9.09.2019, 21:48
Қараулар: 125
Шырайлы шаһардың мерекесі

Шырайлы шаһардың мерекесі

Сенбі  күні  Ғ. Құрманғалиев  атындағы облыстық  филармонияда    Қала  күніне  арналған  салтанатты  шара  өтті.  Мерекелік  кешке  ардагерлер, қала тұрғындары  және  көршілес  Атырау,  Ақтау  қалаларынан келген қонақтар  қатысты.  Салтанатты  жиында  шаһар басшысы Абат  Шыныбеков қала тұрғындарын  Ақ  Жайық  жағасындағы  жасыл  желекке бөленген  әдемі  шаһардың  төл  мерекесімен  құттықтады.

Орал – кең байтақ еліміздің екі әлем бөлігі Еуропа мен Азияның нақ түйіскен жерінде орналасқан батысындағы көне қала. Қаламыздың географиялық қолайлы орналасуы экономиканың дамуында маңызды рөлге ие.

Бүгінгі таңда Елбасымыздың халыққа Жолдауларында, бағдарламаларында атап өткен межеге қарыштап қадам басып келеміз. Қала экономикасы жылданжылға дамып,  халықтың әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы жақсарып келеді. Соңғы жылдары шаһарымыздың келбеті өзгеріп, жаңа шағынаудандар бой көтерді, саябақтар ашылды. Халық саны да жылдан-жылға артуда.

Бүгінде қалалықтардың саны 350 мыңға таяды. Қала тұрмысын жоспарлау, үнемдеу, ысырап пен шығынды азайту мәселесі – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Осы мақсатта қолға алынған «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы жобалар сәтті жүзеге асырылуда. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» дейді халық даналығы. Ынтымақ-бірлігіміз жарасты болса, біз алмайтын асу, бағындырмайтын белес жоқ. Олай болса, бірліктің күшімен қаламызды одан әрі көркейтіп, Қазақстанымыздың дамыған елдер қатарынан табылуына бір кісідей атсалысайық, – деді Абат Абайұлы.

Салтанатты жиында Нұр-Сұлтан қаласының  әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтау хаты оқылды. Мерекеге арнайы келген Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы мен  Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Дастан Бегендіков көршілес Атырау мен Ақтау қалаларының делегациялары атынан құттықтап, ыстық лебіздерін жеткізді. Сондай-ақ Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулы Андрей Батманов, еңбек ардагері Рахметолла Сүйербаев және Орал қаласының құрметті азаматы Бәтес Исмағұлова шаһарымыздың даму жолына үлес қосқан тұлғалар туралы әдемі естеліктер айтты. Салтанатты шара  Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері мен жас өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты. Н. Назарбаев даңғылы мен Д. Нұрпейісова көшесі бойындағы түрлі шаралар Қала күнінің келбетін  аша  түсті.

«Променад» бағдарламасымен жалғасқан «Орал – шеберлер қаласы» атты қолөнер бұйымдары жәрмеңкесін және өнер мен мәдениет, спортқа арналған бағдарламаларды облыс әкімі Ғ. Есқалиев пен қала әкімі А. Шыныбеков  тамашалап  өтті.

Мерекелік шаралар тізбегі кешкілік П. Атоян стадионында Қала күніне арналған мерекелік концертпен жабылды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.

– Бүгінгі Орал – тамырын тереңге жайған,  өзіндік дәстүріне сай өсіп-өркендеп келе жатқан көне шаһар. Қаламызда мәдениет пен әдебиет, өнер мен өркениет қанат жайып, дамып келеді. Бүгін елі үшін ер болып туған қос арыс – Исатай мен Махамбет бабаларымызға арналған еңселі ескерткіш бой көтерді. Бұл – бәріміз көптен күткен қуаныш. Ең басты байлық – қала тұрғындары. Мереке құтты болсын! – деді облыс басшысы Ғали Есқалиев.

Қала күніне арналған шараға халық көп жиналды. Мерекелік концертте белгілі отандық эстрада жұлдыздары Нұржан Керменбаев, Кәмшат Жолдыбаева, «ALAR»  тобы  өнер  көрсетті.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

* * *

Күрделі  жөндеуден  өткен  Зашаған  кентіндегі  орталықтандырылған  кітапхана  жүйесінің  №5  филиалы  Орал  шаһарының  мерекесі қарсаңында  салтанатты түрде  ашылып, кітапхана  базасында  бой  көтерген коворкинг орталығы  таныстырылды.  Шараның  ашылуына  қала әкімі  Абат  Шыныбеков  пен  зиялы  қауым  өкілдері,  кент тұрғындары  қатысты.

Баршаңызды Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мереке аясында жоспарлап жүрген игілікті шаралар легін осы рухани орталықтың ашылуынан бастап отырмыз. Бұл кітапхана филиалының жаңғыруы  Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылуда. Ардагерлеріміз кітапханаға келіп, жас ұрпақпен  тәжірибелерімен бөліссе, оларға  өмірден  түйген ілімдерін үйретсе, кітапхана тек кітап алатын орын емес, рухани азық мекеніне айналады деп сенемін. Бұл орталықты жаңарту үшін Қала күні мерекесі аясында өткізілетін шараларды азайтып, бюджет қаржысын қысқартуға тура келді. Мәселен, биыл жұлдызжауын (фейерверк) болмайды. Жұлдызжауынды 15 минут тамашалағанымызбен, кейін бәрі ұмытылып  қалады. Соған жұмсалатын қаржыны үнемдеп, бірнеше ұрпаққа қызмет ететін рухани орданы жаңғырттық, – деді  қала  әкімі  Абат  Шыныбеков.

Кітапхана меңгерушісі Гүлайым Ақашаеваның айтуынша, 1965 жылы бой көтерген бұл ғимарат бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмеген. 52600 кітап қоры бар кітапханаға 4200-ден астам оқырман тіркелген. Кітапхана қалалық №10, 20, 30 орта мектептерімен, «Болашақ» көп салалы колледжімен және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Ал жаңадан жасақталған коворкинг орталығында көпшіліктің жұмыс істеуіне ыңғайлы экокиоск, буккросинг бұрышы, сондай-ақ конференция, балалар шығармашылығы алаңдары бар. «Жас өркен», «Қайнар», «Адам және заң» клубтары, қуыршақ театры, «шебер қолдар» қолөнер үйірмесі жұмыс істейді.

– Бүгін Зашаған кентіндегі сәулелі сәттің куәсі болып отырмыз. Өзім өмір бойы кітап оқып өстім. Жас ұрпақтың бойына кітап оқу үрдісін  дарытып, адами қасиеттерді бойларына сіңірту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келе жатқан мәдени орталық ол – кітапханалар. Сондықтан елімізде рухани орталықтар көбейсін, ұрпағымызға ұлағатты тәрбие беріп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырайық. Үлкендерден жиған өнегені жас ұрпақтың бойына сіңірейік. Адал сөзімізді айтып, адамдыққа баулиық. Қала мерекесінде осындай қуаныш сыйлаған қала әкіміне ардагерлер атынан алғыс айтамыз. Іргелі істеріңіз ілкімсіз алға бассын, – деді  ақын, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан  Қыдырниязова.

* * *

Орал  қаласында  алғаш  рет  мектеп  оқушылары  арасында  «Ұлттық  мектеп  лигасы»  бастау  алды.

Елімізде  дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған. Соның бір айғағы деп мекеме-кәсіпорындардағы спорттық  шаралардың  ұйымдастырылуын айтар едім. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде сәулетті спорт нысандары бой көтерді. Орал қаласында да жыл сайын спорттық кешендер салынып, тұрғындардың игілігіне берілуде. Бұл – мемлекеттің тұрғындарға, жастар мен жасөспірімдерге жасап отырған қамқорлығы. Осындай қолдауға ие болған оқушыларымыз өмірлеріне спортты серік етіп, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда биіктерден көрініп жүр. «Ұлттық мектеп лигасынан» шыңдалған жасөспірімдер болашақта әлемдік додаларда еліміздің көк байрағын көкке көтеріп, Әнұранын шырқатады деп сенемін. Ұлттық лиганың ашылуы қала тұрғындарын спортқа баулуға, салауатты өмір салтын сақтауға мұрындық болмақ, – деді шараның ашылуында сөз алған Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.

«Ұлттық мектеп лигасы» спорттың командалық түрлерін дамытуды және өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттауды, сондай-ақ білім беру ұйымдарының арасынан спортта үздік оқушылар командаларын айқындауды көздейді. Жарыс спорттың футбол, гандбол, волейбол, баскетбол, бадминтон және үстел теннисі түрінен өтпек. Лигада Орал қаласы бойынша 50 мектептің 9-11-сынып оқушылары бақтарын сынайтын болады. Жарыстың алғашқы матчы футболдан  қалалық №1 және №42 ЖОББМ-ның 2009 жылы туған оқушылары арасында өтті.

– «Nur Otan» партиясы бастамасының бірі бұқаралық спортты қолдау болып табылады. Осы бастаманың негізінде облыста соңғы жылдары жүздеген спорттық нысан салынып, күрделі жөндеуден өтті. Соның бір көрінісі – бүгінгі шаралар өтіп жатқан «Жастар» стадионы. Өңірімізде алдағы уақытта спорттық нысандар әлі де бой көтереді. Баршаңызды тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Ұлттық мектеп лигасының» ашылуымен құттықтаймын. Сіздің орталарыңыздан болашақта Данияр Елеусінов, Екатерина Ларионова секілді олимпиада чемпиондары шығатынына күмәнім жоқ. Мереке құтты болсын, – деді  «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев.

Лига мектеп оқушылары арасында оқу жылы аралығында әрбір сенбі-жексенбі күндері өтпек. Қалалық жарыстың жеңімпаз командалары облыстық, кейін республикалық додада бақ сынайтын  болады.

Бет  материалдарын   дайындаған  Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар