали  Жолдасқалиев  университет  жатақханасының  тыныс-тіршілігімен  танысты.

Орал қаласында БҚМУ-ға қарасты үш жатақхана бар. Қазіргі уақытта жатақханаларға 1200 студент орналасты. Әлі күнге студенттерді орналастыру жұмысы жалғасуда. Университет жанындағы арнайы комиссия отырысы арқылы студент өтініштері сарапталып, табысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі студенттерді, 1-курста оқитындарды алдымен қамтуға мүмкіндік беріледі. Әрбір қабатта шомылатын, кір жуатын, тамақ пісіретін бөлме, дәретхана, оқу залы бар. Студенттер бос уақытын тиімді өткізетін шағын зал ашылған. Әлеуметтік жағдайы төмен, мінезқұлқы күрделі жастармен психологтарымыз шұғылданады, қажет кезінде әр студентке жеке қабылдау өткізеді. Студенттердің жатын орны, төсек жабдығының санитарлық тазалығы тексеріліп тұрады. Дәрігерлік қызмет көрсету орталығы бар. Биыл өзге өңірлерден арман қуып келген студент көп. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға жатақханадан орын толық тегін беріледі. Бір жылдық өтем құны – 45 мың теңге,  – деді БҚМУ-дың жастар ісі жөніндегі комитетінің аға консультанты  Жанбота  Ешімова.

Рейдтік топ мүшелері №1 және 2 жатақхана ғимараттарына кіріп, әрбір қабаттағы тұрғындармен сөйлесті. «Сырым ауданынан түлеп ұштым. Университеттің филология факультетінің 1-курсында оқимын. Төрт баламен тұрып жатырмын. Бөлме ішін өздеріміз кезектесіп жуамыз. Таза ұстауға тырысамыз», – дейді Елжан Ғалымжан.

– «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында «Jas Otan» жастар қанаты, «Орал» студенттер альянсы» корпоративтік қоры мүшелерімен жатақхананың жабдықталуы жайына мониторинг жүргізудеміз. Жатақхана ғимараттарында wi-fi желісі қосылған. Оқу залын түнгі сағат 12:00-ге дейін пайдалануға мүмкіндік бар. Студенттер университет қамқорлығына риза. Дегенмен тұрмыстық техникалардағы ақау, ғимараттың сыртына орнатылуы тиіс ауа тазартқыш жабдығының болмауы секілді ұсақ-түйек кемшілік бар.

Соған байланысты тиісті ұсынбалар береміз. Студенттер қосымша өтініштер мен ұсыныстары болса, Anticorruption ZKO cілтемесімен әлеуметтік желілер арқылы бізбен байланыс жасай алады. Жастарға жатақхана талаптарын сақтай отырып, адал болуға, тұрмыс жағдайын, құқын бірлесіп қорғауға мүмкіндік жасауға шақырамыз, – деді Біржан Хайруллин. Сол күні рейдтік топ Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың жатақханаларын тексеруге барды.

Қазіргі уақытта БҚАТУ-ға қарасты төрт жатақхана ғимаратына 1800-ден астам студент орналасып үлгеріпті. Алғашқы үш ғимараттың іргетасы 1970-80 жылдары құйылған. 2011 жылы №4 «Студенттер үйі» салынған. Биылғы оқу жылы қарсаңында №3 жатақхана ғимараты күрделі жөнделген. Университет жанындағы жиһаз цехы жаңадан 140 шкаф жасап, осы жатақхана ішіне орнатқан.

– БҚАТУ-дың жатақханаларына қатысты бірқатар сын-ескертпе айттық. Кейбір бөлмеде жарық шамдары жоқ. Жуынатын орында су шүмегі істен шыққан. Терезе жабындары ілінбеген бөлмелер бар. Жатақхана ғимараттарында ыстық суды қазан айының 15-інен бастап қана пайдалануға мүмкіндік туады. Оған дейін душ қабылдау мүмкін емес. Осы мәселенің шешімін табуға ықпал етуге студенттер ұсыныс жасады. Ескі ғимараттарға күрделі жөндеу қажет, – деді  «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы  Нұрғали  Жолдасқалиев.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар