9.09.2019, 22:17
Қараулар: 398
«Академсад» арманға айналып, көзден бұл-бұл ұша ма?..

«Академсад» арманға айналып, көзден бұл-бұл ұша ма?..

Орда орман шаруашылығы Жәнібек филиалының орманшысы Ермек Ақбасовпен бірге «Академсадқа» таяу орналасқан «Квадрад» аталатын теректер шоғырына сәскеге таман келдік. Ермек – стационардағы жалғыз орманшы, одан басқа мұнда штат бірлігі қарастырылмаған. Орманшы бұл жерде 2011 жылдан жұмыс істейді. Оның айтуынша, Кеңес Одағы кезінде стационардың штатында 7 адам болған. Сонымен бірге 2 трактор, су таситын аутокөлік және шөп шабатын машина да болған.

– Қазір мұның бірі де жоқ, – дейді ол. – «Академсадты» жаппай тазалау, жинастыру, тәртіпке келтіру жұмыстарын жүргізу үшін осындай техникалар қажет. Үймен екі ортаға жазда велосипедпен қатынаймын. Таңғы сағат 6-да келіп, жұмыс басталғанша 3 сағат бойы стационардағы қурап қалған ағаштар мен қоқым-соқым, жарамсыз қалдықтарды қолмен жинастырып, бір жерге үйіп өртеймін. Аудан орталығындағы мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда қызмет істейтін адамдар сенбіліктерде көмектесіп тұрады. Өткендегі сенбілікте тазалап кеткен.

Сенбі, жексенбі күндері «Квадрадқа» келіп, демалатын адамдардың отырған орнында бір айдың ішінде бір үйме қоқыс жиналып қалады. Соны бүгін-ертеңнен қалдырмай жинаймын. Бұрын жеміс ағаштары өсетін бақ болған. Бүгінде кеуіп кетті. Көршілес Волгоград облысының Камышин ауданынан жеміс ағаштарын алып, өсіруге болады. Бұл жерге малды кіргізбеу мақсатында «Квадрадтың» біраз жеріне өз қолымнан жасап, таңба, белгі орнаттым. Қазір сол белгіні орнатқаннан болар, тұрғындардың мұнда мал жіберуі кәдімгідей тыйылды. 1969 жылдан Жәнібекте тұрамын, балалық, жастық шағым осында өтті.

Әкем де ертеректе осы стационарда жұмыс істеді. Сондықтан «Академсадты» бір кісідей жақсы білемін.

Орманшы стационардың қазіргі жай-күйін әңгімелеп тұрғанда, жадымызға бұдан 15 жыл бұрын  аудандық мұрағат құжаттарынан алынған деректер оралды. Онда айтылғанындай, 1950 жылғы 5 мамырдан бастап ауа райының қуаңшылығына қарамастан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мақсатында Жәнібек селосының оңтүстік батыс жағында 4 шақырым жерде Кеңес Одағы Ғылым академиясының В. Докучаев атындағы жер институтының тәжірибелік стационары ұйымдастырылған. Стационарды ұйымдастырушы профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А. Роде болды. Онда алма, алмұрт, шие т. б. жемістермен қатар сәндік ағаштардың түрлері өсіріліп, бірталай тәжірибе жинақталды. Стационарға қажетті қызмет және тұрғын үй ғимараттарын салу, дендрарий және питомник алқаптарын құру, сондай-ақ ағаш отырғызуда әртүрлі тәжірибелер жасау үшін мемлекеттік жер қорынан пайдалануға ауданның оңтүстігінен 120 гектар жер бөлінген. Ауданның барлық колхоздарына ағаш отырғызылған жерлерге мал жібермеу, ағаш кеспеу жөнінде тәртіп берілген.

Өз басым ел аузында «Академсад» деп аталып кеткен стационарды алғаш рет бала кезімде 1964 жылы көрдім. Маусым айының соңы болатын. Үйдегі көк сиыр жоғалып, үш күн бойы іздедік. Енді жоғалдыға жорып отырғанда көршілердің бірі: «Академсадта» көп сиырды қамап қойыпты, соның ішінде сіздердің көк сиырыңыз да бар көрінеді», – деген хабар айтты. Әжем марқұмның жастау кезі, қасына мені және орыс келінін (әкемнің інісінің әйелі) ертті де, шоғыр теректерге жаяу тартты. Барсақ, малды сондағы шарбақпен қоршалған алаңқайға қамап қойыпты. Азын-аулақ айыппұл төлеп, малымызды алып шықтық.

Жәнібектегі орыс мектебінде мұғалім болып істейтін Катя жеңгей бастарына кепка, үстеріне жасыл, көк жолақтары бар жейде киіп, теректердің түбіне микроскоппен үңіле қарап отырған екі әйелдің қасына барып біраз сөйлесіп тұрды, қолына сырлы шелек ұстай оралды. Алты жастағы мен  де жеңгемнің жүзі жадыраңқы тартып, қимылының жеп-жеңіл ширап сала бергенін байқадым. Отыздан жаңа асқан кезі ғой, екі беті алабұрта қызарып, үлкен қоңыр көздері бұрынғыдан да мейірімдене түскен. Басындағы үшкіл орамалын шешіп, қолына алғанда қысқа шашы теректердің арасынан сызыла төгілген күннің сәулесімен сары алтындай жарқырап желмен бірге баяу ғана желбірейді. Сол ширақ қимылмен шелегіне теректегі тұнып тұрған жемістерді теріп сала бастады. Жанына жақындаған маған да бойым жетпейтін тұстан уысыма толтыра жеміс теріп берді.

Осы күні 90 жастан асып, жеңгемнен шешеме айналған Екатерина Васильевна теріп берген сол жемістің дәмі таңдайымда қалып қойғандай сезілетіні бар…

Кешке қарай «Академсадтан» шыққанда кілең бір өрімдей жас жігіттер мен қыздардың көгалдың үстіне жайылған дастарқанға шоғырлана отыра қалып тамақ ішуге қамданып жатқандарын көрдім. Шеткі үйдің ашық тұрған терезесінен радионың үні құлаққа анық естіледі. Ол кезде мен білмейтін, бірақ санамда ап-айқын жатталып қалып қойып, жастық, жасамыс шағымда құлағыма өте таныс, өте жағымды естілетін «Мәскеу маңының кештері» әні шырқалды. Сол маңға жақын жердің қызы Катя жеңгем де жеміс толы шелегін қолына ұстап, тізеге жақындайтын жап-жасыл шөптің ортасымен келе жатып, жол бойы манағы әнді әлденеше рет қайталап айтты…

…Жылдар жылжып өтіп жатты, біз есейіп, білім қудық. Ауданнан  шалғай ауылдарда жұмыс істедік. Алайда «Академсадқа» деген аңсау көңіл түкпірінде ұялап, көкейімізден кетпеді. Сөйтіп, сексенінші жылдар да келді, осы жылдардың бас кезінде облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтындағы бір айлық мектеп директорларын даярлайтын курста оқып жүргенімізде бізге сабақ берген К. Ермаков деген оқытушы менің Жәнібектен екенімді білгеннен кейін бірден: «Ондағы стационар бар ма, қазіргі жағдайы қалай?» – деп сұрады. Шалғайда жүріп жағдайын жетік білмесем әрі көптен бармасам не айта аламын?.. Ол мені үзіліс кезінде жанына шақырып алды да, «Беломорын» сорғыштай тұрып, өзінің аудан орталығындағы №1 орта мектепте біраз жылдар директор болғандығын, сонда жүргенде мұғалімдер мен оқушыларды бастап «Академсадқа» жиі баратындықтарын, бұталарын отап, көктемде тал отырғызғандықтарын айтып берді. Жақында аудандық мұрағат қорындағы құжаттарды қарағанда білдім, Константин Ермаков 1955-1957 жылдар аралығында №1 орыс орта мектебіне басшылық  еткен  екен…

…Сексенінші жылдардың ортасында аудандық партия комитетінде қызмет еттік. Аупарткомның бірінші хатшысы Шыныбай Шарафетдинов күнделікті қат-қабат мәселелерден қолы қалт еткен шақта стационардың тыныс-тіршілігін білу мақсатында оған жиі баратын. Стационардың сол кездегі бастығы А. Душковпен өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып отыратын. Ауданда осындай бірегей орын бар екенін жәнібектіктер біліп жүрсін деген оймен онда қоғамдық-мәдени шаралар өткізуге мұрындық болушы еді. Ол 1986 жылғы қыркүйек айында өткен жас мамандардың аудандық слетінде болашақ шаруашылық және мәдениет салаларының мамандарын стационарға апарып, стационар қызметкерлерімен таныстырды. Олар өз кезегінде жастарды стационардың тарихына қанықтырып, ондағы өте сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар әлемі туралы қызықты мағлұматтар айтты. Шыныбай аға Жәнібек стационарын мақтан тұтатын, басқаларға да онымен орынды мақтана алатын. Бірде стационар директорына телефон соғып: «Ертең Қазталов ауданының бірінші хатшысы Рахметолла Сүйербаевпен бірге сіздерге барамыз. Оған стационарды көрсетіп мақтанайын деп едім», – дегенін естігенде біздің бойымызды да ризашылықтан туатын сезім тербейтін.

Орманшы Е. Ақбасов Кеңес Одағы тұсында стационар аумағында 200-ге жуық ағашты-бұталы өсімдік түрлері өссе, орман шаруашылық, орман сақтау және өртке қарсы шаралардың, сонымен қатар нәтижелі ғылыми-зерттеу жұмыстарының орындалмауына байланысты  стационардың қазіргі жағдайы нашарлап, өсетін өсімдік түрінің тек 40 шақтысы қалғанын айтады.

– Кеңес үкіметі жылдарында бақта өсетін алма, алмұрт, шабдалы сықылды жемістермен аудан тұрғындарын қамтамасыз етті. Мәскеуге бағынышты болған кезде стационарға орталық бюджеттен арнайы қаржы бөлінді. Мұнда қарағаш, терек (тополь), аққайың секілді ағаштардың түрі көп болатын. Мысалы, бұрын 100 шақты аққайың  өссе, қазір тек он шақтысы ғана бар. Сирень жапырақты Африкада ғана өсетін катальпа ағашының ілгері уақытта 20 түрі болса, осы шақта тек біреуі ғана қалды, оның өзі де шала-жансар, күні бітудің сәл-ақ алдында. Осыдан біраз жылдар шамасында бақта қарағайдың 15-і қатарласа тізіліп тұратын. Содан тек біреуі ғана қалды, оны өзім баптап-күтіп жүрмін. Алма, алша, алмұрт ағаштары кеуіп жатыр. Қарақатты құстар жеп қояды. Бүгінде бұрынғыдай емес, қызғалдақтың шығымы да аз. Бұған табиғи катаклизм, жылдар өткен сайын жердің бедері өзгеріп отыруы да себепші болады, – дейді  ол.

Өз уақытында Жәнібек аудандық комсомол, партия комитетінде бөлім меңгерушісі, совхоз директоры, атқару комитетінде төраға, тағы да басқа лауазымды қызметтер атқарған, бүгінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев бізбен әңгімесінде осыдан 70 жыл бұрын стационарды ұйымдастырып, құру барысында әлемде теңдесі жоқ табиғат байлығын ұзақ мерзімді ғылыми-зерттеу жұмысына пайдалану, қоршаған ортаға мониторинг жүргізіп, арид аймақтарды экологиялық зерттеудің біртұтас ғылыми-ақпараттық және білім кеңістігін сақтау, ғылыми кадрларды даярлау мақсат болғандығын тілге тиек етті.

– Басты міндет құмның астындағы пайдалануға жарамсыз ащы суды тұшыту негізінде шөлейт жерлерді көгалдандыру болатын, – дейді ол. – Осы мақсатта сирек кездесетін ағаштарды жергілікті жердегі табиғат жағдайына бейімдеп өсіру қолға алынды. Кеңес Одағы тарағаннан кейін орман алқабының негізгі бөлігі, яғни 884 гектар жер, ғимараттар, зертханалар, техникалар Қазақстан жағында қалды. Стационар Ақтөбе қаласындағы орман шаруашылығы тәжірибе стансасының филиалына берілді. Сөйтіп, бір кезде ерекше қорғауға алынған мемлекеттік дендрарийдің тағдыры осылай шешіле салды. Ал Ресей жағы өзіне тиесілі екі шақырымдық 228 гектар орман алқабын үкіметтің қаулысымен мемлекеттік маңызды, аумағы ерекше қорғалатын табиғи ескерткіш деп жариялады. Бүгінде мәскеулік ғалымдар стационар негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Өкініштісі сол, Қазақстан жағы жеткілікті қаржы бөлінбегесін, қажетті штат болмағасын ғылыми-зерттеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде бақ күтімсіз, баптаусыз қалды. Жәнібек ауылының тұрғындары табиғи қорықтағы ағаштарды кесіп алып, орман алқабын малдың жайылымына айналдырды. Шөл және шөлейт жерлерге ағаштың жүзден астам түрін өсіріп, әлемде теңдесі жоқ орман өсірген стационардың ғылым үшін құндылығы бүгінде жете бағаланбай отыр.

Аманкелді ағамыз Қазақстан бойынша 2 дендробақ бар екенін сөзіне сүйеніш етті. Оның сөзінше, біреуі Шымкентте, оны үкімет өз қорғауында ұстап отыр. Екіншісі – біздің  жеріміздегі  қорық.

– Бұл бақты қасиетті, киелі жерлердің қатарына енгізу керек.

Өткен ғасырдың 40-жылдарының соңы мен 50-жылдарының басында кеңес ғалымдары терек отырғызуда тек стационармен шектеліп қана қойған жоқ. Ауданымыздың «Новая жизнь», «Ғұбаш пункті», «Инженер» сияқты елді мекендерден көлеңке, ойпаң жерлерді таңдап алып, ағаш отырғызып, құрғақшылыққа қарсы күрес жүргізді. Қазір аталған жерлердегі шоғыр-шоғыр теректер сол жылдардан қалған бір белгі іспеттес. Біздің ауданда тұрған марқұм Мәжит Жанғалиев 1990 жылдардың басында Қамысты ауылының аумағындағы «Желқалақтан» Бөкей ордасының Мұратсай ауылына баратын магистральді канал бойына, сондай-ақ Ақоба, Күйгенкөл, Өнеге ауылдарына қатынайтын жолдың екі жағына қарағаш екті. Бұл жұмыстар бұдан әрі жалғасын тапса, қане…  Қазір Оралдан бері қарай қатқыл табанды жол салынып жатыр. Айтайын дегенім – Ақжайық ауданы аумағынан шыққаннан кейін Жәнібекке дейінгі жолдың екі жағында терек жоқ. Ең болмаса Қазталов ауданының аумағынан бері қарай жолдың жиегіне «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша тал-дарақ отырғызып, орман алқабын өсіру керек. Бұл мақсатта шағын құрылым құрып, ол Жәнібек стационарының қарамағына берілсе және аудандық су шаруашылығы мекемесі де бұл жұмысқа атсалысып, игі істі бірлесіп жүргізсе деген ұсыныс айтамын, – дейді ол.

«Академсадта» арнайы техникалар болмағасын өрт қауіпсіздігі сақталмайды. Орман алқабында өрт қауіпсіздігін болдырмау мақсатында айналасын жыртып, тырмалау жұмыстары жүргізілмейді.

Құдай сақтасын, қауіп қылғаннан айтамыз, жаздың ыстық күндерінде өрт шықса, стационардың түгелдей құрып кетпесіне кім кепіл?  Сонда осы бірегей бақтан тегістей айырылып, бәрінен  жұрдай болу елдігімізге сын емес пе? Бүгінде стационар Орда орман шаруашылығының қарама-ғына берілгенімен, олардың қызметшілері өз аумағында ғана жұмыс істеуде.

– Сондықтан бірегей табиғи кешенді сақтап қалу және стационардағы ғылыми-зерттеу қызметін ілгері бастыру үшін заңды тұлға мәртебесі бар, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын «Жәнібек мемлекеттік дендрологиялық парк» деген атаумен ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру керек, – деді А. Уәлиев сөзінің соңында.

Алдында айтқанымыздай, «Академсадтағы» бірегей жеміс ағаштары кез келген жерде өсе бермейді. Сирек кездесетін мұндай бұтақты, жапырақты теректерді аудан тұрғындары ауласына егіп, өсіруі өте қиын. Орманшы Е. Ақбасовтың сөзіне сүйенсек, стационардағы өсіп тұрған көшеттерді Жақсыбай, Қамысты, Тау, Ақоба, Ұзынкөл ауылдарының тұрғындары ауласына егу үшін алып кеткен. Бірақ ағаштарды егу әдісін білмегесін олардың отырғызған көшеттерінің дендеп өсіп кеткені некен-саяқ, тіпті жоқ деуге болады. Дейтұрғанмен, Жәнібек ауылының жасы 60-қа келген тұрғыны Жомарт Өтегенов осы бірегей жеміс ағаштарының бірқатарын өсіріп, шығарып отыр. Оның ауласына барсаң, таңдаулы теректердің біразының өсіп тұрғанын көресің. Ол бізге өсіп тұрған ирганың екіүш түйірін «ауыз тиіңдер» деп жұлып берді. Таңдайыма тағы да балалық шағымда жеңгемнің теріп берген иргасының  дәмі  келе  қалды.

– Өзім мамандығым бойынша биология пәнінің мұғалімімін, – дейді ол. – Осыдан 4 жыл бұрын орманшы Ермектен әдейі өсірмек мақсатпен ирга, барбарис, каштан, татар үйеңкісі сықылды ағаштардың көшеттерін алып келіп, өсіргенмін. Қазір, міне, өздеріңіз көріп тұрғаныңыздай, бұл ағаштар едәуір ұзарып, өсіп, жыл сайын жеміс беруде. Бұл жеміс теректерін кез келген адам өсіре алмайды. Оған ерекше күтім керек. Таңертең ерте тұрып, суды уақытында тойдырып құямын. Биолог болғасын, көшеттерді  қалай отырғызу әдістерін әу бастан жақсы  білемін, – дейді  ол.

Осыдан дәл 15 жыл бұрын «Академсадқа» жол түсіп барғанымызда Ресей жағындағы стационардың басшысы, ғалым Мамай Сапанов бізге өзінің стационарды көп жыл бойы зерттеуінің нәтижесінде жарыққа шыққан кітабын сыйға беріп   жатып:   – Жәнібектегі стационарға Англия, Франция елдерінің ғалымдары келеді. Сонда олар шөл және шөлейт аймақта өсіп тұрған ағаш түрлеріне таңданады. Олар Жәнібекті «Академсад» осында  орналасқандықтан ғана біледі, – деп бізді «қамшылағаны» бар…

«Академсадтың» бұрынғы және қазіргі жайы туралы «Фейсбуктегі» парақшамызға салғанымызда, оқырмандар пікірін білдіріп, комментарий жазған еді. Газеттің көпшілік оқырмандары, дәлірек айтқанда, жасы ұлғайғандары әлеуметтік желіде отырмайтындығын ескеріп, сол пікірдің бірқатарын жариялап отырмыз. Мысалы, Жәнібек ауылында туып-өсіп, аудандық ауруханада дәрігер болып қызмет атқарған, қазір Алматы қаласының тұрғыны Бибігүл Киекова: – Жәнібектегі №1 мектепте оқығанымызда алғашқы еңбек ақымызды «Академсадта» көктемде тал егу мен теректердегі жемісті теріп, оны совхоздарға жіберуден табатынбыз. Ол кезде стационарға Мәскеудің ғылымизерттеу институтынан биологтар келіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысушы еді. Қазір стационарда мұндай жұмыстар тым сирек жүргізілетіндігінен хабардармыз, – десе, Астрахан облысындағы Қарабайлы кентінің тұрғыны Шолпан Шакесова «Академсадтың» қазіргі жағдайына алаңдаушылығын білдіреді: «Әлі күнге дейін Жәнібектегі стационарға құқықтық мәртебе берілмеуін қалай түсінуге болады? Рас, Одақ кезінде бұл дендробақта төзімді, өз ісіне шын берілген, құлшына еңбек ететін фанаттар қызмет істеді. Стационарға құқықтық мәртебе беріп, оны жаңғыртып, түрлі жеміс ағаштарын отырғызуды жалғастыру керек. Сол маңдағы «Новая жизнь» пионер лагері қандай еді.

Жақсыбай ауылындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет істегенімде екі жыл қатарынан оқушыларды «Академсадқа» апарып, жеміс теруші едік. Осындай маңдайалды бақтың бүлінуі, әрине, өкінішті».

Сол сияқты Атырау қаласының тұрғыны, журналист Тарас Наурыз-әлі «Академсадтың» мақтан тұтатын жер екенін айтса, Шыңғырлау ауданында тұратын Адақ Шотпанов Жәнібекте болғанында стационарға бармағанына өкінішін білдіреді.  Ал семейлік Шамшихамар Жахан мақаланы оқығанда өзін табиғаты тамаша Жәнібек стационарында жүргендей сезінгенін,  жәнібектіктер осындай киелі топырақта туғандығына мақта-ну керектігін  айтады. Алматыда тұратын жерлесіміз, ұзынкөлдік Асылбек Жиенәлиев: – Ауылға барғандай болып отырмын. Бала кезде талай аралаған жеріміз ғой. Біз үшін жұмақтай көрінетін, – деп жазса, алматылық ақын Қалампыр Кенжеғалиева да «Академсадты» жердегі  ұжмаққа  теңейді.

– Мақаланы оқып шыққанша әлденеше рет көзіме ыстық жас келді. Жәнібектегі «Академсадқа» деген сағыныш бойымды билеп алды. Өзімнің балалық тәтті шағым да ойға оралды. Осыны жазып отырғанда көзімнен жас парлап отыр,  –  дейді ол.

…Мал өрістен қайтқан шақта, алдынан шығып, қымбат бір нәрсем сонда қалып қойғандай қайта-қайта шоғыр теректер өсіп тұрған жаққа қараймын. Қараймын да, сол жақтан бала кезден таныс біреулерді, сол шақты еске түсіретін көріністерді іздеймін, бірақ ештеңе  таппай,  көңілім  алаңдайды…

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы