16.09.2019, 21:25
Қараулар: 188
Мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаушыларға үкім шықты

Мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаушыларға үкім шықты

Жуырда БҚО қылмыстық  істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында  судья Қайрат Өтешев  Ресейден Қазақстанға  мұнай өнімін (битум)  заңсыз тасымалдаушыларға  үкім шығарды.

Көршілес Ресей елі мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісім бойынша, битум тасымалдауға тыйым салынған. 2017 жылдың 5 қыркүйегінде «Көшім»  бекетінде Ресейден бес аутокөлік тоқтатылады. Тексере келгенде онда тиелген битум екені анықталады.

Сот материалдарында айтылғандай, Ресейдің Орынбордағы Тимур Қалиев басшылық ететін «Номад-Инвест» зауытынан қазақстандық «Sundex» (директоры Қайрат Намазбаев) ЖШС-ға жеткізілетін өнімнің ілеспе құжаттарында ол битум емес, резеңке битумды қоспа (РБВ) ретінде көрсетілген. Кейін контрагентті тексеру кезінде Намазбаевтың фирмаларымен Ресейден жеткізілген өнім РБВ болып ресімделгені, ал шындығында оның битум сатқаны анықталған.

Сот  үкімімен  қылмыстық  топтың  ұйымдастырушысы болып танылған  Қайрат  Намазбаев  ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабы 4-бөлігі 1-2-тармақшалары  (мұнайдың  және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу), 244-бабы (азаматтың салық және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтаруы), 245-бабы 3-бөлігіне (ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару),  262-бабы 1-бөлігіне (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) сәйкес кінәлі деп танылды. Оны мүлкін тәркілеусіз  8 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу тағайындалды. Жандос Қайырбаев, Тимур Қалиев, Айбек Балтұрманов пен Нұрлан Кенженов ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабы 4-бөлігі 1-2 тармақтары (мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу), 262-бабы 2бөлігіне (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) сәйкес айыпталды. Оларға мүліктерін тәркілеусіз 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.

Ал  Бақытжан  Жақатаев ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабы 1-бөлігіне (іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шотфактура жазу бойынша әрекеттер жасау) сәйкес кінәлі деп танылды. Оған  1 жыл 6 ай мерзімге  бас бостандығын шектеу үкімі шығарылып, пробациялық бақылау орнатылды. Сот үкім шығарғанда олардың бұрын сотталмағанын, жастығын және отбасы жағдайын ескерді.

Бұл іс БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында осымен екінші рет қаралған болатын. Істі қараған судья Қ. Өтешев айтып өткендей, қылмыстық топтың транс-ұлттық сипаты алынып тасталған.  Сотталушылардан мемлекет пайдасына 539 млн. теңге өндірілді. Ал куәгерлер Кучеров, Зайцева және Қартқожақованың берген жауаптарының дұрыстығы  күмәнді болғандықтан, оны анықтау жөнінде жеке ұйғарым шығарылды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар