12.09.2019, 20:13
Қараулар: 131
«Кәсіподақ – қорғаушың мен қамқоршың»

«Кәсіподақ – қорғаушың мен қамқоршың»

Орал  шаһары  өзінің  туған  күнін шалқытып  тойлап  жатқанда  осынау шырайлы шарамен қатар облыс  орталығында  тағы  да  бір  маңызды  шара  өтті.  Ол – «Қазақстандық салалық  мәдениет,  спорт,  туризм  және  ақпарат  қызметкерлерінің  кәсіптік  одағы» ҚБ БҚО  филиалының  кезекті  VІ  конференциясы  еді. Бес  жылда  бір  өтетін  осынау  алқалы  жиынды  облыстық  филиалдың  «сиезі»  десе  де  болғандай.  Оған  алдын  ала  сайланған  52  делегат  түгелге  жуық  қатысты.

Алқалы  жиынға  «ҚСМСТжАҚКО»-ның  төрайымы С. Иманқұлова  астанадан  арнайы  келді.  Төрайым  делегаттардың  алдында  атқарылған  жұмыстар,  алда  тұрған  міндеттер,  кәсіподақтардың  мақсаты  мен  мұраттары туралы  тереңнен  толғап,  кеңінен  қозғап,  өз  ойларын  ортаға  салды. Конференция бір деммен,  белсенді  леппен  өтті. Енді осынау пәтуәлі  басқосудың  тұстарынан  ойып-ойып  әңгіме тарқатсақ…

«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ БҚО филиалының  төрағасы Айдар Батырханов өзінің баяндамасында әңгімені әріден қозғады. «Жыл өткен сайын, — деді ол, –  салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің қатарына қосылғандардың саны да, беделі де өсіп, қатарындағы мүшелерінің сенімінен шығуда. Біздің салалық кәсіподағымыз бұл күндерде еліміздің шеңберінен шығып, ірі халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады. Бұған ТМД елдері бойынша мәдениет және спорт қызметкерлерінің халықаралық кәсіподақ бірлестігіне, халықаралық актерлер федерациясына, халықаралық мәдениет, өнер, БАҚ қызметкерлерінің ұйымына мүше болып қабылданғанын мысалға келтіруге болады. Өткен жылы 8 ақпанда Мәдениет және спорт министрімен біздің салалық кәсіподақ 2018-2020 жылдарға салалық келісімге қол жеткізді. Онда қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету бағытында бірқатар қосымша енгізілді. Атап айтқанда: «Еңбекақы ұжымдық шарттардың немесе жұмыс берушінің актісіне сәйкес болуы және кемінде екі есе мөлшерінде қызметкердің күндізгі (сағаттық) ставкасынан кем болмауы тиіс» делінген. Өнер адамдарының, спортшылардың, ақпарат құралдары қызметкерлерінің мүддесін қорғауда барлық деңгейдегі республикалық, өңірлік, облыстық жерлерде мүмкіндікті пайдаланып, маңызды, өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылды. Оларды жіктеп айтсақ,  жалақыны көтеру, ведомстволық тұрғын үйлерге қол жеткізу, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар бойынша несиелік бағдарламаларға қатысу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және  басқа да жеңілдіктерге  қол жеткізу мәселелері жайлы ұсыныстарымыз қабырғасынан қойылды. Бұл ұсыныстарымыз мәдениет, спорт жөніндегі қоғамдық кеңеске, еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссия отырысына ретімен ұсынылып отырылды. Салалық кәсіподақ кітапхана жүйесі мен  архив, музей, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлерін оңтайландыру деген үрдістің орынсыз екендігі туралы бірнеше рет мәселе көтерді. Салалық кеңестің соңғы отырыстарында оңтайландыру жөнінде қабылданған шешімдерді түсіндіру туралы кезекті сұрау салынды, тиісті министрліктерге хат жолданды. Олардан келген ресми жауаптар барлық салалық бастауыш ұйымға жіберілді. Елбасының Жолдауына сәйкес зейнетақы, жалақы, сондай-ақ техникалық қызметкерлердің жалақысы 2019 жылдың 1  қаңтарынан бастап 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге өсті. Ал 1 маусымнан бастап барлық бюджеттік қызметкердің еңбекақысы 30 пайызға өскені жұртшылыққа кеңінен мәлім. Сондай-ақ салалық кәсіподақтардың табанды талаптары мен ұсыныстарының нәтижесінде 60 мың теңгеден төмен жалақы алатын еңбеккерлерден ендігі жерде жеке табыс салығы 10 пайыз емес, 1 пайыз ғана ұсталатын болды.

Біздің салалық кәсіподақтар мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай базалық лауазымдық жалақыны 1,5-2 есеге дейін өсіру мәселесін тиісті министрліктер алдына қойып келеді. Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Жолдауында да сала қызметкерлерінің еңбекақысы басқа салалармен салыстырғанда, өте төмен дәрежеде екенін баса айтты. Соған байланысты біз өз тарапымыздан жалақыны өсіруді Үкімет алдына, қажет болған жағдайда Президент аппараты алдына да ұсынатын боламыз.

Биыл маусым айында Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдық мерейтойына және елімізде Жастар жылы жариялануына байланысты Салалық кәсіподақ төрайымы Светлана Кеңесқызы Иманқұлованың бастамасымен «Жастар – Қазақстан дамуының флагманы» атты республикалық форум өтті. Бұл форумды мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы, Мәдениет және спорт министрлігі, еліміздің кәсіподақтар федерациясы, ұлттық олимпиада комитеті, облыстық әкімдіктер ұйымдастырды. Оның аясында еңбекақыны көтеру, жас мамандарды жұмыспен, баспанамен қамту, әлеуметтік жеңілдіктер көрсету, сонымен қатар көп балалы жас отбасыларды қолдау сияқты қадау-қадау мәселелер жан-жақты талқыға салынды. Үндеу қабылданды. Ұсыныстар Үкімет пен  Парламентке  жолданды».

Облыстық филиалдың төрағасы Айдар Батырханов одан әрі кәсіподақтың облыстық бөлімшесінің жұмысына қарай ойысты. Өткен бес жылда не тындырылғанына, қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталып, келешек күндердің міндеттері мен мақсаттарын шолды. «Ең әуелі – кәсіподақ құрамдары артып, мүшелерінің саны өсті, сапасы жақсарды, – деді ол. – Әрине, ол атқарылған орасан зор жұмыстардың арқасында мүмкін болды. 2014 жылы 28 бастауыш ұйымда 1700 кәсіподақ мүшесі болса, күні бүгін ол 52 бастауыш ұйымға жетті. Мүшелерінің саны да  өсіп, 4883 адамды құрады.  Аталмыш мерзімде кәсіподақтың 6 дүркін  кеңес отырысы оздырылды. Онда сан түрлі мәселелер ортаға салынып, талқыланды. Солардың ішінен біреуін ғана мысалға келтіре кетсек, ол 2016 жылдың 14-15 сәуірінде «Ақжайық»  шипажайында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері бас қосқан семинар. Семинарды сала кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова арнайы келіп, Еңбек кодексі аясында «Еңбек қатынастарын реттеудегі кәсіподақтар рөлі» тақырыбында  өткізді.  Онда ұжымдық еңбек шартын қызметкерлерге қолайлы етіп жасау, еңбек дауларын туындатпау, туындаған жағдайда шешу жолдары және ұжымдық шартта көрсетілген талаптардың орындалмауы қандай жағдайларға апарып соқтыратыны туралы жан-жақты түсіндірілді». Одан әрі облыстық ұйымның төрағасы кәсіподақ мүшелерін сауықтыруға 1 млн. 500 мың теңге қаржы жұмсалғанын, биылдан бастап «Ақжайық» шипажайынан басқа Түркістан облысындағы «Ақсу-Дем» шипажайында 7 адамның, «Самал» туристік лагерінде 25 оқушы баланың демалып келгенін айтты.

Облыстық филиал төрағасы қол жеткізген жетістіктерді айтумен қатар, өзін мазалап жүрген мәселелерді де бүгіп қалмады.  Атап айтқанда, «Кәсіподақтар туралы» заң мен Еңбек кодексінің кейбір баптарында тайға таңба басқандай нақтылықтың өз дәрежесінде болмауы еңбекшілердің мүддесін қорғауға араласып, оны шешуде қиындықтар туғызып келе жатқанын баса айтты. Сол олқылықтарды жойып, қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу салалық кәсіподақтардың болашақтағы жұмыс жоспарына енгізілсе, тиісті құзырлы орындар мен Парламентке ұсынылса деді. Кәсіподақтардың қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалануда жауынгерлік таныта алмай келе жатқандығын да жасырмады. «Заңға үстірт қарайтын жұмыс берушілерге қызметкерлердің мүддесін қорғауда табандылық көрсете алмаймыз, заңды жақсы, жетік білуге өз күшімізбен оқып, игеруге талпынбаймыз, енжармыз»,  – деді.

«ҚСМСТжАҚКО» төрайымы Светлана Иманқұлова өз сөзінде «Біздерді, кәсіподақ  ұйымдары мен әлеуметтік серіктестіктерді, бір ғана мақсат біріктіреді. Ол – қолдау сұрап, бізге келген қызметкерлерге әлеуметтік қорған болу. Кәсіподаққа сенім артқан адамның сенімі мен үмітін ақтау. Кәсіподақ – еңбек адамы үшін қорғаушы мен қамқоршы. Ол үшін белсенді, адал, ашық жұмыс істеуіміз керек. Қазір біздің қатарымызда 56 151 кәсіподақ мүшесі бар» – деді. Төрайымның айтуы бойынша, құзырлы орындарға еңбек адамының әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты сүбелі-сүбелі ұсыныстар берілген.

Олардың басында қызметкерлердің күнделікті (сағаттық) мөлшерлемесіне негізделген көлемі екі еседен кем емес мөлшерде еңбекақыны өсіру туралы ұсыныстар тұр. «Зейнет жасына жақындаған хореография және балет артистерінің еңбекақысын көтеру, баспанамен қамту, зейнетақы төлемдерін жасау туралы ұдайы көтеріп келеміз. Базалық еңбекақыны көтеру, салалық 1,72 коэффициентін қайтару, техникалық қызметкерлерге еңбек демалысы мен жалақысын көтеру, жоғары оқу орындары базасында цирк өнері бөлімін ашу, балет пен хореография қызметкерлерінің зейнетке ертерек шы-ғу мүмкіндігін қарастыру. Осы соңғы пункт бойынша, – деді Светлана Кеңесқызы. – Жақында ғана Парламент Мәжілісі балет артистері туралы заң жобасын құптады. Бұл жоба осы жылдың соңына дейін жүзеге асатын болады. ҚР Еңбек кодексінің 139- тарауының 9-пунктіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс бердік. Ол ауылдық жерлерде жұмыс істейтін барлық маманның еңбекақысын 25 пайызға көтеру. Жалақы туралы сөз болса, алдымыздан шығатын базалық лауазымдық еңбекақы деген түсінікті мүлдем алып тастауды ұсынамыз. Қазір ҚР Үкіметі мен Кәсіподақтар федерациясы деңгейінде барлық лауазымдық еңбекақыны және ең төменгі жалақы деңгейімен байланыстыруды алып тастау жөнінде Үкіметтік комиссия құрылды. Бұл кәсіподақтардың, соның ішінде біздің салалық кәсіподақтың да үлкен еңбегі арқасында мүмкін болды». Салалық кәсіподақтың төрайымы бұдан  басқа да атқарылған жұмыстарға, қол жеткізген жетістіктерге кеңінен тоқталды. Ал  Айдар Батырханов басшылық жасап келе жатқан облыстық филиалдың  жұмысына да ризашылығын білдіріп, оң бағасын берді.

Конференцияда Қазталов аудандық мәдени демалыс орталығы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Хасанов, «БҚО тарих және археология орталығы» МКҚК бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Яна Лұқпанова, облыстық «Жастар ресурстары» орталығы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Эльмира Мәмбетқалиева және басқалары сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Делегаттар кәсіптік одақтың облыстық филиалы төрағалығына Айдар Батырхановты қайтадан бірауыздан сайлады. Сондай-ақ осы конференцияда «ҚСМСТжАҚКО» қоғамдық бірлестігінің VІІ сиезіне делегат болып  Я. Лұқпанова, Э. Мәмбеталиева және  А. Батырханов  сайланды.

*    *    *

Конференция делегаттары басқосу барысында белсене қатысып, өз ойларын емін-еркін ортаға салды. Өздерін  мазалап жүрген сұрақтар мен мәселелерді ешкім бүгіп қалмады. Төрайым Светлана Иманқұлова олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жан-жақты түсіндіріп, нақпа-нақ  жауап қайтарды. Делегаттар осынау алқалы жиыннан «Еңбек адамының мүддесі мен заңды құқын қорғау, Еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбегіне қарай лайықты жалақы төлеу, тұрмысы мен табысын көтеру кәсіподақтардың мұраты мен мақсаты болып қала береді»   деп   тарқасты.

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар