12.09.2019, 19:48
Қараулар: 135
Қосымша иммундау жүргізілмек

Қосымша иммундау жүргізілмек

Биыл облыста қызылшаның 119 дерегі тіркеліп отыр. Оның 83-і зертханалық тұрғыдан расталса, қалғаны тұрғындардың науқаспен эпидемиологиялық байланыста болған жағдайы.

Олардың арасында 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 45,4%-ды (54 жағдай) құрайды. Аурушаңдық алты әкімшілік аумақта, соның ішінде Орал қаласы бойынша – 75, Бәйтерек ауданында – 23, Бөрлі ауданында – 7, Бөкей ордасы ауданында – 6, Сырым мен Теректі аудандарында 4 жағдайдан тіркелген. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында БҚО тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін  бақылау  департаментінің  басшысы Ринат  Құбатаев мәлімдеді. Оның сөзінше, 20-29 жастағы тұрғындарды қосымша иммундауды жүргізуге республиканың барлық аумағында және  әлемде қызылша ауруының тіркелуі себеп болып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының  30 шілдедегі  мәліметіне сәйкес, 130 мыңнан астам қызылша ауруы дерегі тіркелген екен. Соның ішінде 53 мемлекеттің 49 өңірінде, атап айтсақ, Украинада 84394, Қазақстанда 9430, Грузияда 4950, Ресейде 3494, Қырғызстанда 2928 жағдай тіркелген. Біздің елде  қызылша бойынша асқынудың эпидемиологиялық жағдайы 2018 жылдың қараша айында басталып, биыл аурудың өршу мерзімі қаңтар-ақпан айларында байқалған.

Әсіресе, аурудың жоғары көрсеткіші 20 жастан асқан егілмеген тұрғындар мен 1 жасқа дейінгі егу жасына жетпеген балалардың (46,2%) арасында кездесуде.  20-29 жас аралығындағыларды қосымша иммундауға облыс бойынша 64 700 адам жатады екен. Бұл жастарға қосымша иммундау жүргізу  үшін  облыстағы  денсаулық сақтау мекемелерінде 241 стационарлық егу пункті жұмыс істейді. 119 егу бригадасы дайындалған. Қызылша  мен  қызамыққа қарсы екпе егу жұмыстары  тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген емханаларда жүргізіледі.

Баспасөз мәслихатында БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары  Ерлан Мұқанов айтып өткендей, қажетті екпе толықтай жеткілікті. Қызылша мен қызамыққа қарсы  вакцина Үндістан елінде өндірілген, ДДСҰ ұсынған екі компонентті вакцина болып табылады. Облыс бойынша «СК-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьютері арқылы қызылша мен қызамыққа қарсы 71200 вакцина сатып алынған. Мамандар тұрғындарды профилактикалық шараларға белсенді қатысуға, ауырып ем іздегенше, алдын ала егілуге шақырды. Брифинг барысында тұмауға қарсы Ресейде өндірілген 65000 вакцина алынатыны да айтылды.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар