16.09.2019, 21:16
Қараулар: 616
«Қанда қандай қасиет бар екенін қазақ баяғыда-ақ білген»

«Қанда қандай қасиет бар екенін қазақ баяғыда-ақ білген»

Жаңабек  ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан  мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

– Жаңабек Жаңабайұлы, «біз неге әртүрліміз» деген сұрақ көптің көкейінде жүр.  Өзбек, түрік, қырғыз, орыс ұлттарының генетикалық портретін өзге ұлттардан бірден ажыратуға болады. Ал қазақта қысық көз бар, сары бар, қара бар… Ғалымдардың бір тобы «біздің әртүрлілігіміз біздің ерекшелігіміз» дейді? Сіз не дейсіз?

– Сіздің сауалыңыз Кеңес үкіметі жылдарында тілге жиі тиек болып, көпұлттылық пен халықтар достығына қарата айтылған «Ақпыз, қара, сарымыз. Ағайынбыз бәріміз», — деген сөз тіркесін есімізге түсіріп отыр.

Иә, сұрағыңыз қызық және орынды. Басқасын айтпағанда, қазір ғылыми айналымда жүрген санаулы қазақ хандарының бейнесін алып қарасақ, олардың бетәлпетінің бір-біріне көп ұқсамайтындығы соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Мысалы, сол заманның тірі куәгері ағылшын суретшісі Джон Кэстль салған, кейін венгр ғалымдары бас-сүйегі негізінде антропологиялық кескін-келбетін жасаған Қазақ жасағының Бас сардары Әбілқайыр ханның бейнесі, аты аңызға айналған қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының және Калугадан топырақ бұйырған қазақтың даңқты хандарының бірі Арынғазы Әбілғазыұлының, Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгір Бөкейұлының портреттеріне әбден зер салып, мұқият қараған жан ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы хандарымыздың кескін-келбеттеріндегі айырмашылықтың көзге ұрып тұрғанын бірден аңғарады.

Меніңше, «біздің әртүрлілігіміздің» бірнеше объективті себептері бар. Мұның негізгі сыры біздің Еуропа мен Азияның арасында  географиялық орналасуымызбен байланысты. Кезінде ұлы бабаларымыз құрған Дәшті Қыпшақтың жер аумағы Ертіс өзенінен Дунайға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты алып жатқанын көз алдыңызға елестетіңіз.

Ғылыми-зерттеулер біздің о баста таза еуропоид болып, кейін монғолоид болғанымызды айғақтайды. Арғы-бергі тарихы-мызда Ұлы дала төсін еркін жайлаған тайпалар мен халықтар әрібері, ерсілі-қарсылы қоныс аударып, бір-бірімен сапырылысып жатты.

Ғылыми орта, шын мәнінде, қазақ халқының метис болып табылатындығымен жете таныс. Бұл жерде ерекше назар аударарлық бір нәрсе бар. Метис деген сөзді естісе, қазақтың тіксініп қалатыны ешкімге жасырын емес. Ғалымдар мұны былай түсіндіреді, жауынгер бабаларымыз солтүстікке, оңтүстікке жасаған толассыз жорықтарынан кейін әр жауынгер өзімен бірге сол халықтардың аруларын әйелдікке ала келген. Ол әйелдер ассимиляцияға ұшыраған, бірақ олар халықтың генетикалық портретіне із қалдырған.

Мәселен, осындай мысалдардың қатарына әйгілі Бабыр сұлтанның Дели сұлтандығын жаулап алған әйгілі жорығынан кейін Қобыланды батырдың үнді әйелімен елге оралғандығын жатқызуға болады.

Саналы ғұмырын қазақ этнологиясына арнаған зерттеуші Ақселеу Сейдімбектің: «Ұлы дала көшпелілері төңірегіндегі алыс-жақын елдерге өзінің үстемдігі һәм айбындылығымен тегеурінді ықпал етті» деген пікірі де осыған саяды. Осы орайда мамандар АҚШ ғалымдары жүргізген зерттеулерге иек артып, аналық тегі бойынша қазақтардың әр түрлі екені, оның 60 пайызы азиялық, ал 30 пайызы еуропалық болғанын алға тартады.Тағы бір назар аударарлық нәрсе, шетелдік ғалымдар ежелгі ғұндардың өкілдеріне генетикалық зерттеу жүргізгенде, қазіргі қазақтардың бір кездегі ғұндарға ұқсастықтары көп екенін анықтаған. Мәселен, отты өлеңдерімен алаш рухын аспандатқан ақиық ақын Мағжанның:

Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған,

Отты ғұннан от боп ойнап мен туғам.

Жүзімді де, қысық қара көзімді

Туа сала жалынменен мен жуғам.

– деп келетін жалынды жыр жолдарын зерделей отырып, сіздің сауалыңыздағы «қазақтағы қысық көздің» сыры ашылғандай әсер аласың.

–  Қазақ ұлтының жеке хандық болып, жеке ел болғаннан бері генетикалық портреті қандай өзгеріске түсті?

— Иә, бұл сауалыңыз жоғарыдағы ой-сорабымыздың жалғасы. Қазақ халқы өзінің ұзына бойғы тарихында ноғай, өзбек, қырғыз, түркімен, башқұрт, қарақалпақ, қалмақ сияқты қоңсылас-туыстас халықтармен  аралас-құраласта болғанын және қазақ халқына сіңісті рулар төре, қожа, төлеңгіт, сунақ және т. б. аталардың баршылық екенін осы ретте айта кетудің еш артықтығы жоқ.

Қазақ хандары әз-Тәуке Жәңгірұлы, Кенесары хан Қасымұлы, Қаратай Нұралыұлдарының нағашылары қалмақтар. Олар Салқам Жәңгірдің, Абылай ханның, Нұралы ханның қалмақ әйелдерінен туған. Мысалы, Бұқар жырау Қалқаманұлының «Отының болсын жантақтан, Қатының болсын қалмақтан», Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының: «Батырлар аттанысқа барған екен, Қалмақты олжа қылып алған екен. Сол қыздар мұнда келіп бала тапқан, Ана боп бәрімізге бөлек заттан» немесе Құрбанғали Халиттің «Алаш – Алаш болғанда, Алаша хан болғанда Қазақ, қалмақ, ноғайлар, Бәрі сонда бір болған», – деген  сөздері ойға оралады.

Сөздің қысқасы, ерте ортағасырларда арабтар мен моңғолдардың шапқыншылығына ұшырасақ, бертінірек келгенде, нақтыласақ, Қазақ хандығы дәуірінде  жоңғарлар, Еділ қалмақтары, башқұрттар, Орта Азия хандықтарымен қанымыз жиі араласты.

Ал кеңес дәуірінде қазақ жігіттері орыс қыздарына үйлену жағынан Латвиядан кейін екінші орын алыпты деген деректер бар.Сайып келгенде, мұның бәрі қазақ халқының генетикалық портретіне қаншалықты із қалдырғаны айтпаса да түсінікті.

– Қазір отбасылық құндылықтардың интеграциялануы қарқын алуда. Аралас неке көбейді. Бұл процесс ХХІ ғасырда үдей түседі дейді. Біз үшінші мыңжылдықты қандай келбетте қарсы аламыз?

– Бұл — жауабы өте күрделі сұрақ. Алыс болашақты бүгінгідей дөп басып болжау ешбір сұңғыла, әулие, көріпкелдің қолынан келе бермейтін дүние. Кезінде «Сингапур кереметінің» әкесі Ли Куан Ю-де осыған ұқсас сөз айтқан. Мәселен, осыдан 30-40 жыл бұрын әлем санасқан алып империя Кеңес одағының күйрейтінін кім білді дейсің?! Бодау дәуір тағы бір елу жылға созылғанда қазақтың ендігі күйі не болатыны бір Аллаға ғана аян еді?!

Бұдан шығатын қорытынды, аралас неке туралы ұлт болашағына қатысты өзекті мәселе – негізінен айналамыздағы жақын көршілерімізбен арадағы саяси жағдайларға тікелей қатысты. Оған дәлел аралас некеге байланысты алапат тәжірибе кезінде Кеңес одағының аумағында жүзеге асқанын, соның нәтижесінде басқа ұлтпен некелескен 60 миллион дүбара, 60 миллион тірі жетім балалар қалғанын, қарым-қабілеті әлсіз ұлттардың өзінен әлдеқайда өктем ұлтқа жұтылып, мидай араласып кеткенін айтсақ та жеткілікті. Бұл – өткен  тарихтың талмауыр тұсы. Ал ел тәуелсіздігімен бірге жеткен жаһандану заманында қазақтың өңі түгілі, түсіне кірмеген дүниелер өмірімізге еніп, оған көзіміз үйреніп, етіміз өле бастады. Соның бір көрінісі жатжұрттықтардың етегінен ұстаған қаракөздеріміздің саны күн өткен сайын көбеюде. Оның көптеген себептері бар.

Қазақ қоғамының әлемдік қауымдастыққа кірігуінің уақыт өткен сайын күшеюі, Қазақстанға шетелдік компаниялардың ағылып келуі, ағылшын немесе басқа шет тілдерін меңгерген қазақ жастарының санының жылдан-жылға  өсуі, қазақ жастарының әлем елдерінде білім алуы немесе шетелдіктердің Қазақстанда оқуы, қазақ қыздары мен жігіттерінің арасындағы арасалмақтың өзгеруі, яғни қазақ қыздарының еркек кіндіктілерге шаққандағы үлесінің артықтығы, бір сөзбен айтқанда, қазақ қоғамындағы интеграцияның жеделдеуі. Сайып келгенде, ата-бабаларымыздың ғасырлар бұрын айтқан: «Жақсыны жатқа бермеген» деген даналық сөзі әдірам қала бастады.

Иә, ашық қоғамда аралас некенің болмай тұрмайтыны белгілі жайт. Мәселен, тарихқа сәл шегініс жасасақ, өткен ғасырда Францияға толассыз ағылған африкалықтар мен арабтардың екпінінің күшті болғаны сондай, француз арулары алыс-жақыннан келген келімсектердің қалай қол жаулығына айналып үлгергенін сезбей де қалған. Бүгінде «француз қыздары әлемдегі ең сұлу қыздар» деген атақ-абыройынан жұрдай болып, елде ажырасқан, шата, дүбара отбасылар көбейген.

Нәтижесінде ұлттық қадір-қасиеті мен салт-дәстүрін көздің қарашығындай сақтаған асыл текті француз ұлтын қалай да сақтап қалу жолында жанұшыра қимылдаған ел үкіметі, әсілінде қоспасы жоқ қаны таза француз азаматтары үйленетін болса, қомақты әлеуметтік жәрдемақы төлейтін дәрежеге жетті.

Ұлттың алашұбарлануына қатысты мұндай мысалдар тек француздарда емес, әлем тәжірибесінде жетіп артылады. Сәйкесінше, жаһанданудың осындай жойқын дауылына ұлттық иммунитетін күшейту арқылы қорғаныс қабілетін арттыра білген халықтар да бар екенін сөз орайында айта кетудің еш артықтығы жоқ. Олар жапондар, түріктер, арабтар және т. б. болып жалғаса береді. Ал посткеңестік кеңістіктегі елдерден түркімендердің шетелдік күйеу балалардан алатын қалың малының көлемді мөлшерін еске түсірген жөн.

– Сіздің ойыңызша қазіргі Қазақстан қоғамында аралас некеге қатысты ескеретін тағы қандай маңызды факторлар бар? Ойыңызды аша түссеңіз?

– Жоғарыда атап өткеніміздей, алыс-жақын болашақта айналамыздағы жақын көршілеріміздегі саяси жағдайдың қалыптасуы бізге де әсер етпей қоймайды және біздің ұлы көршілеріміз бүкіл әлем санасатын ірі ойыншылар. Әсіресе, шығыстағы көршіміз, алып айдаһардың ояна бастауы кім-кімді де ойландырады.

Аспан асты елін сақиналап қоршап жатқан он төрт мемлекеттегі қытай халқының үлес салмағының жыл өткен сайын артуы және Одақ күйрегеннен кейінгі Қытайдың Орта Азияға мысықтабандай сыналап кіріп келе жатқаны, ата-бабамыз айтып кеткен «қарақытай қаптаса сары орысқа жылап көрісерсің», «ақырзаман болғанда қарақытай қаптайды» немесе түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы бидің: «Көрдім талай қытайды, Көңілім одан жұтайды. Іші-тысы қараңғы, Жымиып тұрып тұтайды» деу себебіне көз жіберген дұрыс.

Өйткені қарақұрым көршілеріміздегі 30-40 миллион бойдақ еркектің бар екені және оларға шетелдік аруларға үйленсе, мемлекет тарапынан арнайы қаржылық қолдаулардың жасалатыны туралы мәліметтерге бейжай қарау мүмкін емес.

Жоғарыдағы келтірілген дәйектердің барлығын сараласақ, аталмыш мәселе ендігі уақытта мемлекеттік саясаттың құрамдас бір бөлігіне айналуы керек екенін көрсетеді. Десек те, «Жақсы сөз жарым ырыс», «Жақсы десең, жан сүйінеді» деп, тек жақсылықтан үміт еткен халықпыз.

Олай деуімізге себеп еліміз тәуелсіздігін алған кезде республикамыздағы мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының саны 40% (шамамен 7 млн.), ал қазір бір мәліметтерде 65% (шамамен 11 млн.), тағы бір деректерде  71% -ға (шамамен 12 млн.) жеткені мерзімдік баспасөзде айтылып жүр. Нақты көрсеткіш алдағы жылдардағы жалпы халық санағында анықталатын болар. Ел аман, жұрт тыныш болса, ҚР титулды ұлттың үлес салмағы келешекте де көтеріле беретініне еш күмәніміз жоқ.

Ойымызды тобықтай түйсек, қазақ халқының – осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрынғы ұлы бабаларымыз асыл текті  ғұндардың бүлкілдей аққан қанын бүгінге дейін үзіп һәм бұзып алмай жеткізгеніне иек артып, алдағы жаңа мыңжылдықтарда да қазақтың этносаяси тұтастығы мен антропологиялық кескін-келбетіне сызат түспейтініне қапысыз сенгіміз келеді.

– Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде» Абылай ханның серіктерінің бірі Олжабай батыр жантәсілім етіп жатып, Абылайға жеті ұрпағым жалғыздықпен жалғасады. Жетінші ұрпағымда үзілемін деген сөз бар. Ақынның жетінші ұрпағы Олжас Сүлейменов те ат ұстар еркек кіндік жоқ. Кешегі Ахмет Байтұрсынов, Дінмұхамед Қонаев сынды саңлақтарда перзент болмады. Мұндай мысалдар көп. «Ұлыларға келгенде табиғат демалады» деген пікірге қосылуға бола ма?

–  Қазақ ертегілері «Ертеде бір бай болыпты, Бір перзентке зар болыпты» деп басталады немесе халқымызда: «Ұялтайын деп қызға береді, Баға алмасын деп құлға (күңге) береді» деген сөз бар. Қазақ үшін ең басты һәм ұлы құндылық – ұрпақ. Қазақы қисынға салсақ, «байлық қолға ұстаған мұз, бақыт басқа қонған құс, бала артта қалған із».

Батырлар жырының сюжетіне тән  негізгі   ерекшелік  –  алдында мыңғырған  малы  бар  әрі ақыл-парасатымен  халқына  өте  сыйлы,  кемеліне келген  жанның  фәни дүниеде бір перзентке зар болып (Қобыланды батырды әкесі Тоқтарбайдың, Алпамысты әкесі Байбөрінің және т. б.), «Тәңір мен пірге сыйынып», «әулие қоймай қыдырып», ғұмыр бойы аңсаған шаранасын  қартайған шағында зарығып көруге құрылуы – тектіден тұяқ  көруді  аңсаған халықтың арман-тілегінен туған тәсіл екенін атап өткен жөн.

Біздіңше, осы тұста мәселенің мәнін тереңірек ашу үшін сәл аялдайтын бекет бар. Хисса-дастандардан гөрі шынайы өмірде жағдай басқашалау. Олай дейтініміз Жаратушыға қанша  жалбарынғанымен, Мырза Құдай тілекті бермесе, тектіден де тұқым үзілетіндігін дәлелдейтін деректер жеткілікті. «Пәленшенің ұрпағы жоқ», «Түгеншенің тұқымы осымен бітті» деген сөз қазақтың ең ауыр қасіреті болатын.

«Ат  тұяғын басар тайдың болмауы» қазақ түсінігінде рухани қайғы. Ұлы адам да пенде.  Тектіден тұяқ қалмаудың сыры неде?  Ұлыларда неге ұл болмайды? Өмірден бір перзентке зар боп өткен саңлақтар (Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынов, М. Шоқай, Ж. Досмұхамедов, Д. Қонаев және т. б.)  қаншама?!

Бұл – жаратылыстың адам санасы жете қоймайтын көп тылсымдарының бірі һәм пенделерге жұмбақ тектілік феноменінің ашылмаған құпиясы. Бір кем дүние.  Осы орайда  пайғамбарлық қасиет қонған жанның соңынан ұрпақ ермейді  деген аңыз-әфсана бар екені  еске түседі. Қазақ мұндайда «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген. Сайып  келгенде, мұның бәрі тектіден тұқым қалудың оңай нәрсе емес екенін аңғартады.

Жоғарыда есімдері аталған тұлғалардың дені Кеңес дәуірінің перзенттері. Қалай да тектіден тұяқ алуды басты нысанада ұстап, асыл әулеттің алтын шынжырын үзіп алмас үшін «қанша батыр болса да, жалғызды жауға салмаған» дәстүрлі қазақ қоғамында бұл мәселе негізінен  полигамиялық (көп әйел алушылық) жолмен шешіліп отырды. Бұған көп мысалдар келтіруге болады. Демек, орыс ағайындар айтатын «қан – су емес!» екенін, «қанда қандай қасиет бар?» екенін атам қазақ баяғыда білген.

Моногамиялық (бір әйел алушылық) отбасылық қатынасты ту етіп көтерген Кеңес дәуірінде талай текті тұлғалардың тамыры қиылып, олардың кіндігінен жаратылмақ жемістер бүршік жарып үлгермей, үзіліп түскен түймедей болды.

Осы ретте шығыстағы көршілерімізде жүзеге асып жатқан ерекше тәжірибелерді ортаға сала кетудің еш артықтығы жоқ. Олар елдегі әр сала бойынша ақыл-ойы ең үздік еркек кіндіктілердің гендерін арнайы зертханаларға жинақтап, қытай генофондын күшейту мақсатында суррогат құрсақтарға орналастырады екен. Мақсат: біріншіден, асыл тұқымды жоғалтып алмау болса, екіншіден, елдегі адам капиталын шырқау биікке көтеру.

– «Жұлдызы жанды» деген қазақтың өзінің ғылыми негіздемесі бар. ДНК құрамындағы «C-3 starclaster» жасушасының қызметі жайлы не деуге болады. ДНК құрамында шынымен, бақ немесе сор жасушасы бар ма?

– Бұл сұрақтың жауабын кәсіби тұрғыда генетик ғалымдар саралай жатар. Біз тек ой орамында тарихшы ретінде өз пікірлерімізбен бөліскенді жөн көріп отырмыз. Халқымызда кейбір жолы болғыш, жұлдызы жанған жандарға қарата айтылатын «маңдайының бағы бес елі екен» немесе қиыншылықтан көз ашпай, сан қилы ауыртпалықтарға ұшырағандарға «маңдайынан соры арылмаған» деп келетін тіркестер бар екенін білеміз. Бұл, бір жағынан, дініміздегі тағдыр деген ұғыммен үндесіп жатқандай әсер береді.

Француз ғалымы Анна Шутценбергер «Ата-баба синдромы» кітабында  «қандағы қасірет» ұғымына назар аударып, ата-бабасы мен әке-шешесінің өмірінде болған келеңсіздіктер мен күйзелістер кейін ұрпақтарының бойында дәл сол жаста қайталанатындығын байқағандығын жазады.

Тағдырдың түрлі тауқыметтерімен арпалысып, жан дүниесі күйзеліп, жүйкесі жұқарған жан қан арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан түрлі кедергілердің түпкі мәнін жете түсінбей барлық жаманшылықтарға өзінөзі кінәлап, басындағы барлық пәле-жалаға кімді жазғырарын білмей, аласұрып, жанталасуы мүмкін.

Адамның жақсы не жаман, асыл не жасық болмағы тәрбиеден де бұрын, ата-текке байланысты екенін төмендегі кішкене үзіктен көруге болады. Өткен ғасырда нәрестесі жоқ бір жас отбасы балалар үйінен сәби асырап алған екен. Ата-анасы елге сыйлы керемет үлгілі жандар болыпты. Отбасында саналы тәрбие алғанына қарамастан, есейе келе бала сол отбасының дәстүріне жат ерсі қылықтарымен көзге түсіп, ақыр соңында атышулы бұзақыға айналады.

Мәселеге құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері араласып, баланың жетімдер үйіндегі мұрағатын ақтарғанда оның әкесі кезіндегі қылмыс әлемінің серкелерінің бірі екені анықталады. Осындайда қазақтың «қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» деген қанатты сөзі еске түседі.

Кейбір зерттеушілер  адамның болмысына тек тегі әсер етеді деген қатып қалған түсінік болмауы тиіс, әр жақсының балалары жақсы, әр жаманның балалары да жаман деген қағида жоқ деген пікірді ұстанса,  келесі  бір ғалымдардың саралауынша, адам жаман болайын демейді, әсіліндегі күнә жібермейді.

Мәселен,  ата-бабасы киелі құс аққуды атқандықтан, ұрпақтары «аққу атқан» ауруына ұшыраған нысаналы, кеміс жандарды күнделікті өмірден  кездестіруге  болады. Бұл  арғы атасының күнәсі үшін  ұрпағы  жауап береді деген сөз.

Демек, барлық нәрсенің жаңғырығы болады, бумеранг заңы бойынша лақтырған затың айналып өзіңді келіп соғады. Осы пайымға иек артсақ, уақытында Кеңес өкіметі ұрандаған «әкесі үшін баласы  күймейді» деген сөз жаратылыс заңына  қайшы.

Мұның бәрі  әр адам өз жаратылысынан аса алмайды деген ұғымға келіп саяды. Қазіргі таңда  мамандар  пенденің фәни дүниеде біліп-білмей жасаған бейәдеп істеріне жауап беру, оның үмбетіне  жүктелетін  жаратылыс  құдіретінің сырына  тереңірек үңілуде.

Халал  немесе  харам  болып есептеліп, алғыс не қарғыс арқалайтын істердің қай-қайсысы да атадан балаға мирас болып, тұқым  қуалауы  тек  феноменінің   ғарыштық эволюциялармен байланысы бар ғажап құбылыс екендігін  аңғартады. Қазақтың  «Құдай пейілге береді» немесе «Қара ниеттінің де жазасын Алла тағала береді» деген сөздері өмірлік тәжірибеден алынған.

Сөзімізді түйіндесек, тіршілікте бірде-бір өсімдіктің  тамырсыз өспейтіні, өркен жаймайтыны сияқты, адам баласы да өзінің ата-бабаларымен көзге көрінбейтін  тамырлар арқылы жалғасқан. Қазақ халқының өмірінде жеті атасына дейін тәуіптік, көріпкелдік, сынықшылық, күйшілік, әншілік, аңшылық, ұсталық, құсбегілік, саятшылық және т. б. өнерлерді қуып өткен әулеттер жиі кездеседі.

Қазақ қоғамында айрықша құрметке бөленіп, жеті атасынан «қаракөк» үзілмей, жұлдызы жанып, ерекше мәртебеге ие болған  сұлтандар, билер, батырлар әулеті өз алдына бөлек әңгіме. «Жеті атасы би болған, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөздер бақ-жұлдызы жарқырай жанған осындай текті әулеттерге қатысты айтылған. Тегі асылдың ұрпағы да кемел. Бұған  қазақ тарихындағы жеті атасынан құт үзілмеген  Уәлиханов, Шорманов, Бабажанов, Кенесарин, Бөкейханов, Қаратаев, Сейдалиндер және т. б. тарихи әулеттер мысал бола алады. Бұлар бірін-бірі қайталамайтын, әрқайсысы айрықша бөлек даралыққа  ие   ұлт  генофондының арналы салалары.

– Сіздің тектілік туралы зерттеулеріңізбен таныспын. Тектология ғылымы әке-шешенің қанымен берілетін генетиканың бірдей рөл атқаратынын айтады. Медицина «баланың 60 пайыз қаны анадан өтеді» дейді. Бізде жеті атаны тергегенде тек ата жағына басымдық беріледі. Сіз не дейсіз? Мысалы, бөле немесе немере бөлелердің бір-біріне үйленуіне кері әсері бар ма?

– Сіздің ойыңыздың төркінін түсінгендей болып отырмын. Біз мыңдаған жыл бойы атакәсібіміз көшпелі мал шаруашылығы болып, патриархатты, яғни әкелер үстемдігіне негізделген қоғамнан шыққан халықпыз. Некелік-отбасылық қатынастарда экзогамияны һәм жеті атаны берік ұстанатынымыз сондықтан.

Әсіресе, жеті атасынан бақ-дәулет пен құт-береке  үзілмеген текті әулеттер тарихы өз зерттеушілерін күтуде. Отан тарихы ғылымында тектілік тақырыбы  терең қаузалып, жүйелі зерттелмегендіктен, бұл мәселе туралы қазақ қоғамының түсінік деңгейі әлі төмен. Сонымен қатар «Жігіттің жақсысы – нағашыдан», «Алып анадан туады», «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «Қатын алма, қайын ал», «Анасын көріп, қызын ал» деген ілкіден келе жатқан қанатты сөздер де жайданжай айтыла салмаған. Өйткені қазақ, іргелі, аталы, құрметті әулетпен құда болып, текті жерге ат байлап, асыл әулеттің алтын шынжырын үзіп алмау жағына терең мән берген.

Түптеп келгенде, дәстүрлі қазақ қоғамындағы қалың мал институтының негізгі сыры да осымен үндесіп жатыр. Текті жерден шыққан қалыңдықтардың бағасының 200, 500 тіпті 1000 жылқы болуы да қалыпты нәрсе. Атам қазақ бұған «мал – баланың шашуы» деп, өзінің болашақ ұрпағы үшін салынатын инвестиция ретінде қараған. Қысқасы, болашақ келіннің де ата-тегіне ерекше мән берілген.

Туысқан жандардың некелесуін ғылымда эндогамия дейді. Мұндай некелесу түрі әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Бұл – әсіресе, билеуші, ақсүйек әулеттер тарихында жиі кездесетін құбылыс. Бөлелердің жұп құрауы соның бір көрінісі. Сонымен қатар қазақ қоғамында екі рулы елге ұзатылған апалы-сіңлілердің балалары (бөлелер) отбасын құратын жағдайларда кездеседі. Өйткені ана жағынан таралатын туыстық байланыс қазақ әдет-ғұрпында экзогамиялық шектеуге кереғар болып саналмайды.

Әрине, бөле ана жағынан туысың болғандықтан, бәрібір қандасың саналады. Атамыз қазақ «Екі аяқтыда бөле тату, төрт аяқтыда бота тату» деп бекер айтпаған.

Мұндай некелесу қазақ қоғамында жаппай сипат алмағанымен, өмір болғасын ішінара кездесіп отырған. Нәтижесінде осындай отбасыларда ұрпақтың кемтар, кембағал болып туатындығы ғылымда дәлелденген.

– Қазір полигамиялық неке  немесе көп әйел алушылық мәселесі жиі-жиі көтеріліп жүр.

Өткен жылдың сәуір айында Конституциялық Кеңес некеден тыс туған балдардың құқықтық статусы мәселесін көтерді. Егер бұл заңдастырылса, олардың аналарының да мәселесі күн тәртібіне шығады. Сіз бұл факторға ғалым ретінде қалай қарайсыз?

– Біріншіден, полигамиялық неке қазақтың қанында бар құбылыс, сәйкесінше, талай тарланбоздардың тоқалдан туғанына кәрі тарих куә. Қазақ кіші әйелден туғандарды «тоқалдан туған томарбас» деп  қанша кемітсе де, Сырым Датұлы, Абай Құнанбаев, Қаныш Сәтбаев, Мұстафа Шоқай және т. б.  саңлақтарды Ұлы дала тарихынан ешкім сызып тастай алмайды. Әрине, бұл – қазақтың  бәйбішелері ондай дарындарды дүниеге әкелмеді деген сөз емес.

Табиғаттың ұлы заңы бойынша ақыл-ойы толысқан, күш-қайраты қайтпаған бабындағы еркек пен толықсыған жас тоқалдан кемеңгер ұрпақ туатыны, яғни еркек пен әйелдің жас айырмашылығының ерекше рөл атқаратыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бұған кезінде  кеңестік генетик ғалымдардың өздері айрықша мән беріп, арнайы зерттеулер жүргізген. Сондықтан мұндай аса нәзік мәселеге ешқашан біржақты қарауға болмайды. Ал көркем әдебиетте тоқал тақырыбын қарымды қаламгер Ілияс Есенберлиннен артық суреттеген жазушы жоқ шығар, сірә.

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы көп әйел алушылықтың сипаты қазіргіден өзгешелеу болғанын ерекше атап өтуге болады. Біз кезінде «Егеменде» жарық көрген мақаламызда шолғанымыздай, бұрын көп әйел алушылық: әмеңгерлік жолымен, бәйбіше бала көтермеген жағдайда, ұл тумаса немесе созылмалы науқасы болса, т.с.с. объективті себептер мен дала элитасының, хан мен сұлтандар, билер мен батырлар, бай мен қожалардың талап-тілектерін қанағаттандыру мақсатында жүзеге асты.

Екіншіден, өзіңіз айтқан ел тәуелсіздігі жылдарында аталмыш мәселе оқтын-оқтын көтеріле бастады. Полигамия арнайы заңдастарылмағанымен, кеңес заманымен салыстырғанда заң әлдеқайда либералданып, барынша жұмсарды. Сайып келгенде, дәулеті мен әлеуеті жеткендер «қазақ байыса, қатын алады» дегендей, қосқостан қатын ала бастады. Қоғамның бұған да көзі үйреніп, бүгінде саяси, бизнес, шығармашылық элитаның халыққа белгілі өкілдерінің арасында бұл үдеріс екпін ала бастады.

Осыған қарамастан көп әйел алушылықты арнайы заңдастыру керек дейтіндер де баршылық. Олардың ойынша, бұл заң –  табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы нәтижесінде кәрі қыздар санының артып, қазақ қыздарының өмірлік серіктерін таба алмай қалып жатқандығы,  жезөкшеліктің қалыпты жағдайға айналуы, тастанды балалар санының толассыз өсуіне байланысты жетімдер үйінің көбеюі, постиндустриялық қоғамда саналы түрде өзі үшін бала туып жатқан аруларымыздың пайда болуы, қаракөздердің басқа ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып, аралас некенің қоғамға сыналай енуі, ұлт өсімінің тежелуі, т. б. сияқты қазіргі қоғамда өткір тұрған мәселелерді шешудің жолы.

Анық-қанығын бір Алла біледі, сонда да айта кетуді орынды деп санаймыз, кейбір статистикалық мәліметтер еліміздегі кәрі қыздар мен жалғызбасты аналардың саны миллионға жақындап қалғанын айтады. Әрине, бұл ұлан-ғайыр жеріне шаққанда біз сияқты саны аз халық үшін және айналамызда қарақұрым көршілері бар ел үшін жақсы үдеріс емес.

Үшіншіден, таяқтың екі ұшы бар дегендей, медальдың да екі жағы болады. Тіпті заң қабылданды дегеннің өзінде қазіргі қоғам бұған әзір ме? Қызғаныш – адам табиғатына тән қасиет. Бұл – жаратылыс заңы. Осындайда қазақтың: «Екі сиыры бардың үйінде айран, екі әйелі бардың үйінде ойран» дегені еске түседі. Қазіргі бәйбішелер бұған әзір ме? Өмірден көріп жүргеніміздей, осындай қадамға барған кейбір отбасыларда көп жағдайда бірінші неке бұзылып жатады. Десек те, көпке топырақ шашуға болмайды.

Онсыз да ажырасушылардың саны көбейіп бара жатқан қоғамға бұл жайт қалай әсер етеді? Жат ағымдағы діни ұстанымын намазхан атты бетпердемен бүркемелеп, талақ деп қазақтың өрімдей  қыз-келіншектерін судай сапырған дүмшелер сияқты «донжуандар» көбеймесіне, кім кепіл? Қазақстанның халықаралық  имиджіне бұл қалай әсер етеді? Бұл – медальдың екінші жағы.

Жаһандану процесі қазақты жұтып жібермесін десек, әлемдегі полигамияға рұқсат етілген мемлекеттер мен посткеңестік кеңістіктегі көп әйел алушылықтан бас тартып жатқан елдер тәжірибесіне жан-жақты, егжей-тегжейлі талдаулар мен жүйелі, кәсіби сараптамалар жасалуы керек.

Өйткені қоғам мен уақыттың не нәрсені де өзі реттеп, ең керектісін елеп-екшеп шығарары сөзсіз.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар