5.09.2019, 20:58
Қараулар: 288
Бағбан әріптес

Бағбан әріптес

«Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой дана халқымыз. Тілшілік қызметін айтпағанда, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін  әріптесіміз,  «Орал өңірі» газеті экономика бөлімінің редакторы Нұрбек Оразаевтың бір өнері – бау-бақша баптау.

Нұрбек Закарияұлы баубақша егуді бала жасынан ұнатып, «еңбектің  наны тәтті» екенін ұғынып өскен. «1987 жылы анам қызмет  ететін Жалпақтал ауылындағы ет комбинаты ұжым болып бау-бақша  егуді қолға алды. Ауылдан 10 шақырым жерге, өзен жағасынан аумағы кең жер қоршалды. Ол жерді арнайы техникамен қопсытып, әр қызметкерге 10 сотық жер берілді.

Мекеме басшылығы әуесқой бағбандарды ол жерге жұмыстан соң апарып, үйге кері алып келетін көлікпен де қамтыды. Жер дайын, су арнамен келіп тұр. Тек еңбектену ғана керек болатын. Ауылда мал бағып өскен әке-шешеміз бұрын бақша салып көрмеген еді. Абырой болғанда,  көршілеріміз Миша ағай мен Надя апай бағбандықтан біраз хабардар болып шықты. Осы екі жанның көмегінің арқасында  бақша отырғыздық. Сол жылғы өніміміз мол болды. Бақша өнімдерін үйге жаяулап, кейде велосипедпен тасып үлгере алмаған едік, – деп балалық шақтағы бау-бақша қызықтарын есіне алады әріптесіміз.

«Еңбектенсең, емерсің» демекші, алты ай жазғы еңбектің жемісін көрген соң, келер жылы да бақша егуге деген ынта арта түскен екен. Балалар жазғы каникулды сол бақшаның басында өткізіп, үйге қараңғы түсе бір келеді. Ол жылдары әріптесіміздің ата-анасы ауылдың қақ ортасындағы екі қа-тарлы көп пәтерлі үйде тұрған екен. Ауыл шетіндегі бау-бақшаға барып-келу шаршатып әрі уақыт ала бастаған соң, отбасы өзенге жақын жерден ауласы кең үйге қоныс аударады.

Жаңа қоныстағы айлапат жерге салынған бақша жыл сайын мол өнім береді. Артылғаны көрші-көлем, тума-туысқа тегін таратылады. Ал күзде жертөле іші картоп, сәбіз, пияз, қызылша, қырыққабат, асқа-бақ, кәді секілді өнімдермен  сықып  тұратын.

Нұрбек Закарияұлы мектеп бітірген соң, Батыс Қазақстан аграрлық университетінде агроном мамандығы бойынша білім алады. Алайда ол жоғары оқу орнын бітірген кез аудан-ауылдардағы колхоз-совхоздар тарап, егін шаруашылығы құлдыраған уақыт еді. Еңбек жолын жергілікті әкімдікте мемлекеттік қызметші болып бастағанымен, кейін ауылдағы кәсіптік-техникалық колледжге агроном мамандығы бойынша қызметке ауысады. Жердің қадір-қасиетін бала кезден білетін маман жаз мезгілінде колледж жанындағы шаруашылықтың жеріне оқушылармен бау-бақша егуді қолға алады. Ол жерде де өнім көп шығып,  жиналған көкөніс жатақхананың оқушыларына молынан жетіп тұрды. Көкөніс егуден бөлек, жеміс ағаштарын да егіп, балалардың  бау-бақша  егуге  деген  ынта-ықыласын  арттыра  түсті.

Әріптесіміздің Орал қаласындағы Зашаған кентіне қоныс аударғанына бірнеше жыл болды. Өз қолымен салған үйдің ауласында көктем шығар-шықпастан-ақ  жұмыс қызады.

Осылайша Нұрекеңнің бала-шағасымен жабылып, бау-бақша баптауы ерте көктемнен қара күзге дейін жалғасады.

– Менің бау-бақша баптаудағы ең бірінші мақсатым – балаларымды еңбекке баулу, жер мәдениетін меңгеруге жетелеу. Алғашқы жылы ерте көктемде жер қопсытып, бақша егуді үйреттім. Келе-келе балалардың өздері бақша дақылдарын баптай бастады. Осылайша олар өздерін табиғи таза өніммен де қамтамасыз етуді үйренді. Әрдайым дастарқаннан табылатын бақша дақылдарын еңбек еткен адамның тамағы ғана емес, көңілі де тоқ болатынын көрсетті. Зайыбым болса, көкөніс пен жеміс-жидектерден тосап пен түрлі салат дайындап, банка жауып, қыстың қамын жасап-ақ келеді. Балаларымның еңбекке араласқанына мен де қуаныштымын, – дейді бағбан  әріптесіміз.

Бүгінде шағын ғана аулада қызанақ, қияр, кәді, асқабақ, қауын, сәбіз, қызылша, аскөк, пияз, жүгері егіледі. Олардан басқа алма, алмұрт, өрік ағаштары «бой түзеп» келеді.

Нұрбек Закарияұлы болашақта қала іргесінен саяжай алуды жоспарлап жүр. Балалары жазғы демалыстарында компьютер мен ұялы телефонға тәуелді болып отырғаннан, таза ауада еңбек етсе екен дейді. Сонымен қатар бұл қарбалас жұмыстан кейін демалуға да таптырмас орын болары сөзсіз. Балаларының атасы ауылда тұрған кездерінде екі немересін еңбекке баулу үшін  тауықтың 60 балапанын әкеліп берген екен. Ол кезде 4-5-сыныпта оқитын қос ұл таңмен тұрып, балапандардың бабын тауып, баққан көрінеді. Аталарының сол қам-қарекетінен сабақ алған балалар қазір де қаз-үйректің балапанын өсіруге құлшынып жүр. Балаларының бұл тілегі де әріптесіміздің алдағы жоспарларының бір тармағында тұр.

Ауладағы жеміс ағаштарының саны мен түрін көбейту де еселі еңбектің бастамасы болмақ.

– Жалпы бау-бақша баптау отбасын таза әрі сапалы өніммен қамтумен қатар, келер ұрпақты еңбекке баулиды. Жермен жұмыс жасауды үйренеді. Әрдайым бапталып, күтім көрген Жер-ана өз жемісін береді. Тек әр нәрсенің сұрауы барын естен шығармай, жер мәдениетін меңгеру керек деп білемін. Мен бақша күтімін назардан тыс қалдырмаймын. Екі жылда бір рет ауылдан көң, қарашірік алдырып, төгемін. Күз-көктемде қопсытып тұрамыз. Кіші ұлымның бау-бақша егуге деген ынта-ықыласын байқап жүргендіктен, осы салаға бағыттағым келеді, – дейді  Закарияның Нұрбегі.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар