9.09.2019, 21:06
Қараулар: 138
Мерейлі отбасының мерейі

Мерейлі отбасының мерейі

Қазталовтық Қарсақовтар жанұясы 7 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласында алтыншы рет өткен республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында үздіктер қатарынан көрініп, Елбасы қорының арнайы сыйлығын иеленді.

Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінде оза шауып, республикалық байқауға жолдама алған отбасының отағасы Медет Бақытжанұлы – Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәнінің І санатты мұғалімі. Ал отанасы Гүлайым Төлегенқызы – Қазталов мектеп-лицейінің жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі. Медет пен Гүлайым – екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған бақытты жанұя.

– Әке мен анадан көрген тәрбиені бүгінде біз жалғап, немере-жиен сүйген мәуелі бәйтерекке айналдық. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, біздің әулетте бойға сіңген өнегенің арқасында әрқашан ынтымақ пен бірлігіміз бекем. Осының нәтижесінде «Мерейлі отбасының» екі кезеңінде де алдыңғы қатардан көрінгенімізге ризамыз. Әке мен шешеден алған тәрбиені кейінгі ұрпақтарымызға дарыта білсек, одан асқан бақыт жоқ.

Әр отбасында ұлттық құндылықтарымыз сақталса игі, – дейді Медет Бақытжанұлы.

Отағасы Медет қол күресі, самбо, шаңғы сықылды спорт түрлерінен жүлделі орындардан көрініп келеді. Ал Гүлайым Төлегенқызы облыстық бастауыш сынып мұғалімдері олимпиадасында «Талантты ұстаз», облыстық «Үздік панорамалық сабақ» байқауында «Жаңа форматта жұмыс түрін ұйымдастырушы» аталымдарымен, облыстық Құрмет грамотасымен марапатталып, облыстық «Сабақтың үздік контенті» байқауында І орынды жеңіп алды.

Бала тәрбиелеуде ата-ана өз өнегесімен, адалдығымен, өзара сыйластықтығымен үлгі болуы керек деп санайтын Медет пен Гүлайым Қарсақовтар әр баланың кішкентайынан қабілет-қарымын байқап, дарынын дамытуды басты мақсат тұтады. Тұңғыш қыздары Назымның ақындық қабілеті болса, ұлдары Сұлтан баян аспабында ойнайды, Ақнұр би билесе, Нұрдәулет бокстан облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жетістікке жетіп жүр.

Гауһар ӘДІЛЖАН,

Қазталов ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар