2.09.2019, 23:08
Қараулар: 617
81 ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ

81 ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ

Жыл  соңына  дейін облыстағы  60  елді  мекен  жоғары жылдамдықты  интернетке  қосылады.  Бұл  жағымды жаңалық  «Талшықты-оптикалық  байланыс  жолдарының технологиясы  бойынша  Қазақстан  Республикасының ауылдық  елді  мекендеріне  кеңжолақты  қатынауды қамтамасыз  ету»  жобасы  аясында  жүзеге  аспақ. Бүгінде «Қазақтелеком»  АҚ  филиалы  –  Батыс  өңірлік  телекоммуникация  дирекциясы  өңірдегі  ауылдарда  оптикалық  желі  тарту бойынша  ауқымды  жұмыстар  жүргізуде.

Еске сала кетейік, «Қазақтелеком» АҚ 2018 жылы  «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік  бағдарламасын  орындау шеңберінде  ауылдық  елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желі жолын (ТОБЖ) салу жобасын жүзеге асыру бойынша Ақпарат және коммуникация министрлігімен мемлекеттік-жеке серіктестік  шартын  жасаған  болатын. Биыл  өңірлік телекоммуникация дирекциясы Батыс Қазақстан облысының 60 ауылына  238 мемлекеттік құрылым мен бюджеттік сала мекемесін: ауруханаларды, мектептерді, жергілікті атқару және құқық қорғау құрылымдарын интернетке қоса отырып, ұзындығы 1751 шақырымға дейін ТОБЖ салуды  жоспарлап  отыр.

– Жыл соңына дейін көп жұмыс атқаруымыз қажет. Біздің негізгі міндетіміз – ауылдардағы  мемлекеттік мекемелердің компаниямыздың қызметіне  қосылуы үшін талшықты-оптикалық байланыс желі жолын  сапалы және уақытында салуды қамтамасыз ету. Өйткені заманауи технологиялар дамуға, оқу мен жұмыс істеуге жаңа мүмкіндіктер береді. Сонымен бірге қала мен ауыл арасында цифрлық теңсіздікті жоюға қадам жасалады, – дейді Батыс Қазақстан жергілікті желілер техникалық торабының директоры Андрей Чеботарев.

Қазір Қазталов ауданының Әжібай, Ақпәтер, Бостандық, Жаңажол, Қайыңды, Қошанкөл, Қазталов, Нұрсай ауылдары, Қаратөбе ауданының Жусандыой, Қаратөбе, Қарақамыс, Сулыкөл, Үшағаш  ауылдары, Сырым ауданының  Аралтөбе, Жырақұдық, Жымпиты, Қосарал, Шағырлы  ауылдары, Жәнібек ауданының Ақоба, Жақсыбай, Жәнібек ауылдары бағытында  арнайы орлар дайындау  мен полиэтилен құбырларды салу жұмыстары басталып кетті. Жалпы облыс бойынша бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Айта кетейік, өткен жылы ауылдық елді мекендерде ТОБЖ  жобасы  бойынша  облыста Теректі  ауданының Жаңа өмір, Бәйтерек ауданының Үлкен Шаған мен Янайкин  ауылдарына  оптикалық  байланыс желі жолдары  салынған  болатын.

2020 жылы 18 ауылдық елді  мекенге  ТОБЖ  жүргізу жоспарланып отыр. Сөйтіп, аталмыш жоба арқылы Батыс Қазақстан облысының 81 ауылы  жоғары жылдамдықты интернетпен  қамтылатын  болады.

«Қазақтелеком» АҚ қоғаммен  байланыс  қызметі