5.09.2019, 20:56
Қараулар: 173
Үкімет басшысы – Ақ Жайық атырабында

Үкімет басшысы – Ақ Жайық атырабында

Сәрсенбі  күні  Үкімет  басшысы  Асқар  Мамин  облысымызға  жұмыс  сапары мен келді.

Ол  Қарашығанақ, Шынар  кен  орындарында  және  Оралдағы,  қала  маңындағы  бірқатар  өндіріс,  құрылыс  нысандарында,  коммуналдық  кәсіпорындарда,  оқу  орындарында  болды.

Қарашығанақта болған кезде ҚР Премьер-министрі кеніш аумағындағы бірқатар нысанды аралап, «ҚПО б. в.» компаниясының өндірістік көрсеткіштерімен танысып, қолға алынған жобалар жайын білді. Асқар Мамин бұл жобалардың уақтылы орындалуы, қазақстандық тауар жеткізушілердің қызметін пайдалану, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытында оқыту мен тренингтердің жиі өтуін қамтамасыз ету қажеттілігін айтты. Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлерінің, негізінен, жергілікті тұрғындардан болуының маңыздылығын да атап өтті.

ҚПО-ның цифрлық жүйеде қалай жұмыс жасайтындығын көрген соң Үкімет басшысы Қарашығанақ газы бойынша өндірістік шектеулерді алып тастаудың инвестициялық жобасының талқылауына қатысты. Өткен жылы санкциялық келісіммен бекітілген аталмыш жоба арқасында кен орнында газ өндіру көлемі артпақ. Сөйтіп, Халықаралық консорциум республика бюджетіне 3 млрд. доллардан астам кіріс кіргізбекші. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ұсынуда қазақстандық қамтудың ең аз үлесі 40%, ал  кадрларды іріктеу кезінде 75% болып  белгіленді.

Айта кетейік, биылғы жылы облыста газ өндіру жоспары 19759,5 млн. текше метрді немесе 98,7%, мұнай 11400 мың тоннаны құрайды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 89,9%. Осы айда Қарашығанақ қайта өңдеу кешеніне алдын ала жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты екі техникалық желі  28  күнге  тоқтатылмақшы.

– Компанияның әлеуметтік салаға бағытталатын қаражаты 2 млн. доллардан 3 млн. долларға дейін ұлғайтылды. Жалпы, жыл сайын облыста әлеуметтік нысандар салуға, жөндеуге қаражат бөліп келеміз. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табуда. Оның ішінде «Орал» халықаралық әуежайды жаңғырту жобасы бар. Кері газ айдау  компрессор жұмысының және жоспарланып отырған  Қарашығанақ – 1А жобасының нәтижесінде мемлекетке төленетін салық артып, 1000 қызметкеріміз тренингпен, кәсіби оқытумен қамтылады, – деді «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Эдвин Блом.

*   *   *

Үкімет басшысы Асқар Мамин өңіріміздегі мұнайгаз саласындағы ірі компаниялардың бірі «Жайықмұнай» ЖШС-ның өндірістік базасында болып, үшінші зауыт жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Шынар кен орнын дамыту жоспарына сәйкес газды кешенді дайындайтын үшінші қондырғының іске қосылуымен бұл кәсіпорында жылына 2,5 млрд. текше метр газды кешенді өңдеу межеленіп отыр. Жалпы құны 600 млн. АҚШ доллары болатын бірегей жоба өңірдің мұнайгаз саласындағы табысын еселейтіні сөзсіз. Премьер-министрге компания басшылығы шикізатты 5500 метр тереңдіктен өндіретін іргелі кәсіпорынның жай-күйі, қуаттылығы, өндірістік жоспары жайында  баяндады.

– 2014 жылы үшінші зауыт құрылысын бастадық. Газды кешенді дайындауға арналған кешенді қондырғының өндірістік қуаттылығы 2,5 млрд. текше метр газды өңдеуге қауқарлы. Жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Зауытты қыркүйек айының соңында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Он бес жыл ішінде кенішті игеруге 3,5 млрд. АҚШ  доллары жұмсалды, – деді “Жайықмұнай” ЖШС NOSTRUM OIL & GAS PLC компаниялар тобының бас атқарушы директоры Кай Уве Кессель.

Зауытта өндірілетін өнімнің 85 пайызы экспортқа бағытталған. Ел аумағы мен сыртқы нарыққа шығарылатын мұнайгаз өнімдері құбыр және теміржол терминалдары арқылы тасымалдануда. Жаңа жобаның жүзеге асырылуы экспорт көлемін ұлғайта түспек. Кен игеруші компания қазақстандық мазмұнға басымдық беру талабын ұдайы назарда ұстайды. Қазіргі уақытта зауыттағы 900 адамның 95 пайызын отандық мамандар құраса, мердігер компанияларда еліміздің екі мыңдай азаматы еңбек етіп жүр.

«Жергілікті компаниялармен сенімді әріптестік негізінде жұмыс жасап келеміз. «Юнисерв» компаниясы көлік саласындағы серіктесіміз болса, зауыт құрылысы бойынша «ҚазСтройСервис» компаниясымен бірлесіп жобаларды жүзеге асырдық. Ал бұрғылау жұмыстарына келсек, мұнда «Уральскнефтегазгеология», «Казбургаз» компанияларымен ынтымақтастық қарым-қатынасымыз берік», – деді  Кай  Уве  Кессель  мырза.

Жаңа жоба өндіріс қуаттылығын  екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдегі өзге де кен орындарын игеруге жол ашпақ.

*   *   *

Өңірге жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды стратегиялық нысандарды аралаған ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Орал жылу электр орталығында болды. Үкімет басшысына өңірді жылумен, сумен және электр қуатымен жабдықтау саласындағы жұмыстардың жай-жапсарын баяндаған облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев жылу қуат орталығының  негізгі және қосымша құрал-жабдықтарын қайта жабдықтау және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу бағытындағы  жобаларды таныстырды.

– Өндірісте  электр қуатын араластырып пайдалануды арттыру арқылы шығынды азайту, нормативтік шығындарды толық жою және жылыту маусымы басталысымен реттеу тетіктерін енгізу қарастырылып отыр, – деген Аманжол Алпысбаев Орал қаласын сумен қамту мәселесіне де тоқталды.

– Қазір қала тұрғындары тәулігіне 60 000 текше метр су тұтынады. Оның 35 000 текше метрін Жайық өзенінен алсақ, қалғаны –  жер асты суы. Облыс әкімдігі ҚР Экология министрлігінің ұсынысымен артезиан суын көбірек пайдалануға көңіл бөлмекші. Қосымша құбыр тарту арқылы Тоқпай жер асты суын пайдалануды да жоспарлап отырмыз. Қазір жобалық-сметалық құжаттар да-йындалуда, – деп ол түйткілді шешудің түбегейлі жолдарын атап өтті.

Үкімет басшысы Асқар Мамин бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, жобалық-сметалық құжаттарды жеделдетіп дайындауды тапсырды. Аталмыш жоба жемісті жүзеге асса, Орал қаласын сумен қамту мәселесі алдағы екі  жылда шешілмек. Айта кету керек, жаз маусымында Орал жылу электр орталығының сорғы стансасы істен шығып, шаһар тұрғындарын ауыз сумен қамтуда бірқатар қиындықтар туындаған еді. Ескі кәріз құбырлары қайта-қайта жарылуы себепті, оралдықтар бірнеше тәулік бойы сусыз отырған жағдайлар жиі орын алғаны белгілі.

«Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Қуат Мусиннің мәлімдеуінше, биыл ағымдағы және күрделі жөндеу мен жаңарту жұмыстарына  560 млн. теңге бөлінген. Нақты жылу электр орталығын жаңғыртуға 369 млн. теңге қарастырылған. Қалған қаражат жылу жүйелерін жөндеуге жұмсалады. Бүгінгі таңда екі жылыту цехын жөндеу аяқтала келді. Дейтұрғанмен, кешенді жаңғырту шаралары қолға алынбайынша, мәселе  толықтай  шешілмейді.

– Кәсіпорынның құрал-жабдығы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары іске қосылғандықтан әбден тозған. Оны жөндеуге қомақты қаржы керек. Қазір жылу орталығын жаңғырту мақсатында қос бірдей сметалық құжат дайындалып, сараптамаға жолданды. Соның ішінде бу турбиналық станса қуатын арттыру мен суды кері өзенге құймай, екінші айналымға қайта жіберу мақсатындағы жобаларды жүзеге асыруға 5,8 млрд. теңге көлемінде қаржы нақтыланды, – дейді Қуат Мусин.

*   *   *

Үкімет басшысы Оралда орналасқан «Кама центр» ЖШС көлік-логистикалық орталығының жұмысымен танысты. Былтырғы сәуір айында ашылған кәсіпорын аутокөлік дөңгелектері мен резеңке бұйымдары қалдықтарын өңдеумен айналысады. Серіктестіктің еліміздің әр өңірінде орналасқан 25 сервистік орталығы бар. Сервистік орталықтарда 760 адам жұмыс істейді. Серіктестік республика бойынша 1000 кәсіпорыннан дөңгелектің барлық түрін қабылдайды. «Кама центр» ЖШС-ның директоры Валерий Голоуховтың сөзінше, резеңкілерден алынған химиялық сұйықтықты отын ретінде пайдалануға болады. Бірақ химиялық сұйықтықты өндіріске шығаруға елімізде сертификат берілмейді. Көршілес Ресей елі шикізатты кәдеге жаратуда. Осы мәселені серіктестік жетекшісі Үкімет басшысына жеткізді. Премьер-министр Асқар Мамин өндіріс жолында қанат жайған кәсіпорындарға Үкімет тарапынан  қолдау  болатынын  айтты.

*   *   *

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің Ақ Жайық өңіріндегі сапары «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ-да жалғасты. Желаев комбинатында 597 адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр.

Кәсіпорын жылына 112 500 тонна ұн, 28 961 тонна макарон өндіруге қауқарлы. Мұндағы ұн мен макарон зауыты  еуропалық құрылғыларымен жабдықталған. Өндірілген өнімнің жартысы еліміздің түкпір-түкпіріне, сондай-ақ Ресейге, Түркіменстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Ауғанстанға экспортқа шығарылуда. Кәсіпорын 2012 жылы «Italplast» итальяндық әмбебап құрылғысымен жабдықталған №2 макарон фабрикасын іске қосқан. Нәтижесінде сағатына 600-700 келі  макарон өнімдері (жайма, кеспе, спагетти, фетучини, ричи, букатини)  өндіріліп, «Мартин»  және «LaPastaDiFelice» сауда атауымен саттыққа шығарылып келеді.

Былтыр қуаттылығы жылына 12-14 мың тонна макарон жасайтын  үшінші цехты іске қостық. Заманауи құрылғылар Италиядан әкелінді. Мұнда өндірілетін өнімнің 50 пайызы экспортқа шығады. Айта кетсек, 25 пайызы Ресейге, 10 пайызы Ауғанстанға, 10 пайыздан жоғары Түркіменстанға және бес пайызы Тәжікстанға жіберілуде. Макарон, ұн өнімдері өңірде жиналатын бидай дақылдарынан жасалады, – деп Үкімет басшысына «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ-ның акционері Александр  Матевосян  баяндады.

*   *   *

«Болашақ-Т» ЖШС үй-құрылыс комбинатында болған Үкіметтік делегация мүшелері бұл серіктестіктің «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырып жатқан «Үй құрылысы комбинаты» жобасымен танысты. Мекеме құрылысшылары тұрғын  үйді құрастырмалы-монолитті әдіспен тұрғызады. Ғимараттарды құрастырмалы-монолитті тәсілмен салу, біріншіден, жыл мезгілі мен басқа да себептерге қарамастан, құрылыс нысандарын жедел тұрғызуға мүмкіндік береді. Әрі еңбек шығынын азайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ құрылыс материалдары жергілікті жерден өндірілетін болғандықтан, материалдық шығыны аз.

«Болашақ-Т» ЖШС директоры Асқар Қошановтың айтуынша, комбинат соңғы бес жылда жалпы аумағы 230 мың шаршы метр болатын тоғыз қабатты 20 үйді пайдалануға берген. Қазір Зашаған кентінің  Саратов тас жолы бойындағы 198 пәтерлік қос үйдің құрылысын салумен айналысуда.

Өз кезегінде ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин  мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша құрылыс жақсы жүріп жатырғанын айтып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды.

*   *   *

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин «Орал трансформатор зауыты» ЖШС базасына барды. Серіктестік басшысы Ақжол Сауранбаевтың айтуынша, Орал трансформатор зауытының экспорттық үлесі өндірген өнімнің 95%-ын құрайды. Биыл 9 мың дана трансформатор шығару жоспарланған. Яғни зауыттағы өндіріс көлемі 35 пайызға артып отыр. Былтыр 1 жұмысшыға шаққанда, еңбек өнімділігі 30 миллион теңге немесе 79 мың АҚШ долларын құрады. Зауытта 191 адам еңбек етеді.

Биыл кәсіпорын басшылығы «ҚПО б.в» компаниясымен 10 кВт күрделі қосалқы трансформаторлық станцияларды жеткізу мақсатында 200 миллион теңге сомаға ұзақ мерзімді келісімшарт жасады. Серіктестік алдағы екі жылда «Панельді радиаторлар өндірісі» жобасы аясында жаңа өнім түрлерін шығармақ. Панельді радиаторлар, оқшаулағыш қағаздар және трансформатор құрылысына қажетті елімізде шығарылмайтын басқа да материалдардың 70 пайызын экспортқа шығару көзделген. Өндіру қуаты жылына 3000 тонна радиатор шығаруға жетеді деп есептелінген. Тауарды Ресей және Беларусь зауыттары тұтынбақ.

Кәсіпорын ұжымның әлеуметтік мәселелеріне бейжай қарамайды. Жас қызметкерлерге 500 мың теңгеге дейінгі бір жолғы  көтермеақы, жұмысшы отбасында бала дүниеге келсе, әр нәрестеге 250 мың бір реттік жәрдемақы төленеді. Серіктестік ұжымдағы 40 көп балалы отбасыны баспанамен қамтып отыр. Дуальды оқыту аясында кәсіби-техникалық мамандықтарға оқытатын колледждермен байланыс орнатып, зауытта білікті мамандар дайындау жолға қойылған.

*   *   *

Сапар аясында Үкімет басшысы Асқар Мамин «Кублей» кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда кәсіпорын басшысы Талғат Берекешов өндіріс орнының бағыт-бағдары туралы әңгімелеп, өндірілген өнім түрлерін көрсетті. «Кублей» ЖШС – мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жұмысын дөңгелетіп отырған облыстағы ірі кәсіпорындардың бірі. Қалайы ыдыста бұқтырылған ет, балық және көкөністің жүзден астам түрін дайындаумен айналысатын кәсіпорын ауысымына 15 мыңнан астам дайын өнімді саттыққа шығарады. Өңірде экспорттық-бағдарлық өндірістің дамуына үлкен үлес қосып отырған «Кублей» ЖШС өз өнімінің жартысын отандық нарыққа жіберсе, қалғанын Ресей, Түркіменстан, Ауғанстан, Тәжікстан және Иран мемлекеттеріне экспортқа шығарады.

– Ет комбинатында күніне 250  ірі қара мен 700 қой сойылады. Сойылған ет жоғары технология бойынша өңделіп, вакуумдалған соң Ресей, Иран, Қытай елдеріне жөнелтілуде, – дейді «Кублей» ЖШС өндіріс меңгерушісі Мирас  Қайырғалиұлы.

Өндірістік цехтарды аралап, жуырда іске қосылатын тері өңдеу цехы жобасымен танысқан Үкімет басшысы бірер күнде кә-сіпорыннан Иранға жөнелтілетін өнімді көріп, осындағы ирандық тапсырыс  берушілермен  тілдесті.

*   *   *

Премьер-министр Асқар Мамин «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы барысымен және «7-20-25» бағдарламасын іске асыру кезеңдерімен танысу үшін Зашаған кентінде салынып жатқан Ақжайық шағынауданына  барды.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков Үкімет басшысына құрылыс жұмыстарының барысын баяндады. Қазіргі таңда қажетті инженерлік желілер тартылғанын айтқан шаһар басшысы келер жылы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысы басталатынын  мәлімдеді.

Аумағы 425 гектарды құрайтын жаңа шағынауданда 150 көп қабатты тұрғын үй, сегіз мектеп, тоғыз балабақша, емханалар, 78 ойын алаңы салынбақ. Инфрақұрылымы жаңа, жолдары кең, «Ақылды қала» талаптары ескерілген жаңа шағынауданға 80 мыңдай тұрғын қоныстанбақ. Оралдың негізгі орталығынан оқшаулау, Шаған өзенінің сыртында орналасқан жаңа қалашыққа қатынасты жеңілдету үшін өзенге көпір салу жоспарланған.

*   *   *

Бұдан соң Премьер-министр жиһаз шығаратын «Квант» фабрикасына ат басын тіреді. Кәсіпорын басшысы Михаил Пшеничный Асқар Маминге жиһаз фабрикасының қазіргі қаржы-шаруашылық жағдайы туралы мәлімдеп, өндіріс ауқымын ұлғайту және дайын өнім тізбесін кеңейту жоспары жөнінде әңгімелеп берді.

1991 жылы іргесі қаланған «Квант» ЖШС осыдан төрт жыл бұрын Зашаған кентінде жаңа жиһаз фабрикасын іске қосқан болатын. Қазір мұнда үй мен кеңсеге қажетті жиһаздың жүздеген түрі дайындалады, бір мыңнан астам адам еңбек етеді. Отандық өнім  ішкі нарықты қамтумен қатар Қырғызстан, Армения, Өзбекстан, Түркіменстан мен Ресейге экспортталады. Күрделі жұмысты компьютерлендірген кәсіпорын өнім сапасын арттыру үшін барынша заманауи технологиялар енгізіп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға кезінде «Бизнестің жол  картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілген. Соның арқасында өндіріс аясы кеңейіп, кәсіпорынның қуаты күн санап артып келеді.

– Жыл басынан бері жалпы құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын  38 мың өнім өндірілді. Өндіріс көлемі 18 пайызға ұлғайды. Мемлекеттің қолдауымен өткен жылы екінші жиһаз цехының құрылысы басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын жоспарланған мерзімнен бұрын аяқтауды көздеп отырмыз. Нәтижесінде өндіріс көлемі мен өнім түрін молайтып, қосымша 100 жаңа жұмыс орнын ашу мүмкін болмақ. Асқар Ұзақбайұлы біздің фабрикаға осымен екінші мәрте келіп отыр. Отандық өнім өндіруші кәсіпорындарға қолдау болатынын айтты. Жаңа цехтың құрылысын сапалы аяқтап, өнді-ріс қарқынын арттыруды тапсырды,  –  дейді  Михаил  Пшеничный.

*   *   *

Түс қайта үкіметтік делегация Зашаған кентінде Орал-Саратов аутожолы бойында «Альтаир» ЖШС салып жатқан 9 қабатты үйдің құрылысымен танысты. Республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылған құрылыс жобасының құны – 1,7 млрд. теңге. Келесі жылы құрылыс мерзімі аяқталып, 216 пәтер кілті тұрғындарға беріледі. Қазіргі уақытта қабырғасы көтеріліп, төбесі жабылған үйдің балкондарына терезе орнату жұмыстары жүргізілуде.

Құрылыс нысаны жанында облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев Үкімет басшысына «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының өңірде жүзеге асуы  жөнінде  баяндады.

– «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында облыс бойынша 3396 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Яғни Орал және Ақсай қалаларында 17 көп қабатты үй мен елді мекендерде 117 көп пәтерлі үй салынуда. Оның ішінде көп қабатты 2 үйден 396 пәтер көп балалы отбасыларға берілмек. Облыс бойынша «Қазақстанның ТұрғынүйҚұрылысЖинақ банкі» АҚ филиалы арқылы 73 мың адам, жергілікті атқарушы құрылымдар арқылы 25 826 адам үй кезегінде тұр. «Нұрлы жер» бойынша биыл 1593 пәтер беру жоспарлануда.

Соның ішінде 1058-ін «Қазақстанның ТұрғынүйҚұрылысЖинақ банкі» салымшылары алса, 535 арендалық баспанаға аудан әкімдіктері есебінде тұрғандар қол жеткізеді. 2017 жылы 392 мың шаршы метр, былтыр 432 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Биыл 450 шаршы метр баспана салу көзделуде, – деді Бағдат  Азбаев.

Оның айтуынша, Орал қаласы мен Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Теректі аудандарында 2,9 млрд. теңгеге инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымдарының нысандары салынуда. «Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым жобаларын жасақтағанда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму және ҚР Энергетика министрліктеріне бөлек-бөлек дайындаймыз. Жобалар құжаттамаларын біріктіріп, қаражат үнемдеген тиімді», – деді Бағдат Азбаев.

Облыс бойынша әлеуметтік нысандар құрылысына 4,4 млрд. теңге бөлінген. Осы қаражатқа Орал қаласында 900 балаға арналған №51 мектеп пен Ақжайық ауданы орталығындағы апатты мектеп орнына интернаты бар мектеп ғимараттары бой көтереді. «Қазталов ауданындағы 600 орындық мектеп салу жоспарланған. Оның жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылысқа 2,4 млрд. теңге қажет. Бірақ ҚР Қаржы министрлігі 1,2 млрд. теңге бөліп, 300 орындық мектеп салуды талап етіп отыр. Осы мәселені шешіп берсеңіз», – деді облыс әкімінің орынбасары  Бағдат  Азбаев.

Биыл облыстағы 40 елді мекенге ауыз су жеткізіледі. Ол үшін 4,1 млрд. теңгеге 589 шақырым су құбыры тартылуда. Нәтижесінде өңірдегі елді мекендердің тең жартысы таза судың игілігін көреді.

– Облыс бойынша 6,5 мың республикалық маңыздағы, 5,1 мың жергілікті маңыздағы аутожолдар бар. Республикалық маңыздағы аутожолдардың 92 пайызының жағдайы жақсы. Былтыр жұмыс сапарымен өңірімізге келген Елбасы екі тапсырма берді. Оның біреуі – Жәнібек, Қазталов, Бөкей ордасы аудандарына баратын аутожолды күрделі жөндеу. Биыл бюджеттен 2,4 млрд, теңге бөлініп, мердігерлер 13 шақырым  жолды жөндеу жұмысына кірісті.

Екінші тапсырма бойынша Ресейдің Орынбор облысына шығатын халықаралық маңызы бар аутожолдың 144 шақырымын жөндеуге қатысты құжаттар әзірленуде, – деді Бағдат Азбаев.

ҚР Премьер-министрі Асқар  Мамин мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалап отыруды тапсырды. Бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша облыс әкімдігі шешімін табуды ұсынған сауалдар құзырлы министрліктер назарынан тыс қалмайтынын айтты.

*   *   *

ҚР Премьер-министрі бастаған үкіметтік  делегация мүшелері аквамәдени тәжірибе-өнеркәсіптік өндіріс  оқу-ғылыми кешеніне соғып, бекіре және қара уылдырық өндіру жұмыстарының барысымен танысты. Аквакешенде 15 мыңнан астам балық бар.  Шоқыр, сібір және орыс бекіресімен қатар будандастырылған балық түрлерін қамтитын 42 бассейннің әрбірі 3 тоннадан астам балық ұстауға есептелген. Балықтардың тез өсіп, мол өнім беруі үшін барлық жағдай жасалған. Шабақтар тәулігіне алты рет жемделеді. Сұранысқа сай, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын кәсіпорын өндірісі бүгінде жылына 200-300 келі  өнім  беруге  қауқарлы.

– Қазіргі таңда біздің өнімдеріміз Жапония, АҚШ, Швеция сықылды шалғай шетелдердің нарығына экспортталуда. Біз алғашқы партияда жіберген өнімдеріміз туралы жақсы пікірлер естідік. Қазір тұздау технологиясын аз-маз өзгерттік. Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтижелер болады деген ойдамыз, – дейді аквакешеннің атқарушы директоры  Әмірхан  Қанапия.

Мұнда  36 адам еңбек етеді.  Аквакешен толық қуатына көшкенде, 55 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Сондай-ақ кәсіпорын  толық қуатына көшкеннен кейін жылына 130 тоннаға дейін бағалы балық етін, 13 мың тоннаға дейін қара уылдырық өндіреді  деп  күтілуде.

*   *   *

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин сапарының соңында облыс орталығында салынатын мәдениет үйінің 3D жобасымен танысты. Оралдағы жоғары аграрлық-техникалық колледжге арнайы ат басын бұрған Үкімет басшысы оқу орнындағы цифрландыру аясында атқарылып жатқан тың жобаларға куә болды.

– Назарларыңызға студенттердің курстық жұмыс негізінде жасалған тоғыз қабатты «Жатақхана» жобасын ұсынамын. Жоба BIM технологиясы қолданыла отырып, «Revit» бағдарламасы арқылы жасалды. Өйткені бұл бағдарлама қолданылатын материалдардың базасын және жобалау кезеңінде қабылданатын шешімдерді сақтауға, бой көтеретін нысанның сапасын қадағалауға мүмкіндік береді. BIM технологиясы арқылы ақпараттық модельдеудің тиімділігі зор. Келесі көрініс – Орал қаласында салынатын үш қабатты  «Мәдениет үйі» ғимаратының жобасы. Мұнда 36 орындық мәжіліс залы, 926 орындық концерт залы, 72 орындық кафе бар, – деді жобаларды таныстырған колледж оқытушысы Руслан Махметов.

Ғимараттарды 3D үлгісінде көруге мүмкіндік беретін 3D CAVE құрылғысы аталмыш колледждің финдік «Collaprime» компаниясымен ынтымақтастық нәтижесінде алыныпты. Бүгінде колледж оқытушылары үшін BIM технологиясы бойынша оқыту курсын жүзеге  асыратын жол картасы дайындалған.

Материалды дайындағандар Айым  НҰРҒАЛИЕВА, Бөрлі  ауданы, Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА, Динара  ӘЛПЕЙІСОВА, Нұртай ТЕКЕБАЕВ, Гүлжамал  КЕНЖЕҒАЛИЕВА, Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар