9.09.2019, 21:55
Қараулар: 147
Мереке құшағындағы қала

Мереке құшағындағы қала

Қала күні мерекесіне орай өткен сенбіде Тұңғыш Президент атындағы алаңда іс-шаралар легі оздырылды. Жайнаған жасыл шаһардың айтулы күнін тойлауға жиналған жұртшылықты Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков құттықтады.

– Баршамыз үшін қымбатты қаламыздың туған күнін тойлауымыз – біздің жайлы өміріміз бен елдегі экономикалық тұрақтылықтың көрсеткіші. Әрбір батысқазақстандықтың өңірімізді гүлдендіруге қосқан үлесі өлшеусіз. Өлкемізді мекен еткен түрлі этнос өкілдерінің достық қарым-қатынасы мен берекелі бірлігінің арқасында бір-біріміздің тіліміз бен салт-дәстүрімізді сақтап келеміз. Осы арқылы әр бастамамыз сәтті жүзеге асып, облысымыз бен жалпы еліміздің қарқынды дамуына жол ашылуда, — деді Абат Шыныбеков.

Бірнеше күн бұрын салтанатты түрде ашылған «Ақжайық этноауылындағы» ақ шаңқан киіз үйлер маңы ән мен күйге бөленіп, Достық үйінің алдында қолөнер шеберлерінің сан түрлі туындысы топтасқан ауқымды көрме ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары алғаш рет өткізілген ұлттық киімдер фестивалін, әр ұлттың ойындары мен ән-биін тамашалап, қаламыздағы этномәдени бірлестіктер дайындаған мерекелік дастарқанға қойылған түрлі этностың тағамдарынан дәм татты.

Қазақстан халқы ассамблеясы Батыс Қазақстан облысының филиалы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған көрмеге өңіріміздегі 16 этномәдени бірлестік атсалысты. Көрме соңы облыстық және аудандық этномәдени бірлестіктер әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.

*  *  *

Сондай-ақ мереке аясында азықтүлік өндірушілерінің «Сапалы өнім – 2019» ХІІ қалалық көрмесі өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін көрмеге 20 кәсіпорын қатысып, ең үздік жергілікті тауар өндірушілер анықталды.

– Осы сипаттағы жәрмеңкенің басты мақсаты – қала тұрғындарын жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен таныстырып, экологиялық таза және бағасы тиімді өнімдерге қолжетімділікті арттыру. Мемлекет отандық өндірушілердің ісін дамыту және алға жылжыту, импорттық тауарға қарағанда жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін барлық жағдай мен мүмкіндікті жасап келеді. Соның арқасында өңірімізге ғана емес, шетелдерге де аты танылған тауар өндірушілер қатары көбеюде. Жыл сайын көрмеге азық-түлік өнеркәсібінің түрлі секторындағы ең үздік 20 кәсіпорынның өнімі қойылып, көпшілік көңілінен шыққан үздік үштік марапатталады, – деп мәлімдеді Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Исатай Жазықбаев.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков  көрмені аралап, әр тауар өндірушінің ұсыныс-тілектеріне құлақ түріп, өнімдерімен танысты. Шара қорытындысында «Колбасы

Приуралья» ЖШС ең үздік жергілікті тауар өндіруші деп танылды. Ал «Қаз-АқБас» ЖШС екінші, «Жакенова «Вatys Damu» ЖК үшінші орынды иеленді.

Гүлнұр  РАМАЗАНҚЫЗЫ,

«АРУ-АЙ Alem арт»  қолөнер шеберханасының  дизайнері:

– Қала күніне орай ұйымдастырылған көрмеге ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын алып келдік. Біздің шеберхананың нарық айдынына шыққанына үш жыл толды. Өнімдерімізді Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі және жергілікті шеберлерге, Алматы қаласындағы суретшілерге арнайы тапсырыспен жасатамыз.

Таза былғарыдан жасалған әмияндар мен тұмарлар, қобдишалар, қайың, емен ағаштарынан дайындалатын ыдыстар мен бұйымдар халық арасында зор сұранысқа ие. Қала күніне орай арнайы орын бөліп, біздің халыққа тағы бір қадам жақындауымызға мүмкіндік берген жергілікті билік өкілдеріне алғыс білдіремін.

Шұға  ШЫМАНАЕВА,

«Жастық»  агрокешені» ЖШС  технологі:

– Біз 2005 жылдан бастап сүт өнімдерін өндіру саласында еңбек етіп келеміз. Сүтті Бәйтерек ауданына қарасты Макаров ауылының және Теректі ауданынң Шаған ауылы тұрғындарынан қабылдаймыз, өнімнің сапасын растайтын арнайы анықтама құжаттары болуы қатаң қадағаланады. Қазіргі таңда жергілікті балабақшалар мен мектептерді, денсаулық нысандарын мемлекеттік сатып алу аясында сүт өнімдерімен қамтумен айналысамыз. Мерекеге орайластырылған көрмеде келушілер легі мол болды, саудамыз қызу жүрді. Қала тұрғындары мен қонақтарына өнімдерімізді мерекеге орай жеңілдетілген бағамен ұсындық.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар