9.09.2019, 21:05
Қараулар: 156
«Бір түп алма ағашына» барайық!

«Бір түп алма ағашына» барайық!

Қазіргі заманғы қазақ руханиятының әлі күнге дейін сыннан көз ашпай келе жатқан бір саласы – ұлттық кинематография. Қоғамдық формацияға қоса, меншіктік қатынастар күрт өзгерген сонау өтпелі кезең, өліара жылдардағыдай отандық киноиндустрия әрине, тап қазір «терең нокаутта» емес. Әйгілі «Қазақфильмнің» кинорежиссерлері бар, жеке-дара әрекет ететін дербес режиссерлер бар, әйтеуір жылына біраз фильм түсірілетінге ұқсайды. Бірақ көптің көңілінен шығып жатқаны ілуде біреу ғана. Тіпті Голливудтың актерларына дейін атсалысқан «Көшпенділердің» өзін көпшілік көңіл төріне шығара қойған жоқ. Дегенмен соңғы жылдары ең кірпияз деген көрерменнің өзінің оң қабағы тартатын ұлттық кинотуындылар қылаң бере бастады.  Мысалы, осы тақырыпта тура күні кеше сөйлескенімізде танымал эрудит-журналист, керемет киносыншы Сәкен Сыбанбай «Шабдалы» (реж. Жандос Құсайынов), «Сырғалым» (реж. Рашид Сүлейменов), «Балуан Шолақ» (реж. Нұркелді Сәдіғұлов), «Дүние жарық» (реж. Жаңабек Жетіруов) және «Қарлығаш ұя салғанда» (реж. Санжар Омаров) секілді фильмдердің өзіне ұнағандығын тілге тиек етті.

Өткен аптада осы өзіміздің Оралдағы «Галактика» ойын-сауық орталығында ақтөбелік режиссерлер Марат Телеуов пен Азамат Айнағұлов ана тілімізде түсірген «Бір түп алма ағашы» фильмі оралдықтардың назарына алғаш рет ұсынылды. Үшбу кинотуынды белгілі режиссер-драматург Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» пьесасының желісімен экрандалған. Оқиға желісі ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын отбасылық драма.

Тілге тиек, сөзге өзек болып отырған фильм «Ақтөбе» телеарнасының бастамасымен түсірілген. Ал кинодағы кейіпкерлерді Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының  актерлері сомдаған екен.

…Бір отбасының ұл-қыздарының арман-тілек, мұрат-мақсаттарымен басталатын фильм желісі олардың ержетіп-бойжетіп, әркім өзінің өмір жолына түскен шақтарынан бастап ширыға бастайды. Қарашаңырақта  тек мүгедек ұлымен қалған ана туған үйлерінен алыста жүрген перзенттерінің күндіз-түні амандығын тілеулі.  Алайда анасының мерейтойына жан-жақтан жиналған туған бауырлар дастарқан басында әркім өз мәселесін айтып, сөздің соңы әжептәуір дау-дамайға ұласады. Сөйте тұра, бауырларының келгеніне, оларды көргеніне шын қуанған мүмкіндігі шектеулі кенже ұлдың бар ойы әдемі басқосу арқылы анасын қуанту. Бал дәурен балалық шақтарында бір шаңырақта тату-тәтті өскен, бірі біріне шынайы жанашыр болған бауырлардың арасы  не себепті салқындап, сыйластықтарына неге сызат түсті?..

Жанұялық жарасымды қадірлеп, бауырмалдықты бағалап, ата-ананы қуанта білуге үндейтін фильмде ақтөбелік актерлер көрермен қауым олармен бірге күліп, бірге жылап отыратындай дәрежеде шынайы ойнаған. Міне, осындай фильмді бар болғаны екі-үш-ақ кісі көрді. «Галактика» ойын-сауық орталығының кинозалға жауапты қызметкерінің айтуынша, қазақ тіліндегі фильм-дерге көрермен келіп жарытпайтын көрінеді. Есесіне, шетелдік сериалдарға үлкен-кішіміз, кәрі-жасымыз, даладағы-қаладағымыз  бүкіл шаруаны жиып қойып қалай телміреміз?! Біз «Шетелдік сериал атаулының бәрі төменқол дүние» деген сыңаржақ пікірден аулақпыз.

Дегенмен де, өзіміздің төлтумамызға мұрын шүйіре қарап, өзгенің қаңсығын таңсық көретін құлдық психологиядан арылатын кез жетті-ау, осы!

Жақсы, осы жерден тізгін тартып, сөзді доғаралық. Жүріңіз, киноға барайық! Тура бүгін сағат 17.00-де «Галактиканың» кинозалында «Бір түп алма ағашын» бірге көрейік. Ал тап бүгін ыңғайы келмесе, «Галактика» ойын-сауық орталығының менеджері Дмитрийге (8 771 017 77 11) хабарласуыңызға болады. Егер ағайын-туыс, дос-жаран немесе ұжым болып жиналып біраз кісі барсаңыз, бір адамға билет құны 600 теңгеден. Ал, жалпы,  бір билеттің  құны – 1000 теңге.

Бауыржан Ғұбайдуллин,

облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар