5.09.2019, 20:30
Қараулар: 348
Құжат жинаудың әуре-сарсаңы бітетін түрі бар…

Құжат жинаудың әуре-сарсаңы бітетін түрі бар…

Ауыл шаруашылығы  министрі  Сапархан Омаров  өңірімізге  жұмыс сапарымен  келіп,  Теректі ауданындағы “Пойма май комбинатында” ауыл  шаруашылығы  саласының  өкілдерімен  кездесті. Кездесу барысында  кәсіпорынның жұмысы таныстырылып,  ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша  жергілікті сала мамандары мен шаруашылық өкілдері көтерген түйткілді  мәселелер  талқыланды.

Олардың ішінде отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және майлы дақылдарды шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін отандық өңдеу кәсіпорындарына өңдеуге берілген майлы дақылдар өндірісін субсидиялауды  қайтару алдымен сөз болды. Тауарларды экспорттауда  құжаттарды рәсімдеу кезінде бірнеше құжаттар сұрату жөнелту мерзіміне әсер ететіндіктен азайту қажеттігі айтылды. Өнімдерді экспортқа шығаруда вагондардың жетіспеушілігін, ауыл шаруашылығы өнімдері мен өңделген өнімдеріңің  кей жағдайда сапа стандарттарына сәйкес келмей жататындықтан, тиісті реттеуші органдармен импортталатын өнімдердің сапасын бақылауды қолға алу сықылды т. б. проблемалық мәселелер талқыланды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бағдарламасына сай 2019 жылға бөлінген қаражаттың қазіргі таңда толықтай игерілуіне байланысты облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарына жаңа өтінім беру мүмкін болмай отырғанын жеткізді.

Министр Сапархан Омаров аграрлық салаға жан-жақты көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауларды айта келе, өңірдегі мал шаруашылығын, әсіресе, қой шаруашылығына аса көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. АӨК өкілдерінің ұсыныстарын орындау мен шешу жолдарына тоқталды. Мәселен, көптеген субсидиялау бағдарламаларындағы қағидаларға өзгеріс енгізу, құжат рәсімдеу кезіндегі әуресарсаңды жою мәселелері қаралатындығын жеткізді.

Министрдің өңірге жұмыс сапары ірі кәсіпорындарды аралаумен әрі қарай жалғасты.

Өз  тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар