16.09.2019, 21:31
Қараулар: 189
Екі жерлесіміз – жеңімпаз!

Екі жерлесіміз – жеңімпаз!

Өткен сенбіде Орал қаласында алғаш рет «Octagon Global-2» халықаралық турнирі өтті. Додаға кәсіпқой аралас жекпе-жек майталмандарымен қатар, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің спортшылары да қатысты.

Турнирді ұйымдастырған  «OCTAGON  PROMATION» промоутерлік компаниясының президенті Нұраддин Садықовтың айтуынша, еліміздің әр аумағында мұндай халықаралық турнирлерді ұйымдастырудағы  негізгі мақсат аралас жекпе-жек саласынан жаңа есімдерді тауып, әлемдік ареналарға шығару болып отыр. Сондай-ақ бұл шараның өтуіне  ҚР жекпе-жек ассоциациясы, облыс және қала әкімдігі қолдау білдірді.

– Бұл – күш пен батылдық көрініс табатын турнир. Осы жарысты біздің шаһарда өткізгендері үшін ұйымдастырушыларға қала әкімдігі атынан үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Жарыс талай жастың аталмыш спорт түріне деген  қызығушылығын оятып, аралас жекпе-жектің қанат жаюына үлес қосады деген ойдамыз, – деді Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.

Турнирге ел намысын қорғап жүрген Аслан Өтеғалиев, Сұлтанбек Меңдібаев, Виталий Железнов,  Евгений Назаров, Жігер  Жұмашев сынды жерлестеріміз де қатысты. Алғаш болып сегізбұрышқа ММА бойынша түрлі турнирдің жеңімпазы, оралдық Досбол Елеген атыраулық Шыңғысхан Тұрсынғалиевке қарсы шығып, қарсыласын бірінші раундтың 3:49 минутында  жеңіп шықты. Оралдықтардың ішінен сондай-ақ Виталий Железнов жеңімпаз атанды.

Айта кету керек, кештің басты жекпе-жектерінің бірінде Орал өңірінің тумасы, Octagon лигасының 56,7 келі салмақ дәрежесіндегі чемпионы «Золотой» лақап атымен танымал Алтынбек Мағаз алматылық Азат («Қазақ»)  Мақсұмға қарсы  шығып, өзінің чемпиондық атағын қорғай алмай қалды.

Досбол ЕЛЕГЕН, турнир жеңімпазы, Орал қаласы:

– Жекпе-жек ойдағыдай өтіп, дайындықтағы айла-тәсілдерді қолдандым.

Атырау қаласының жауынгеріне қарсы шыққан болатынмын. Бұл жарыс жігіттердің қайсарлығын, ерік-жігерін көрсететін дода деп ойлаймын. Қазақтың әр жігіті осындай жекпе-жекке дайын болу керек деп білемін. Мен алғашында еркін күреспен айналысқан едім.

Бүгінде аралас жекпе-жекте жүргеніме жеті жылдай болды. Басты қарсылас ресейлік спортшылар шығар, бірақ біздің жігіттер де осал емес. Бүгінде елімізде бұл спорт жақсы  дамып келеді.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар