12.09.2019, 19:47
Қараулар: 336
Тауарларды сыртқа шығаруға не кедергі?

Тауарларды сыртқа шығаруға не кедергі?

ҚР Президенті «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсетудің маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Қазақстанға сондай мүмкіндіктер берілуде. Дегенмен отандық кәсіпкерлер өз өнімдерін экспортқа шығарғанда және сырттан тауар тасымалдағанда еш қиындықтарға кезікпейді деп айта алмайсыз. Сондықтан да Еуразиялық экономикалық комиссия қоғамдық қабылдаудың көшпелі кеңесін Оралда өткізіп, бизнес өкілдерімен жүзбе-жүз кездесті.

Жиында айтылғандай, түйінді түйткілдер жеткілікті. Ара-тұра БҚО аумағына тауар тасымалдау барысында капиталдың, тауарлардың, жұмысшы күшінің, көлік құралдарының еркін қозғалысы тәртібі сақталмайды. Экспорттық бақылау басқармасы шекарадан кіріп-шығу кезінде құжаттарды жіті қарайды. Ресейдегі транзиттік аумақта үшінші елдерден келген тауарларды тексеру барысында ондағылардың өз құзыреттерін асыра пайдаланатын жағдайлар ұшырасады. Оған қоса кедендік бекеттердің инфрақұрылымдары халықаралық талаптарға сай келмейді. Жергілікті кәсіпкерлер Ресей аумағында тауарларды тасымалдау кезінде ондағы кедендік мобильдік топтардың біліксіздігі кесірінен көп жағдайда тауарларды елге кері қайтаруға мәжбүр болады.

– Ресей мен Қазақстан елдері аумағында заңсыздықтарға тап болсаңыздар, сол бойда Еуразиялық экономикалық комиссияға хабарласыңыздар. Кемшіліктер көбінесе білімсіздіктің кесірінен орын алып жатады. Мұндай жағдайларда жоғары мөлшерде айыппұл салынады. Сол себептен кәсіпкерлер үшін арнайы кітап дайындалды, –  деді Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік саясаты және мемлекеттік сатып алулар саласындағы саясат департаментінің директоры Әлия Жұмабаева.

Жиында айтылған мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылдан бастап комиссияға 41 өтініш түсіп, кәсіпкерлер жолындағы 30 кедергі жағдай анықталып, жойылған. Сонымен қатар кемшіліктерді жоюға 7 ұсыныс берілген. Алайда сауда саласындағы тосқауылдар әлі де баршылық. Олар тауарлардың қауіпсіздігіне байланысты қосымша талаптармен тығыз байланысты. Мұндай талаптар шамасы азайып келеді. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жоспарланған 56 техрегламенттің 47-сі қабылданған. Ендігі міндет – қазақстандық өнімдердің серіктес елдердің нарықтарына шығуына кедергі келтіретін тосқауылдарды анықтау. Бұл дегеніміз – 180 миллиондық нарық.

Көшпелі кеңестің отырысы барысында комиссия мүшелері өңірдің бизнес қауымдастығын белсенді әрі бірлесіп жұмыс істеуге, импорт және экспорт кезінде кездескен қиындықтар жайында уақтылы ақпарат алмасып отыруға шақырды. Олардың айтуынша, Қазақстанда тауар экспортының көлемі өсіп отыр. Мысалға, тамақ өнімдерін сыртқа шығару 16%-ға, ал импорттау 9%-ға артқан. Мемлекеттер арасындағы тауар айналымы жанданған. Сондықтан алда атқаратын шаруа жеткілікті. Облыстағы кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылаған комиссия мүшелері кәсіпкерлерді жеке қабылдап, кеңес, бағыт-бағдар берді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар