16.09.2019, 22:06
Қараулар: 197
Инвестиция мен цифрландыру – табыстың қос кілті

Инвестиция мен цифрландыру – табыстың қос кілті

Өңірдің экономикалық мүмкіндігі мен инвестициялық әлеуетін арттырып, цифрландыруды дамытуға бағытталған халықаралық деңгейдегі форумға Қазақстан, Германия,  Австрия, Латвия, Израиль, Әзірбайжан сынды 20 елдің бизнес қауымдастықтарының, іскер топтарының,  ІТ компанияларының, өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері, барлығы 250-ден астам адам қатысты.

Арнайы шақырылған қонақтардың қатарында «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Павел Коктышев, Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов, Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалогының басшысы Йорг Динкелакер, Латвия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Сыртқы экономикалық өкілдігінің басшысы, Латвия Республикасы Экономика министрлігінің кеңесшісі  Владимир Самойленко, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев және «КАС Консалтинг» директоры Ирина Сулименко болды. Форум жұмысы батысқазақстандық тауар өндірушілердің шыны, полиэтилен құбырлары, трансформаторлар, кабельдік өнімдер, сусындар, ірімшік өнімдері т. б. экспортқа бағытталған өнімдерінің және ІТ жобалардың көрмесімен бастау алды.

Аталмыш форумның халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамытудағы айрықша рөлін атап өткен облыс әкімі Ғали Есқалиев шетел капиталын тарту және қолайлы инвестициялық ахуалды дамыту үшін  қолға алынған шараларға тоқталды.

– Облыста соңғы үш жылда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 401-ден 453 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.

Экономиканың шикізаттық емес секторына бағытталған инвестициялар көлемі (мемлекеттік бюджетті қоспағанда) 77-ден 107 млрд. теңгеге дейін (1,4 есе) өсті. Ағымдағы жылдың сегіз айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 36,5%-ға (332,7 млрд. теңге), шетелдік инвестициялар көлемі 74%-ға (250 млрд. теңгеге) өсті. Яғни негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлеміндегі шетелдік инвестициялардың үлесі 75%-ды құрады. Экономикалық дамудың негізгі бағдары шикізаттық сектордан шикізаттық емес секторға көшу және экономиканың басым салаларына инвестициялар тарту болып табылады.

Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту, инвестициялар тарту және жоғары технологиялық жобаларды енгізу мақсатында белсенді жұмыстар атқарылуда. Даму институттарымен, атап айтқанда, «ҚазақИнвест» ҰК» АҚ-мен өзара іс-қимыл жұмыстары жанданды. Ағымдағы жылы инвестицияларды тарту бойынша аймақтық кеңес 357 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жалпы құны 32 млрд. теңгені құрайтын 6 жобаны мақұлдады. Сонымен қатар шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы 170 млрд. теңгеден асатын 5 жоба (оның екеуі пайдалануға берілді) жүзеге асырылуда. Бұл жобалар қосымша 340 жұмыс орнын ұсынады. «Орал» ӘКК-да инвесторға «Бір терезе» негізінде ақпараттық, әдістемелік және консультативтік қолдау көрсетуге арналған «Инвесторларға қызмет көрсету орталығы» құрылды, – деген Ғали Нәжімеденұлы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 140-тан астам жобаның қолға алынғанын мәлімдеді.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, экономиканы жаппай цифрландыру мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді.  Біз де уақыт талабына сай болуымыз қажет. Әлемде орын алып жатқан пайдалы жаңа өзгерістерден қалмау үшін барлығымыз жұмыс тәсілдерімізді, басқару құралдарымызды жаңғыртып, оң өзгерістерге жол беруіміз керек. «Digital Aqjaiyq» аясында енгізілетін жаңа технологиялар мен шешімдер – өңіріміздің барлық саласына едәуір серпін беретіні сөзсіз.

Қолжетімді және сапалы интернетсіз цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін емес.  Қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жою үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде  2020 жылға дейін облыстың барлық ауданы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіледі (5 аудандағы 92 ауылдық елді мекен). Биыл 60 елді мекенге талшықты оптикалық желі тартылады, – дей келе өңір басшысы мемлекеттік құрылымдардың цифрлық технологияларды нәтижелі енгізіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ өңір басшысы облыстың геоақпараттық порталын іске қосу бойынша жұмыстарға, BITRIX-24 жүйесі негізінде құрылған «БҚО жобалау кеңсесі», iKomek109 қалалық бірыңғай коммуналдық қызметі, 112 бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметі, өңірге келген қонақтар мен туристерге арналған www.visit-uralsk.kz сайты, биылдан бастап барлық мектепте іске қосылған «Виртуалды ІТ зертханалар», құрылыс және жобалау саласына арналған 3D CAVE және «Smart Aqsai» цифрлық жобалары туралы кеңірек әңгімеледі. Цифрландыру бойынша болашағы зор және екіжақты тиімді жаңа жобаларды да ұсынды. Бұл мелиорация, жем өндірісі, мал терісін өңдеу, көтерме, бөлшек сауда және логистикалық орталықтар, сүт өңдеу, жылыжай кешендері, қатты қалдықтарды қайта өңдеу, индустриалды аймақ, цемент өндірісі, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, жеке мектептер мен жатақханалар құрылысы және т. б. – Облыстың аграрлық секторды дамыту бойынша зор әлеуеті бар. Соңғы жылдары жергілікті шаруа қожалықтары жаңа технологияларды қарқынды енгізе бастады. Мәселен, 2017 жылы «Теректі май комбинаты» ЖШС заманауи аутоматтандырылған қондырғылар орнатты, нәтижесінде кәсіп-орынның өндірістік қуаты 24-тен 50 мың тоннаға дейін өсті. «Орал құс еті» ЖШС және «Агрофирма Ақас» ЖШС жұмыртқаны сұрыптау және таңбалауға арналған құрал-жабдық сатып алды.

Қол жеткен жетістіктеріміз аз емес, бірақ мақсат-межелеріміз одан да көп. Осы платформаны пайдалана отырып, инвесторлар мен шетелдік компанияларды ауыл шаруашылығы жобаларын бірлесіп жүзеге асыруға шақырамын, – деді облыс  әкімі.

«Германияның агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру тәжірибесін қолдану мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасаған Қазақстан-Герман аграрлық-саяси диалогының басшысы Йорг Динкелакердың айтуынша, Германияның әрбір екінші фермері өз шаруашылығында цифрлық технологияны ендірген. GPS деректері техниканы басқаруда жаппай пайдаланылады. Ауа райын бақылайтын қондырғылар, өлшеуіш құрал-жабдықтар, автоматты қосымшалар – шаруаның сенімді серіктері. Осының бәрін қазақ даласына әкелу – бүгінгі күн талабы. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның әлеуеті Германиядан да зор.

Форумда Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов өз еліндегі цифрландыру жүйесінің қалыптасуы туралы баяндаса, «КАС Консалтинг» фирмасының директоры Ирина Сулименко агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру тәжірибесі жайлы айтып берді. НұрСұлтан қаласындағы «Елорданы тұрақты дамыту орталығының» ІТ-сәулетшісі Виталий Пустовойтенко аймақты басқарудағы BIG DATA құралдарын қолдану жобасына тоқталды. Латвия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Сыртқы экономикалық өкілдігінің жетекшісі, Латвия Республикасы Экономика министрлігінің кеңесшісі Владимир Самойленко мен израилдік «CEO Isratech» компаниясының өкілі Анатолий Коломинский бүгінде Қазақстанда, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында іскерлік бастамалар мен инвестицияларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Спикерлер өз елдеріндегі инвестиция тарту және цифрландыру аясындағы жетістіктер туралы әңгімелеп, тәжірибелерімен бөлісті. Ортақ өзекті мәселелерді қозғап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екендіктерін жеткізді.

Түстен кейін форум жұмысы «SmartCity»-ды дамыту, тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы және өнеркәсіп салаларын цифрландыру, инновациялық экожүйені дамыту және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру сессиялары бойынша талқылаулармен  жалғасты.

Жиында әлеуеті жоғары инвесторларға барынша тиімді жағдай жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Секциялық отырыстар арасында «Бизнес-инкубаторды құру жолдары», «Инвестор стартаптардан не күтеді? Жобаны инвестор көзімен ұсыну: Кийо-сакидің 10 тармағы» тақырыбында шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды.

Бірлескен нақты инвестициялық жобалар айқындалып, бірқатар компаниялар инвестиция салуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Атап айтқанда, австриялық «ЗОР-Фиш» ЖШС қуаттылығы жылына 1600 тонна жабық сумен жабдықтау нысандарында мұхит балықтарын өсіру жобасын жүзеге асыру үшін жер учаскесін бөлуге өтініш берді. Сондай-ақ «ЦУРС» және «Beeline» компаниялары қаланы цифрлық басқаруда үлкен мәліметтер қорымен жұмыс істеуге негізделген жобаларды ұсынды.

Форум шеңберінде «Smart Aqsai» цифрлық жобасын жүзеге асыру үшін «Қазақтелеком» АҚ мен Бөрлі ауданы әкімдігі және БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік  көрсетілетін  қызметтер  және  архивтер  басқармасы, «Транстелеком» АҚ мен БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік  көрсетілетін  қызметтер  және  архивтер  басқармасы, Astana Hub және БҚО  ITHUB, «QazTech Ventures» АҚ мен «Орал Зенит зауыты» АҚ және «QazTechVentures» АҚ мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ арасында әріптестік бойынша  туралы меморандумдарға қол қойылды.

Форумға қатысушылар қол жеткізілген уағдаластықтар елдер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтудың негізі болатынына сенім білдірді.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар