9.09.2019, 21:07
Қараулар: 387
Исатай Эльбрусты бағындырды

Исатай Эльбрусты бағындырды

38 жасар сырымдық Исатай Темірбаев әлемнің ең биік жеті шыңының бірі саналатын әйгілі Эльбрус тауына шықты. Ол теңіз деңгейінен 5642 метр биіктіктегі Кавказ бен Еуропаның ең биік нүктесін бағындырды. Темірбаевтың Эльбрустың Батыс және Шығыс биіктіктеріне шығуы қыркүйек айының 5-і күні тіркелді.

Отыз қазақстандық Эльбрус тауын бағындыру үшін Орал қаласынан тамыз айының 28-і күні жеңіл көлікпен аттанған. Кабардин – Балкария Республикасына жеткеннен кейін олар әуелі Чегем тауына, кейін «105 – и пикет» шыңына шығып, климатқа бейімделу шараларынан өткен.

– Алғашқы күндері араға күн салып, тынығып, 3000 метрдің шамасындағы биіктіктерге шығып, кері түсіп жаттығып жүрдік.

Тауға шыққан үшінші күні тобымыз 5100 метр биіктікке көтерілді. Осы күн әуесқой альпинистердің көбіне қиын соқты. Ауа қысымының қатты болуынан жүрек айну, лоқсу басталды. Таудың шыңына, 5642 метр биіктіктегі Кавказ бен Еуропаның ең биік нүктесіне шығуға 10 сағаттың үстінде уақытымыз кетті. Құрамның 13 мүшесі ғана бұл биікке жетті. Эльбрусты бағындырудағы басты мақсатым өзімді сынап көру болды, – дейді Исатай Темірбаев.

Айта кетейік, Исатай Темірбаев – салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың бірі. Орал қаласындағы «UralskRuns» жүгірушілер тобының құрамындағы  ол түрлі марафондарға да тұрақты қатысып тұрады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар