2.09.2019, 23:06
Қараулар: 237
Немерелерімен қауышты

Немерелерімен қауышты

«Орал өңірі»  газетінің  биылғы  26  ақпан  күнгі  №16 санында  «Ендігі  арманым –  қос немереммен  қауышу» деген  бала-келіні  Сирия  асып  кеткен  кейіпкеріміз  Сара Қайырғалиева  туралы  көлемді  мақала  жарияланды. Кезінде «Ақжайық»  футбол  командасының  капитаны  болған  белгілі  футболист  Айбек  Ғұбайдуллиннің  анасы  редакцияға келіп,  бар  мұңын  халықпен  бөлісіп, ұлының  көзіндей болған қос  немересімен  қауышатын күнді  асыға  күтіп жүргенін  айтқан  еді.  Жақында  ақжолтай  хабарды  естіп  біз  де  қуанып  қалдық.  Апамыз «Жусан»  операциясымен  елге  аман-есен оралған  қос  құлыншағымен  қауышып,  мауқын  басыпты. Жеделдетіп  телефон  соғып,  хабарластық.  Қуанышы  қойнына  сыймаған  Сара  апа  ақтарылып, әңгімесін  айтып  берді.

Келінім мен немерелерім 28 маусым күні Оралға келді. Сол күні бірден келіннің ата-анасының үйіне бардық. Бұрыннан телефон арқылы видеозвонокпен сөйлесіп жүрдік қой. Сосын да балалар бізді біледі. Үйге кірген бойда-ақ екі бала жүгіріп, жабысты бізге. Жүрегім жарылуға шақ қалды. Айбегімнен айырылып, «Орнында белгі қалмады-ау» деп қамығып жүргенімде немерелеріммен қауышу маған көп күш сыйлады. Сол күні екі баланы өзімізбен бірге үйге алып келдік. Қыдыртып, керек-жарақтарын алып бердік. Биыл қызым 1-сыныпқа, ұлым даярлық сыныпқа барды. Қазір отбасымызбен немерелеріме мектепке қажетті заттарын алып беріп, дайындап жатқан жайымыз бар. Қызым сабырлы, әкесінен аумайды. Тіпті ақшыл киімдерді жақсы көретініне дейін Айбегімнен аумай қалыпты. Ұлым ана жақта жүріп күйіп қалғанын айттым ғой. Қатты күйіпті балапаным. Қазір емдетіп жатырмыз. Екеуі де апаларын (Айбектің апасы) қатты жақсы көреді. Кейде «қасына жатам» деп, қызымның балаларымен таласып қалады. Немерелерімнің бізге деген көңілдері ерекше. «Қан тартады» деген рас екен. «Құлындарымды бауырыма бассам» деп армандадым ғой, осы күнге жеткеніме қуанамын. Айбегімнен үміт үзбеймін. Ендігі кезекте немерелерімнің мектепке барып, сабақты жақсы оқып кетулеріне шамамыз келгенше қолдау көрсетеміз, – дейді Сара әже.

Біз де өз тарапымыздан немерелерін бауырына басқан Сара  апайға  тек  сәттілік   тілейміз.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар