2.09.2019, 22:57
Қараулар: 170
Сенім сыйлаған жоба

Сенім сыйлаған жоба

Орал  қаласындағы  «Салтанат»  сарайында   «Жастар. Кәсіпкерлік.  Заманауи  бастамалар. Жастардың  дамуына  арналған  жаңа  мүмкіндіктер»  атты  форум  өтті.

Әлеуметтік белсенді, еңбекқор жас кәсіпкерлер мен болашақта өз кәсібін ашқысы келетін жастарды қолдап, оларға жағдай жасауды мақсат тұтқан  шараны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды.

Форумға келген облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар мемлекетімізде жастарға білім алып, қызмет етуге бар жағдай жасалып жатқандығын тілге тиек етіп, жастардың әр саладағы бастамаларына сәттілік тіледі.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошевтың айтуынша, өңірде жастардың жұмысқа орналасуы, өз кәсіптерін ашуы бағытында бірқатар жұмыстар жасалған.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен жергілікті атқарушы құрылымдарға жастарды қолжетімді сапалы білім, жұмыс, тұрғын үй және отбасын құру жөніндегі маңызды қажеттіліктермен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бәсекеге қабілеттіліктің алғышарты – жас-тардың кәсіби біліктілікпен, жұмыспен қамтылуы. Өңір жастарын жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар көмегімен жыл басынан бері 6000-ға жуық жас тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты. Соның ішінде, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 1000-нан  астам түлек жұмыспен қамтылса, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 558 жас маман ауылдық жерлерге барып, 203,6 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алды. Тағы 322 маманға 1,1 млрд. теңге көлемінде баспана алуға несие берілді. Бұл жерде жас мамандарымыздың ауылдық жерлерге барудан бас тартпайтындығы, өз мамандықтарына сай жұмысқа орналасып, баспана алып, өмірден орындарын тапқаны бізді қуантады. Сонымен қатар еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін, табысы төмен NEET санатындағы жастарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан «Zhas project» жобасы аясында қаражат бөлініп, жоба жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба аясында Орал қаласында 217 жоба 1 млн. теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды, сонымен қатар 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылып, олар ай сайын 40 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін әлеуметтік шәкіртақы алады,  –  деді өз сөзінде Аян Сакошев.

Форумда  «Топан» компаниясының атқарушы директоры, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ғайса Жұмалиев бизнес жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, жастарды өз кәсібін ашып, сол жолда табанды жұмыс істеуге шақырды. Ресейдің «Синергия» университетінің Алматыдағы филиалының департамент директоры Дана Садықова, «Достар стом» тіс емдеу клиникасының директоры Самат Ихласов  мақсатқа жету жолында кездескен кедергілерден қаймықпай өтіп, қателіктерден сабақ алып,  күресе білу қажеттігі туралы орамды ойларын ортаға салды. Сондай-ақ жастардың басын қосқан пікірталас алаңына жас блогерлер, жас журналистер, өңірдегі жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Аяжан  БАЙҒАБЫЛ,

«Архат»  наубайханасы жобасының  топ  жетекшісі:

 –  «Zhas project» жобасы туралы маусым айында естіп, құжат тапсырдым. Грант иегері атанғанымызды естігенде қатты қуандым. Отбасылық топта жұбайым және қайным бар. Бірінші траншқа газ плита, өзге де қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық. Біз алты ай бойына көп балалы,  табыс-кірісі аз отбасылардан 150 адамды қамтуымыз қажет. Әзірге 30 адамға өз өнімдерімізді ұсындық. Біздің кондитерлік өнімге қызығушылық танытқан адамдардың үйіне тәттілерді жеткізіп береміз. Қазіргі күнде әлеуметтік  желілер  арқылы хабарландыру  таратудамыз.

Бекежан  МӘДИ,

«QAZAQ STYLE  BARBERSHOP»  жобасының  топ   жетекшісі:

–  Біз грантқа ғимарат жалдап, керекті құралдарымызды сатып алып, өз жұмысымызды бастап кеттік. Әлеуметтік тұрғыдан күнкөрісі төмен отбасылардың балаларының шашын тегін қиып беріп жүрміз. №42 және №46 орта мектеп оқушыларының шашын қиып, мектепке дайындауға көмектестік. Бұл жоба бізге көп мүмкіндік берді. Бұйырса, осы бизнесті жалғастырамын  деген  ойым  бар.

Арайлым  ИХСАНОВА,

«Нұрайым»  тігін  және оқыту шеберханасы  жобасының топ  жетекшісі:

–   «Zhas project» жобасы арқылы тегін грант ұтып алдық. Қазір біз көп балалы аналарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға іс тігіп үйретіп, шеберлік сағаттарын өткізіп жүрміз. Сондай-ақ кейбір жағдайы төмен отбасының балаларына өз өнімдерімізді, киім-кешектерімізді  береміз.  Жалпы, жоба  өзімізге  сенімділік  сыйлады.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар