12.09.2019, 20:41
Қараулар: 158
Көру қабілетіміз неге күрт төмендеуде?

Көру қабілетіміз неге күрт төмендеуде?

Бұрындары ата-әжелеріміз «Теледидарға жақын отырма, кітапты жатып оқыма» деп жиі ескертетін. Бала болғандықтан шығар, бұл сөздердің мәніне терең үңіле бермейтінбіз. Тіпті көзілдірікті екі жағдайда, біріншісі, самайды ақ шаш торлап қартайғанда, екіншісі, көз ауруы тұқым қуалағанда ғана киеді деуші едік. Алайда қазір жасына жетпей көру қабілеті кеміген жеткіншектер, көзілдірікке тәуелді жастардың қатары күрт көбеюде.

Көз дәрігері Әсел Ракованың айтуынша, бүгінде жасөспірімдер арасында алыстан көрмеушілік (миопия) жиілеп кеткен. Оның басты себебі – тұқымқуалаушылық және жүре пайда болған көз кемістігі. Жүре пайда болған көз кемістігі жарығы жеткіліксіз бөлмеде жиі жұмыс істегеннен, компьютер, телефон секілді сәуле тарататын цифрлық техникаларға тым тақалып қарағаннан және әр түрлі инфекциялардың, аллергияның асқынуы кесірінен, дұрыс тамақтанбаудан болады екен. Сондай-ақ жүктіліктің дұрыс жоспарланбауы да сәбидің көз кемістігімен тууына әсер ететін көрінеді. Яғни жүкті әйел сырқаттанып қалып, әсері күшті антибиотикпен егілсе,  дәрінің уыты нәрестенің құлағы мен көзіне залалын тигізуі мүмкін. Миопияның алғашқы белгілерін көздің бұлдырауынан, алыстағы заттардың екі еселеніп немесе бұлыңғыр тартып  көрінуінен байқауға болады. Дертті көзілдірік немесе жанамалы линза тағу арқылы, түрлі жаттығулар жасап, дәрі-дәрмекпен (көздің қан тамырын кеңейтетін дәрілер, кальций препараттары және дәрумендер) және физиоем қабылдау арқылы, сондай-ақ хирургиялық жолмен (склера бекітуші, кераторефрационды, лазерлі оталар) емдеуге болады екен.

– Қазір балалардың басым бөлігі далаға шығып ойнаудан қалды. Күні-түні компьютер мен теледидардың қасынан шықпаған баланың көру жүйесі бұзылады. Әсіресе, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар арасында көз кемістігі, қылилығы едәуір артты. Кей жасөспірім көзілдірік киюге ұялып, линза тағуға әуес. Бірақ жасөспірімдер 18 жасқа дейін линза тағуға болмайтынын білгені жөн. Тек миопия күрт өршігенде ғана қатты линзаны ұсынамыз. Кәмелеттік жасқа толмаса, көзге ота жасалмайды.  Линзаны күніне 8 сағаттан артық тағуға болмайды. Ұзақ уақыт линза тағудың кесірінен көздің қарашығына оттегі жетіспей қалады. Көздің қасаң қабағына ауа жетпеген соң ағза (организм) бұл мәселені өз бетінше шешуге ұмтылады. Яғни көздің  тамыры өсе бастайды, қасаң қабық мөлдірлігін жояды. Ал көздің мөлдірлігі  жоғалса, көру қабілетінен айырылады. Көз жанарын сақтау үшін балаларға «Слезавит», «Аевит», «Лютакс» секілді дәрумендер мен микроэлементтерден тұратын биологиялық белсенді қоспаларды ұсынамыз. Сондай-ақ күнделікті дастарқан мәзірінде клетчатка қырыққабаты, сәбіздің салаты, ет, жеміс-жидек және кептірілген жемістер мен мейіз болғаны жөн. А, В2, С дәрумендері көздің тор қабығы мен өткірлігіне жақсы әсер етеді. А дәрумені кілегей, май, нәлім (треска) бауыры, тауық жұмыртқаларында көп кездеседі. Ал В2 сүтте және ашытылған  сүт өнімдерінде, түрлі-түсті орамжапырақ, бұршақ, жасыл пиязда көп. С дәрумені қа-ра қарақат, қаражидек, шырғанақ, болгар бұршағы, цитрусты жемістерде бар. Көз үшін басты микроэлемент, ол  – цинк. Бұл – өте тамаша антиоксидант. Ол саңырауқұлақта, какао, күнжіт, асқабақ дәнінде мол.  Тағы айта кететін мәселе, тұрғындар арасында құрамында көкжидек (черника) бар биологиялық белсенді қоспалар туралы айтылып жүр. Алайда оны тұтынуға кеңес бермейміз. Өйткені көкжидек биологиялық белсенді қоспаның құрамында кездесетіндігі әлі клиникалық тұрғыда дәлелденген жоқ. Соған орай  ҚР Денсаулық сақтау министр-лігі емделушілерге ұсынатын дәрілік препараттар мен биологиялық белсенді қоспалардың тізіміне енгізілмеді, — дейді офтальмолог дәрігер Әсел Серікқызы. Сондай-ақ, маманның айтуынша, көзге жамылғы-төсеніш, бет орамалдан да инфекция жұғады. Әрине, олар таза болса, зиянды емес. Бір көздің жарақаттануы екінші көзге де әсер етеді екен. Ішімдік пен темекі де адам жанарының әлсіреуіне әкеліп соғады. Көру нашарлаған жағдайда арнайы дәрігердің кеңесіне жүгініп, дереу көзілдірік киген дұрыс. Көзілдірікті дер кезінде кию, оны дұрыс таңдап алу көздің бірқалыпты көруіне көмектеседі. Және көзілдіріктің құлақ қыстырмасы самай мен құлақты қыспауы керек.

— Компьютер сыныптарына, бейнетерминалдардың орналасу жағдайына қойылатын гигиеналық талаптар ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Адамға әсер ететін фи-зикалық фактор көздерімен (компьютер және бейнетерминалдар) жұмыс жасау жағдайларына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» туралы бұйрығымен қадағаланады. Осы бұйрық бойынша монитор мен көздің арасындағы қашықтық 50 см, тіпті 70 см қашықтықта болуы керек. Экран ортасы көз деңгейінен 15-20 см төмен тұруы шарт. Иықты еркін, денені бос ұстау керек. Сондай-ақ экранның жарығы бөлменің жарығымен сәйкес келуін қадағалаңыз. Сол сияқты компьютер алдында өткізген әрбір сағаттан соң 5-10 минут демаламыз. Экраннан алшақтап, көзімізге, денемізге жаттығулар жасаған дұрыс.

Жұмыс жасайтын бөлмеде бірнеше компьютер болса, арасындағы қашықтық бір метрден кем болмауы тиіс. Мүмкіндігінше компьютердің артқы бөлігі қабырғаға қарап тұрғаны дұрыс. Мектеп терезелері оқушының сол жағында орналасуы қажет. Компьютер, телефонды жиі қолдану олардан бөлінетін электрлі магнитті өрістердің әсерін қоспағанда, жеткіншектерге физикалық, психологиялық жағынан айрықша зиян.

Ең алдымен, баланың көру қабілеті төмендейді. Екіншіден,  орындықта ұзақ отыру омыртқа сүйегінің қисаюына себеп болады. Қолмен ғана бірыңғай жұмыс істеп, қозғалыссыз отырғандықтан, мойнына тұз бен сұйықтықтың (остеохондроз) жиналуына әсер етеді. Сондай-ақ  кітап оқып, сабақ жазғанда баланың көзі мен қағаз аралығы 35-40 см болғаны маңызды, — дейді БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Құрманай Жұмағалиева.

P.S. Жаңа технологияның қарқынына көз ілеспейді. Қатарынан қалмасын деп, қаршадай балаға табақтай планшет пен ұялы телефонды ұстата саламыз. Ал оның зиянын біліп тұрсақ та, кейде баламыздың үйде күні бойы телефон  ұстап жүргеніне мән бермейміз. Көз ауруларының дені ген арқылы  ата-анадан балаға тікелей беріледі.  Ұрпағыңыз жастай жанарынан айырылмасын десеңіз, ойланыңыз, оқырман!

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Сіз  білесіз  бе?

* «Көзді ашып-жұмғанша» демекші, адам денесіндегі бұлшық еттердің ішіндегі ең жылдамы – көздің бұлшық еті. Көзіңізді бір секундта бес рет жыпылықтатып, сол аралықта шамамен 50 затты көре аласыз.

* Көз адам миын басқа дене мүшелерге қарағанда, тез шаршатады.

* Шизофрения ауруын көздің қозғалысымен жасалатын қарапайым тесттің көмегімен 98,3%-ға дейін анықтауға болады.

* Саусақ таңбаларының ерекше 40 сипаты болса, көздің сыртқы мөлдір қабығы 256 сипаттамаға ие. Сол себепті көздің ішкі тор қабығын электронды түсіру қауіпсіздік мақсатында қолданылады.

* Ғарышкерлер гравитацияның әсерінен ғарышта жылай алмайды. Жас кішкентай шарға жиналып, көзді жыбырлата бастайды екен.

* Әлемдегі  адамдардың 2%-ы ғана жасыл көзді болады, бұл – ең сирек кездесетін көз түсі.

* Көз түсі жанардың нұрлы қабығында болатын меланин пигментінің санына байланысты. Меланин аз болса, көз түсі көк, жасыл, сұр, ал көп болса, қара, қоңыр, ашық қоңыр түсті болады.

КӨЗГЕ   КӨМЕКТЕСЕТІН  10  ТАҒАМ

* Сәбіз. Бұл көкөністің құрамында жанарыңыздың саулығын сақтайтын дәрумендер мен бета-каротин антиоксиданты, калий, кальций, фосфор, темір, мыс секілді пайдалы элементтер бар. Мәселен, бета-каротин жасы ұлғайған жандардың жанарын қалпына келтіруге көмектеседі.

* Балық пен балық майы көздің көру қабілетін арттыратын өте пайдалы тағам қатарына жатады. Олардың құрамындағы  майлы қышқылдар көздің көру жасушаларын (клеткаларын) жақсартады. Сондай-ақ теңіз балығы құрамындағы маңызды антиоксидант – омега-3 поли қанықпаған май қышқылы арқылы онкологиялық аурулардың алдын алуға болады.

* Жұмыртқаның сары уызы – көзге ең пайдалы тағамдардың бірі. Оның құрамындағы  күкірт, лютеин және амин қышқылы  көзді суқараңғылықтан сақтап, жанарыңызды құрғаудан қорғайды.

* Саумалдық  көзді түрлі аурулардан сақтайды. Оның құрамында көздің жанарын суқараңғылықтан сақтайтын лютеин заттегі мен В2, В6 дәрумендері, мырыш, фосфор, калий, магний элементтері кездеседі. Сонымен бірге саумалдықтан ақуыз бен майлы қышқылды да алуға болады.

* Сояның құрамында Е дәрумені мен майлы қышқыл бар. Соя қосылған тағамдар көздің көру қабілетін арттырады.

* Пияз бен сарымсақ күкірт элементінің қайнар көзі болып табылады. Ал күкірт көздің өткірлігін жақсартады.

* Брокколи — көздің көруін жақсартып, суқараңғылықтан сақтайды. Құрамында көзге аса қажетті лютеин мен зеаксатин бар.

* Қара шоколадтың құрамында көздің қан тамырларын қалыпты сақтап тұратын флавоноид бар. Ол жұқпалы көз ауруларынан қорғайды.

* Қаражидек антиоксидантқа өте бай. Оның құрамынан түрлі қышқылды микроэлементтер мен А, С, В және РР дәрумендерін алуға болады. Сонымен қатар көзді сақтайтын лютеин заттегі де бар.

* Жемістер. Әсіресе, киви, апельсин, өрікті күнде жеу керек. Ал С дәруменіне бай лимон, апельсин, мандарин секілді жемістерді де үзбеуге кеңес береміз. Бұл жемістер көздің тамырларын сақтап, көруін жақсартады. Сонымен бірге түрлі жұқпалы дерттерден қорғайды.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар