12.09.2019, 19:56
Қараулар: 338
15 сағатқа созылған қабылдау

15 сағатқа созылған қабылдау

Оралда  азаматтарды  қабылдауды  заманауи  форматта  өткізу  игі  дәстүрге  айналды. Осы  аптаның алғашқы  күнін  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев, сондай-ақ  бірқатар  мемлекеттік  құрылымдардың  басшылары  азаматтарды  қабылдау шарасына  арнады.

Облыс және қала әкімдері, облыстық басқармалар мен құқық қорғау құрылымдарының, ТҮҚЖБ басшылары, яғни халықпен тікелей байланыста жұмыс жасайтын жандар азаматтардың жайлылығы үшін кең  залда  жиналды.

Әр азаматтың өздерінің түйткілді мәселелерін шешу үшін құрылым басшыларына тікелей жолығу мүмкіндігі болды. Тұрғындар бір орында отырып-ақ түрлі саланы қамтитын кеңес алды. Бұл ретте қабылдау тәртібі электронды кезек арқылы ұйымдастырылды.

Азаматтарды қабылдау таңертеңгі сағат 9:00-де басталып, 24:00-ге дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында келушілерді түгел қабылдау мақсатында  үзіліссіз жұмыс жүргізілді. Қабылдауға жазылған азаматтардың арасында аудандардан келген жандар да  аз болған жоқ.

Өңір басшысы Ғали Есқалиевке 80 адам жеке мәселелерімен жолығып, тағы 65 азаматты Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қабылдады. Жалпы қабылдау барысында 272  тұрғын мәселелерін билік өкілдеріне жеткізу мүмкіндігін иеленді.

Атап өтерлігі, 10 мәселенің 8-і баспана алумен байланысты болды. Бизнесті кеңейту мақсатында жер алумен  байланысты сұрақтар да айтылды. Құқық қорғау құрылымдары тарапынан қабылданған шешімдерге шағым айта келгендер де бар. Қабылдау барысында өңір тұрғындары туризмді дамыту, облыс орталығын абаттандыру және басқа мәселелерге қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Қабылдау барысында азаматтар тарапынан айтылған мәселелерді сараптай қарағанда, болашақта жеңілдетілген ипотекалық несиелеу және баспананы жалға беру бағдарламаларының ауқымын кеңейту қажеттігі туындап отырғанын көруге болады. Аталмыш бағдарламаға сұраныс өте жоғары. Сонымен бірге жер телімдері бойынша шешімдердің ашықтығын қамтама-сыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту керек.

Ел Президенті «Еститін мемлекет» тұжырымдамасына көшу қажеттілігін бірнеше мәрте тапсырды. Бұл қадам халықпен тығыз байланысты қамтамасыз етіп, өңірлердегі әкімдіктердің азаматтар үшін қолжетімділігін  арттырады.

Аталмыш жұмыс форматы халыққа мемлекеттік қызметтер ұсынуды жетілдіруге және азаматтардың  түйткілді мәселелерін шешуде көрсетілетін көмек сапасын арттыруға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасына  сәйкестігін  көрсетеді.

Айта кету керек, облыста азаматтарды қабылдау тұрақты түрде жүргізіледі. Облыс орталығында және аудандарда халықпен тікелей және кері байланыс үшін қолданыстағы алаңдар саналатын дәстүрлі «Ашық әкімдіктер» өткізілуде. Бұдан басқа азаматтарды қабылдау «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында да жүзеге асырылады.

Данияр  БАХИШЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар