16.09.2019, 21:27
Қараулар: 175
Тұрмыстық сипаттағы қылмыстар жиілеуде

Тұрмыстық сипаттағы қылмыстар жиілеуде

Өткен жұмада облыс әкімдігінде мемлекеттік құрылымдар басшыларының қатысуымен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның селекторлық кеңесі өтті.

Онда Қазақстан Республикасында құқықбұзушылықтың алдын алудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу жайы қаралды. БҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Кенжебек Қоспаевтың баяндауынша, қоғамдық орындар және көшелерде құқықтық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде биылғы 8 ай қорытындысында көшелерде жасалатын қылмыс саны 25,6 пайызға (1165-тен 867-ге дейін), үлес салмағы 16,3 пайыздан 13,6 пайызға төмендеген. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 15,8 пайызға азайған. Алайда кейбір аудандарда (Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Теректі) ондай қылмыстың саны өскені байқалады. Есепті мерзім ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы 18,8 пайызға азайған. Мұндай қылмыс Бөрлі (194-тен 198-ге), Бөкей ордасы (32-ден 51-ге дейін), Қаратөбеде (35-тен 36-ға), Шыңғырлау ауданында (28ден 34-ке дейін) көбейген. Онлайн режимінде қатысып отырған бірқатар аудан әкімдері аталмыш жоспардың орындалу барысы жайында комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

Бүгінде қылмыстардың алдын алу үшін жергілікті полиция қызметі бөліністерін материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Патрульдік полиция бөліністері 109 қызметтік көлікпен, соның ішінде 85 патрульдік аутокөлікпен қамтамасыз етілген. Әлі де 25 патрульдік аутокөлік қажет. Жеке құрам алып жүруге арналған бейнежетондармен қамтылған. Облыс бойынша 151 учаскелік полиция пункті жөндеуді қажет етеді. Оралда бір, Ақсай қаласында үш учаскелік полиция пункті жетіспейді.

Өткен мерзім ішінде отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында жасалған қылмыс саны 18,2 пайызға (11-ден 13) өсіп, үлес салмағы өткен жыл деңгейінде сақталып отыр. К. Қоспаевтың айтуынша, қылмыс тұрғын үйлерде жасалатындықтан және бұрын жасалған мұндай құқықбұзушылықтар ішкі істер құрылымдарына хабарланбайтындықтан, қылмыстың бұл түрінің алдын алу мүмкін болмай отыр. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс санын 10,5 пайызға (76-дан 68-ге), үлес салмағын 2,0 пайыздан 1,9 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілген. Балалардың қауіпсіздігі, олардың тарапынан жасалатын қылмыстың алдын алу мақсатында облыстағы 381 мектептің 227-сіне үш мыңнан астам бейнебақылау камерасы қойылған.

Өткен 8 айда облыс жолдарындағы жол-көлік оқиғалары 15,5 пайызға (213-тен 180-ге дейін)  және соның салдарынан қаза болғандар саны 19,7 пайызға (71-ден 57-ге) азайған. Ұл-қыздың қатысуымен 41 жол-көлік оқиғасы болып, 4 бала қаза тапты, 49 бала түрлі дене жарақатын алған. Жолдағы апатты оқиғалардың орын алуына маневр жасау (43 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 11 адам қаза болса, 49 адам дене жарақатын алған), жылдамдықты арттыру (31 оқиға, 9 адам қаза болып, 34 адам дене жарақатын алған), қиылыстардан өту және жаяу жүргіншілер тарапынан жол жүру ережелерін бұзу себеп болған.

Басқосуда табиғатты қорғау саласындағы құқықбұзушылықтарды анықтауға бағытталған жұмыстар барысы да талқыланды. Есепті мерзім ішінде ішкі істер құрылымдары тарапынан табиғатты қорғау саласы бойынша өзге де мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 76 қылмыстық құқықбұзушылық, 289 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Қозғалған 76 қылмыстық істің 14-і балық өнімдерін заңсыз сатып алу, сату және тасымалдауға қатысты, 9 іс заңсыз аң аулаумен, 13 іс балық ресурстарын заңсыз аулаумен, 15 іс сирек кездесетін, аулауға тыйым салынған жануарларды аулаумен, 19 іс ағаштарды заңсыз кесумен, 4 іс жер қойнауын өз бетінше пайдаланумен, бір іс балық қорларын қорғау қағидаларын бұзумен, бір іс суды  ластау, қоқыс тастаумен байланысты қозғалған.

– Заңсыз балықпен ұсталған адамдар балықты Атырау қаласындағы базардан құжатсыз сатып алғандарын айтады. Мұны процессуалдық негізде қарайтын болсақ, қылмыстық жолмен ауланған балықты сатып алуға қасақана әрекет ету фактілерінің жоқ екенін көрсетеді. Рейдтік іс-шаралар барысында тәркіленген балықтың басым бөлігі Атырау – Орал тас жолы арқылы көрші облыстан тасымалданған болып шығады, –  деп Кенжебек Қоспаев кейбір түйткілді мәселелерді ортаға салды.

Селекторлық кеңесте әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай тізілімін енгізу бойынша жобаны іске асыру және полиция департаментінің уәкілетті қызметкерлерін әкімшілік хаттама толтыру үшін мобильді планшеттермен қамтамасыз ету жайы талқыланды. Патрульдік полицияның саптық бөліністері үшін өткен жылы 119 млн. 787 мың теңгеге 304 планшеттік компьютер, 331 термопринтер, биыл 64 млн. 586 мың теңгеге мобильді термопринтері бар 248 планшеттік компьютер сатып алынған. Сөйтіп, патрульдік полиция планшеттермен толық қамтамасыз етілген. Енді учаскелік полиция инспекторлары мен ювенальды полиция қызметкерлеріне 118 планшеттік құрылғы қажет. Биылдан бастап жол қозғалысы саласындағы құқықбұзушылықтарға толтырылатын хаттамалар электронды форматта толтырылады.

Биылғы 8 ай ішінде 62 185 әкімшілік хаттама электронды түрде толтырылған. Жиында облыс жолдарында мәліметтер базасымен интернет байланысын ұйымдастыру үшін тұрақты ұялы байланыстың жоқтығы да сөз болды. Сондай-ақ ведомствоаралық комиссия құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі 2020-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын талқылап, мақұлдады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар