9.09.2019, 21:02
Қараулар: 126
Тозақтан оралу

Тозақтан оралу

Бізге жат діни ағымның  құрбаны болып, жат елден жәннат  іздеп қаншама адам опат болды. Сирияны бетке ұстап, бағыт-бағдарсыз елден кеткен қаншама тағдыр құрдымға кетті. Десек те отқа түсіп, опық жеп, туған жерге жете алмай жанұшырғандарды  жат жерде қалдырмай, зайырлы мемлекетіміз қиналғандарға қолұшын созып,  қақтығыс аймағынан өз азаматтарын   алып шықты.

Жусан» операциясының  үшінші кезеңінде  елге жеткізілген жандардың  бірі – шыңғырлаулық Ақнұр есімді 27 жастағы келіншек (аты-жөні белгілі себептермен өзгертілді).

Ол ауылда туып-өскен. Бойжеткен шағында  қалаға  келіп, колледжде оқыды. Мінезі жұмсақ. Жылтыраққа қызықпайтын, кафелерді аралауға құмар емес қыз үнемі кітап оқитын. Кейін қасындағы құрбысының оқып жүрген кітаптарына қызығушылық танытты. Сөйтіп, ешкімнен сұрай алмайтын  сұрақтарына жауапты осы әдебиеттерден тапқандай болады. Бертін келе өмір туралы ойлары өзгереді. Шашын орамалмен  жасырып,  жабық киімдер кие бастайды. Сабағынан қалмай барып жүргенімен, айналасынан түсіністік таба алмай қатты қиналады. Сөйтіп, сырттай оқуға ауысып тынады.

Бос уақытының көбінде діни уағыз тыңдап, діни кітаптарды ғана оқып жүреді. Оның үстіне  дәрісін оқып жүрген «ұстаздың» көп ықпалы болады. Уағызын қалт жібермей, құныға тыңдап, үйіне үлкен әсермен қайтып жүреді. Діни әдебиетке деген құштарлығы одан сайын өршіп, өмірдің бар кереметін осы әдебиеттерден іздей бастайды. Жақсы өмір, бақыттың бастауы да осының ішінде сияқты көрінеді. Ұстазының айтуымен  алғашқы жұма намазына барады. Басын сәждеге тигізеді. Хиджаб киеді. Өзіне сөз айтқан жігітпен табысып,  тез арада  күйеуге шықпақ болады. Оған шариғаттың таңдауы, міндетім деп мойынсұнады. Ата-ана қыздарының өздерінен бөлектеніп бара жатқанын сезгенімен, амал жоқ, енді  амандығын ғана тілеумен болады. Бірақ күндердің бір күнінде Ақнұрлары бәрін тастап, Сириядан бір шығады деп тіпті ойламапты. Сөйтіп, тұрмыс құрады. Жолдасы екеуі армандарын  жалау қылып,  төрткүл дүниенің рақатын көреміз, әлемді бірге білеміз деп серттеседі. Жолдасы Түркияға жұмысқа шақырғанын айтып, үйге қуанып келгенде, ештеңенің жөнін сұрамай, басын шұлғып, келісе кеткен. Жедел жиналып, сапарға шығады. Шет елге көшіп бара жатқанын анасына  ғана айтады. Тек Түркиядан Сирияға өтіп бара жатқанын білгенде бір пәлеге ұрынғанын  жан-жүрегімен сезіп, іштей «аһ!» ұрады. Қатты қателескенін,  мықтап шатасқанын сонда біліп, қорқыныштан жүрегі өрекпиді. Оған  мойынсұнудан өзге жол жоқ еді. Ішкі түйсігімен қалайда артқа қайтуды ойлайды. Бірақ  не істерін білмейді. Қайтар жол жабық, шегінерге жол жоқ. Ал жолдасы болса, бұның қолтығынан демеп, «Сирия жеріне өтердегі  басқан  әрбір қадамыңның өзі бізге соншалықты сауап әкеледі» деп тағы сендіреді.

Алғашында тұрмысы жақсы болады. Зәулім үй беріліп, азық-түлікке деп ай сайын ақша беріп тұрады. Тағамның мұнда тым қат екендігі бірден байқалады. Базарда еттен басқа ештеңе жоқ. Өзге тағам, тәтті тіптен болмайды. Шалғам, жүгеріден басқа ештеңе көзге түспейді. Уақыт өте тұрмыс жағдайы төмендейді. Жақсы тұратын арабтардың есіктерін қағып, тамақ сұрауға мәжбүр болады. Ұн мен жарманы қосып, нан жасап жеген уақыты да болған. Күндіз  тыныштық орнаса, түн ауа аспаннан жарылғыш заттар түсіп,  төңіректі тас-талқан етеді. Үйлерге, көше мен көліктерге түсіп, жарықшақтар ұшқанда қайда тығыларын білмейтін әйелдер мен балалардың жағдайы тіптен қиындайды. Түнімен балалар шошынып, әйелдер жылаумен  шығады.

…Ол бірде көрген сұмдықтан қатты қорқып қалады. Өлген адамдарды, талай  жарақат алғандарды көрсе де, мына бейне көз алдынан кеткен емес. Бомба түскен жердің қасында ішек-қарны ақтарылып жатқан жүкті әйелді көріп қатты шошиды. Жаны шықпай  қиналып жатқан әйелдің ішінен өлі нәрестесі шығып қалыпты…

Күйеуі үнемі бір жаққа кететін. «Қайда болдың, қайда барасың?» деп сұрақ қоюға болмайды, тәртіп солай. Бір күні телефон шалып, қатты жарақаттанғанын,  қиналып тұрғандығын, бірақ аман-есен үйге келетінін айтып, содан соң үнсіз қалады. Сол хабар оның бұл өмірден өткенін білдірген соңғы  үнсіздік еді. Жарының немен айналысқанына көзі жетіп, іштей күйінеді. Артынша біреулер келіп  жолдасының жақын арада үйге жететінін айтады. Бірақ Ақнұр күйеуінің енді өмірде жоқ екендігін білетін. Олардың сөзіне сенбейді.

Сол күннен бастап ол үлкен ұл және іштегі тоғыз айлық баласымен ғана қалады. Бір жеңілдігі сол – түрмеде,  лагерьде жесір және аяғы ауыр әйелдерге бөлек тағам,  жайлы орын беруге тырысқан. Күндер өте береді. Осы жерде тоғыз ай көтерген  кіші ұлды өмірге әкеледі. Қасындағы әйелдер көп көмек етеді. Басын сүйеп, тамақтарын бірдей бөліседі. Аштық пен от пен оқ ортасында туған баланың көрер жарығы бар екен.

Ақнұрдың айтуынша, алғашында Сирия жерінде не мақсатта жүргенін зерделеуге мүмкіндік тіптен болмаған. Түсінген соң-ақ  қашуды көздейді. Бірнеше рет  қашпаққа  әрекет еткенімен, сол жердегі барлық әйелді кері қайтарады. Ал бірде тіпті жалдап алған жол көрсетуші қайтадан шыққан жерге әкеп, алдап  тапсырады. Келесі бір  қашып кетпек болған ұмтылыста 15 сағат жүріп адасып, ашығып, шөлдеп,  амалсыздан  өздері тұрған мекенге қайта оралады. Екі күннен кейін тағы жолға шығып, сол шыққаннан күрдтердің лагеріне жетіп құлайды. Олар түрмеге он күн қамап, сосын барып лагерьге өткізеді. Әйтеуір өлместің күнін кешкен.

Аз-мұз тамақ ұсынып, жатар жерлеріне төсеніш қана берген. Күндердің күнінде елден хабар жетіп, еріксіз келгендердің тізіміне тұру жұмысы жүреді. Ал сириядағылар болса, қалайда  бұлардың қашқындар тізіміне енбеуі үшін  бар айла-шарғыларын жасап бағады. Себебі соғыстағы арсыз саясаткерлердің тәсілі іспетті, бұлар да әйелдер мен балаларды пайдаланбақ екен. Өкінішке орай,  талай  әйел мен балалар қанға бөкті. Соңғы жылдары қанқұмарларға ештеңе кедергі болмағанын білеміз. Ақнұрдың айтуынша, күрдтердің лагерінде бірнеше ай бойы қамалып отырыпты. Балалардың «Апа, тамақ жегім келеді», – деп қиылып қарағандары  жанға  батса, бір жағынан, алда не болар деген қорқынышпен   өткен   күндер  ұмытылар ма? Ауылда есеңгіреп ата-ана күтсе, сағыныштан сарғайып, Сирия жерінде бұлар отырыпты.

«Қазақстан отандастарын әкетеді екен» деген сыбыс тарасымен  өмір сүруге деген құштарлық одан сайын күшейіп, қалайда жандарын сақтауға тырысыпты. Өзге елдің адамдары бұларға қызыға қарайды. Осы уақыт аралығында Ақнұрдың өзінің  басынан өткенін ой елегінен өткізіп, екшеуге, сараптауға уақыты жеткілікті болған. Өзі былай жеткізеді: «Сол жақта жүргенде бұл ісіміздің  дұрыс  еместігін түсіндім. Ешқандай да шариғат заңы жүріп, халифат болмағанын, «ұстаздарымыздың» бізді алдап келгендігін білдім.

Қиындықтардың бәрін бастан өткере отырып, осындай қателіктерді өзгелердің қайталамағанын қалаймын.  Әсіресе,  дін  жолы деп теріс бағытқа салатын ағымдардан сақ болуды айтар едім. Білмей жүріп, үлкен қателікке ұрындым», – дейді күрсініп.

Сириядан ұшақпен әуеге көтеріліп, елге жақындағандағы іштегі сезімді айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Өң мен түстей уақытта  Ақтауға келіп қонған  ұшақ  тағдырлары тәлкек болған бір топ жанды өмірге жаңа әкелгендей болады. Құшақ жайып күтіп алған жақын-жуық енді  қуаныштан жылады.

– Бізді  қанқұйлы соғыс жүріп жатқан апатты жерден алып шығуды тапсырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҚР Сыртқы істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, көмек көрсеткен барлық әскерилерге мың да бір алғыс айтамын. Адасқан адамдарға кешіріммен қарап, бізді тозақтан құтқарған еліме қарыздармын, – дейді Ақнұр көз жасын сүртіп.

Аранын ашқан  ажал ортасында өткізген алты жылды артқа тастап, жаңа өмірге қайта аяқ басқан Ақнұрдың жан жарасын  түсінуге тырыстық. Бір сәтте аяғын шалыс басса да, енді есін жиып, алға ұмтылған оның ерік-жігерін таныдық. Айтса сенгісіз қиындықты  бастан өткерген  адамның  бүгінде еңсесін тік ұстап, ертеңгі өміріне сеніммен қарауы – жақсылықтың белгісі.

Айсұлу АРЫСТАНОВА,

Шыңғырлау ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар