12.09.2019, 19:50
Қараулар: 179
Білдей ғалымдары мен мамандары бар облыста бруцеллез неге бұғалықталмайды?

Білдей ғалымдары мен мамандары бар облыста бруцеллез неге бұғалықталмайды?

Облыс әкімдігінде «Эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету»  тақырыбында кеңес өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов және осы министрліктің өкілдері,  аудан әкімдерінің орынбасарлары, ғалымдар, ветеринария саласының басшылары мен мамандары қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында отандық агроөнеркәсіп кешенін сапалы дамыту, негізгі ресурсымыз – ауыл шаруашылығының мол әлеуетін пайдалану жөнінде айтылғанын, соған орай алға қойылған тапсырмаларды орындау қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ өңірімізде жұмыс сапарымен болған ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің мал шаруашылығын дамыту, мал басын өсіру жөнінде тиісті тапсырмалар бергенін айта келе, мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін қоғамдағы ветеринариялық қауіпсіздік мәселесінің өзекті екендігін жеткізді.

– Ауыл шаруашылығы саласы бойынша заңдарға өзгерістер енгізілуде.  Ветеринарлық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты заңнама Парламент Мәжілісіндегі талқылаудан өтті, енді Сенатта қаралуда. Осы мәселе бойынша Сенаттың тиісті комитетінің отырысына қатысып, нақты сұрақтарға қатысты пікір-ұстанымымызды білдірдік, – деді Арман Өтеғұлов. Оның айтуынша, ветеринарлық қызметті басқарудағы сатылы жүйенің болмауы, ветеринарлық қызмет көрсетуге арналған арнайы ғимараттардың  жетіспеушілігі екпе шараларын өткізуге, мал арасындағы жұқпалы аурулардың алдын алуға кері  әсерін тигізеді. Осының барлығы алдағы жылдан бастап қолданысқа енетін заңда көрініс таппақ.

Төрағаның айтуынша, республика бойынша ветеринарлық қызметке 24 млрд. теңге қаралған. Ендігі мәселе – мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану, зертханаға қажетті жабдықтарды алу, базамен дұрыс жұмыстану, ветпункттердің жұмыстарын талапқа сай жүргізу.

Елімізде мал шаруашылығын дамытуға баса мән беріліп, алыс және таяу шетелдерден асыл тұқымды мал әкелінуде. Жақында Австралиядан 4 000 бас әкелінді, АҚШ-тан, Канададан, Еуропадан да мал тасымалданған. Аргентина, Бразилиядан мал алуға келісімдер жүргізілуде. Асыл мал өсіруден сол елдердің деңгейіне қалай жетуге болады?  Қазір БҚО-да 13 ветстанса бар, оның біреуі жалдамалы орында. 147 ветпункттің 58-і ғана өзіне басыбайлы тиесілі орында отыр. Дегенмен өзге өңірлермен салыстырғанда, облыстағы жағдай шүкір деуге болады, әйтсе де, көңіл бөлетін нақты мәселелер жоқ емес.

– 13 ветстансада 214 штаттық бірлік бар, соның 49-ы ғана мал дәрігері, 9 диспетчер, 1 ветсанитар бар. 13 стансада 23 бухгалтер қызмет етеді. Бұл қалай? 60-70 млн.  теңгені санау үшін екі бухгалтерден ұстаудың не қажеті бар? Үш-ақ заңгер жұмыс істейді, мұнда 13 заңгер болуы керек. Бір шаруашылық меңгерушісі бар, ол неге 13 емес? Кадр қызметкері біреу, 40 жүргізуші, 15 отжағушы, өзге лауазымда 23 адам істейді. Сонда әр ветстанса өзінің керегінше штаттық бірлікті жасап алған. Осы қызметкерлердің барлығы ветстансаға бөлінетін 70-80 млн. теңгенің ішінде отыр. Сонда орташа жалақы – 50 мың теңге, салықтарын алып тастағанда одан да аз шығады. Мал дәрігерінің жалақысы – 75 мың теңге. Сондықтан жоспарлаған уақытта осының барлығын елеп-екшеу керек, – деп ескертті ветеринарлық қызмет саласындағы штаттық бірлік жайына да талдау жасаған Арман Өтеғұлов. Оның айтуынша, БҚО-да мал басы саны көбейіп келеді. Соған сай мал дәрігерінің де саны өсіп, жалақысы көтерілуі тиіс.

Жиында айтылғандай, елімізде мал арасындағы бруцеллез ауруы бойынша өңіріміз Шығыс Қазақстан облысынан кейінгі орында тұр. Жаңа стратегия бойынша малдан екі рет қан алады, содан кейін қайта-қайта ауру анықталатын болса, республикалық эпизоотиялық отряд әрі қарай өз жұмысын жалғастырады. Вакцинаны мал иесі өз қаражатына сатып алуы керек. Мысалға, өткен жылы өңірде 6 бруцеллезге қарсы ошақ болса, биыл оның саны 12-ге жеткен. «Білдей ғалымдары, білім-білігі мол мамандары бар облыста неге бруцеллез ауруы тыйылмай отыр?» – деп жиынға қатысушыларға ой салды төраға.

Басқосуда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетовтің баяндамасында айтылғандай, өңірдегі ветқауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл 1 млрд. 087 млн. теңге қаражат бөлінген.

– Күні бүгінге облыста жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының 7 ошағы тіркелді (2 құтыру ошағы, 3 қарасан, 2 пастереллез). Өткен жылы осы кезеңде 16 ошақ тіркелді (1 қарасан, 13 құтыру, 1 пастереллез, 1 брадзот). Барлық ауру ошағында сәйкес ветеринариялық шаралар толық көлемде жүргізілді. Басқа аса қауіпті аурулар бойынша эпизоотикалық жағдай тұрақты. Диагностикалық шаралар нәтижесінде бруцеллез ауруына күні бүгінге 8 айлық жоспармен  443 мың бас ірі қара зерттеліп (100%), оның 6108 басы оң нәтиже көрсетті. Дегенмен малдың аурумен зақымдануы 2018 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 0,2%-ға азайған. Ұсақ мал бруцеллезіне 855 мың бас зерттеліп (100%), соның ішінде 1278 бас оң нәтиже көрсетті, зақымдануы – 0,15%. Күні бүгінге оң нәтиже көрсеткен санитарлық мал ет өңдеу кәсіпорындарына тапсырылуда, – деді Серік Базарұлы. Оның баяндауынша, бүгінде ірі қара  арасында бруцеллезден қолайсыз 8 елді мекен (Сырым ауданындағы Аралтөбе, Тоғанас, Сасықкөл, Теректі ауданындағы Абай ауылдары, Орал қаласы аумағындағы “УСХОС” ЖШС, Орал қаласы Серебряков ауылындағы «Қайрат» шаруа қожалығы, Бөрлі ауданы Приурал ауылы, Тасқала ауданындағы Мереке ауылы), оның ішінде бір ошақ (Орал қаласы “УСХОС” ЖШС) 2018 жылдан жалғасуда. Ал ұсақ малдар арасында үш елді мекен (Ақжайық ауданы Сарытоғай ауылдық округіндегі Жанама, Бөрлі ауданындағы Приурал, Ақбұлақ ауылдары) тіркеліп, бруцеллезден сауықтыру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда ірі қара арасында бір ошақта (Сырым ауданындағы Аралтөбе ауылы) және ұсақ малдар арасында бір ошақта (Ақжайық ауданындағы Жанама ауылында) сауықтыру жұмыстары аяқталуда.

– Ветеринарлық қызметтің кейбір бақылау, қадағалау функциялары жергілікті атқарушы құрылымдарға берілген болатын. Сол қызметтерді кері қайтару, яғни орындаушы және қадағалаушы қызметтерінің аражігін ашу жөнінде алдағы жаңа жылдан бастап жаңа заң қабылданбақ. Заң күшіне енген жағдайда қадағалау функциялары бұрынғы облыстық аумақтық инспекцияға беріледі. Бруцеллезбен күрес жөнінде министрлік пен комитетте қағида жасақталды. Оны жүзеге асыру бағытында жұмыстанудамыз. Бруцеллезді тек мал мамандарының күшімен жоя алмаймыз, оған атқарушы биліктің, құқық қорғау құрылымдарының, тұрғындардың да көмегі, ортақ үйлесімді жұмысы керек. Мысалға, мал дәрігері мал тиеп келе жатқан аутокөлікті тоқтата алмайды, оның құзырында жоқ. Оның құзыры болса, ол мал тексерілген бе, есептен шыққан ба, оның барлығын қарар еді. Мал иелерінің жауапкершілігін ұмытпағанымыз жөн. Бруцеллезбен кешенді жұмыстар жоспарын жасақтап, сол бойынша жұмыстануға тиіспіз, – деді Серік Нұрмағамбетов.

Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару мүмкіншілігі мемлекеттегі тұрақты эпизоотиялық жағдайға тікелей байланысты. Сондықтан облысымызда тұрақты ветеринарлық-санитарлық қолайлылықты және тамақ өнімдерінің түпкі тұтынушы, яғни адамға қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жыл басынан бері ауқымды жұмыстар атқарылған. Бұл туралы жиында облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірхан Қонақбаев жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, биыл бруцеллез ауруы анықталған 2 211 қора-жай, яғни 311 346 шаршы метр көлеміндегі аумаққа залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.

– Облыстағы аудандар аумағында барлығы 255 мал қорымы бар, олардың ішінде 56-сы – типтік үлгіде, 199-ы – бейімделген мал қорымы. Әлі 27 мал қорымын салу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі заманның талаптарына байланысты мал қорымдарына қойылып отырған қағидалары негізінде Орал қаласы, Сырым, Бөрлі, Қаратөбе аудандарының жергілікті атқарушы құрылымдары мал қорымы құрылысын салуға  атсалысты. Біздің тарапымыздан бірнеше мәрте өзге аудан әкімдеріне хат жолданғанымен, бүгінгі күнге аталған мәселе тиісті дәрежеде шешілмей отыр, – деді Темірхан Мәулетұлы.

Жиында сала мамандары ветеринарлық қызметті жетілдіру, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті аурулар таралуын болдырмау жайында ой-пікірлерін ортаға салды.  Елімізде эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын және биологиялық қауіпсіздік қатерінен  сақтауды ветеринарлық қызметпен бірлесе отырып, алдын алу үшін қоғам болып, ауыл-аудандардағы тұрғындар болып бір мақсат, бір мүдде жолында бірлесе жұмыстану керек деген ой-тоқтам жасалды жиында.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар