16.09.2019, 21:26
Қараулар: 187
«Капустин Ярдан» жер телімі қайтарыла ма?

«Капустин Ярдан» жер телімі қайтарыла ма?

Бөкей ордасы ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімінің көлемі 4 млрд. 152 млн. теңгені құрады. Бұл жайында БҚО өңірлік коммуникация қызметінің брифинг алаңында аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов хабарлады.

Бөкей ордасында 22 елді мекен бар. Жалпы саны 16 072 адам тұрады. Тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады. Аудан бойынша ірі қара саны – 69 857 бас. Оның ішінде жылқы 25 308 бас, қой мен ешкі 92 198 басты құрайды. Бөкей ордасында 513 шаруа қожалығы тіркелген. Өрісті толтырып мал өсіріп отырған шаруа қожалықтарына бүгінде жайылымдық жерлер тарлық ете бастаған. Ал шұрайлы жердің едәуір бөлігі әскери полигон қарауында.

– 117 шаруа қожалығы әскери полигон аймағында мал жайып отыр. Әрине, қожалықтардың аудан аумағында заңды түрде рәсімдеп алған жер телімдері бар. Полигонды жалға алғандармен бір жылдық келісімшартқа тұрамыз. Соның негізінде оның аумағында мал жаюға, шөп шабуға болады. Бірақ ол жерге қыстақ салуға, құрылыс нысандарын тұрғызуға рұқсат етілмейді. Әскери полигонды пайдалану үш санатқа бөлінген. Полигон аймағының негізгі бөліктерінде әскери бөлімдер орналасқан, оқу-жаттығу жүргізіледі. Ал үшінші санаты бойынша белгіленген полигон бөлігі пайдаланылмай жатыр. Соған байланысты 270 мың гектар жерді Ресейден қайтару жұмысы бойынша былтырдан бері екінші тараппен келіссөз жүргізуге әзірлік жұмыстары басталды. Облыс басшылығы тарапынан еліміздегі құзыретті құрылымдарға, салалық министрліктерге ұсыныс хаттар жолданды, – деді Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов.

Айта кетейік, 1950 жылдары Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының шектескен тұсында «Азғыр» әскери полигоны құрылды. Онда ядролық жарылыстардан сынақ жасалды. Кейін полигон «Капустин Яр» деп аталды. Қауіпті жарылыстар легі кеңестік кезеңде тоқтатылғанымен, сынақ алаңын Ресей Федерациясы әлі күнге жалға алып, әскери мақсатта пайдаланып отыр. Бөкей ордасы ауданы Атырау өңірімен шектеседі. Бөкей ордасының 943 608 гектар жері әскери полигон аумағында. Ауданның жалпы аумағы – 1 921 445 гектар, оның ішінде 1 376 488 гектары жайылымға жараса, 180 725 гектарына шабындық өседі.

Брифингте аудан әкімі әлеуметтік мәселелерге де назар аударылып жатқанын айтты. Жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған және көп балалы 551 отбасына тағайындалды. Кәсіппен шұғылданғысы келетін кірісі аз көп балалы отбасылар мен жастардың қатарынан 35 адам 14 млн. 645 мың теңге көлемінде мемлекеттік гранттар қаржысына ие болды. Елімізде жүзеге асып жатқан «Zhas project» жобасы бойынша ауданда 28 әлеуметтік жоба үздік деп танылды. «Zhas project» арқылы 85 жас кәсібін өркендетпек. Оның ішінде 53-і – жұмыссыз санатынан.

Соңғы бес жыл ішінде аудандағы 18 мектептің алтауы күрделі жөндеуден өтті. Биыл екі орта мектептің және аудандық туризм орталығы ғимараттарын күрделі жөндеуге ЖСҚ-лары әзірленді. 2017-2018 жылдары 8 елді мекен таза ауыз суға қосылса, биыл Тайғара, Үштерек, Шоңай ауылдарына ауыз су тарту жұмыстары жүріп жатыр. Мұратсай ауылы су құбырының құрылысына конкурс жарияланып, мердігер анықталды. Бұл жұмыстар аяқталған жағдайда аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 83%-ға жетеді. Брифингте Нұрлан Сағынтайұлы Елбасы тапсырмасына сәйкес облыс орталығы мен ауданды байланыстыратын республикалық маңызы бар күре жолды жөндейтін мердігерлер әзірлік жұмысын бастағанын жеткізді. Соның ішінде Хан ордасы ауылына кіреберістегі аутожолды жөндеу де қамтылмақ.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»