12.09.2019, 19:57
Қараулар: 338
Несиелік рақымшылық

Несиелік рақымшылық

Батысқазақстандықтардың  1 млрд.  теңгеден  астам  несиесіне  рақымшылық  жасалды.

ҚР Президентінің 26 маусымдағы “Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы” №34 Жарлығына сай жүргізіліп жатқан бұл шараға өңірімізден 44 мыңнан астам борышкер ілігіп отыр. Соған орай тиісті санатқа жататын азаматтардың екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдардан алған кепілсіз тұтыну несиелерінің 300 мың теңгеге дейінгі негізгі сомасын мемлекет өтеп беруде. Ол үшін борышкерлердің биылғы жылдың 1 маусымына дейінгі берешегі 3 млн. теңгеден  аспауы  тиіс.

ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Нұржан Қалдыбековтің айтуынша, рақымшылық жасалып отырған бес санатқа көп балалы отбасылар, мүгедек бала асырап отырғандар, асыраушысынан айырылғандар, атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұялар және жетімдер жатады. Мемлекеттің мұндай көмек жасаудағы мақсаты – қиын жағдайға тап болғандарға жәрдемдесу, оларға өздерінің отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру. Азаматтар аталмыш рақымшылыққа ілігіп-ілікпегенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің enbek.gov.kz ресми  сайтында  тексере  алады.

Айта кетейік, борышкерлер құжат жинау машақатынан да босатылады. Азаматтардан сұралатыны – банк қызметіне жүгініп, несиесінің өтелгеніне көз жеткізуі.

ҚР Президенті жариялаған несиелік рақымшылық қыркүйек айының ортасына дейін  жүргізіледі.

Мәди   ЫҚЫЛАС

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар