12.09.2019, 19:49
Қараулар: 134
«Ерекше әсермен оралдық»

«Ерекше әсермен оралдық»

«Мерейлі отбасы» республикалық байқауында облыс намысын қорғап, ҚР Тұңғыш Президенті қоры тағайындаған арнайы жүлде иеленген Қарсақовтар әулетін жергілікті билік және ҮЕҰ, БАҚ өкілдері Орал теміржол бекетінен күтіп алды.

Ең үлгілі отбасылар бақ сынасқан байқауда өңір намысын қолдан бермей, абыроймен оралған отбасын күтіп алушылар қатарында «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңін ұйымдастырушы «Ақ отау» отбасы орталығының» төрайымы Алтынай Исқалиева да болды. Оның айтуынша, қоғамдық бірлестік аталмыш байқауды 2014 жылдан бастап ұйымдастырып келеді. «Елімізде 2013 жылы Отбасы күні арнайы бекітілген болатын. Сол кезден бастап үлгілі әулеттерді насихаттау, отбасылардың татулығын нығайту, жарасымды жанұяларды үлгі ету арқылы жастар арасында ажырасу деректерін алдын алу мақсатында «Мерейлі отбасы» байқауы ұйымдастырылып келеді. Биыл байқаудың облыстық кезеңіне 48 отбасы қатысуға өтініш беріп, оның ішінен іріктеліп алынған 13 жанұя өзара бақ сынасты. Бас жүлде иеленген қазталовтық Қарсақовтар әулеті республикалық кезеңге жолдама иеленді. Бұл отбасы көп балалы, бірлігі мен берекесі басқаларға үлгі етуге тұрарлықтай, шығармашылыққа, өнерге жақын жандардан құралған», – деді Алтынай Ғалымқызы.

– Байқаудың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары, елордаға сапардан ерекше әсермен оралдық. Облыстағы ең таңдаулы әулеттер арасынан ең үздік және үлгі етуге тұрарлық отбасы ретінде танылу біз үшін мақтаныш болса, екінші жағынан, зор жауапкершілік жүктейді. Биыл біздің шаңырақ үшін жақсылыққа толы жыл болды. «Мерейлі отбасы» байқауында топ жарудан бөлек, тұңғышымыз Назым мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, бүгінде Ақтөбе қаласындағы медициналық университеттің грант иегері атанды.

Шаңырақтың берекелі тірлігін, ынтымақ-бірлігін насихаттау арқылы идеологиялық бағытта ауқымды жұмыстар атқарып отырған облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдіктерге, Нұр-Сұлтан қаласына сапарымызға демеушілік білдіріп, біз үшін тілеулес болған ағайын-туыстарымызға, зайыбым екеуміз қызмет ететін қос мектеп – А. Оразбаева атындағы ЖООБМ мен Қазталов орта мектебінің ұжымдарына, Құрманбек, Баубек секілді жанашыр жерлес ағаларыма, Думан, Дүйсенбай және Қажымұрат атты достарыма шын жүректен ризашылығымды білдіремін, – дейді біздің облыстағы ең мақтаулы отбасының отағасы Медет Қарсақов.

Аяужан КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар