2.09.2019, 22:47
Қараулар: 171
Әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсететін фронт-кеңсе

Әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсететін фронт-кеңсе

Облыс  әкімдігінің  қаулысына  сәйкес «Орал»  әлеуметтік-кәсіпкерлік  корпорациясы  инвестор  тарту  бойынша  өңірлік ұйымдастырушы  болып  белгіленді. Соған  сәйкес  аталмыш  корпорацияда  фронт-кеңсе  құрылды.

«Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін орынның ашылуына облыс әкімі Ғали Есқалиев пен «KAZAKH INBEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары  Біржан  Қанешев  қатысты.

– Елбасы да, мемлекет басшысы да инвестицияға жете мән беріп отыр. Қабылданған Үкімет қаулысына сәйкес, әр өңірде инвесторлар үшін «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету орындары болуы керек. Міне, соған сәйкес біз осы шараны қолға алып отырмыз.

Инвестор бір елге, соның ішінде өңірлерге қаржы құймас бұрын ол жақты жан-жақты зерттейтіні белгілі. Бізде әлі де бюрократтық, сыбайластық бағыттағы кедергілер жоқ емес. Кейбір мәселелерді жедел шешуге заңнама талаптары мүмкіндік бермейді. Енді «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы осындай келеңсіздіктермен кү-ресу, сөйтіп оларды азайту, жою бағытында жұмыс істейді.

«Орал» ӘКК 2-3 айдың ішінде өз сайтында өңіріміздегі әлеуетті инвестициялық жобалар, пайдалы қазба байлықтары, инфрақұрылым, бос жер телімдерінің карталары, коммуналдық қызмет ақылары және өзге де мәліметтерді орналастырулары тиіс. Инвестор осылайша Ақ Жайық өңірімен жан-жақты танысып, өздерін мазалаған сұрақтарға жауап табуы қажет.

Бәріңіз де білесіздер, инвестицияға қатысты мәселеге бірінші кезекте көңіл бөлуіміз керек.

Себебі инвестиция тарту арқылы біз өңірімізді дамыта аламыз.

Мемлекеттік бюджетке иек арта беруге болмайды. Ел қазынасынан бөлінетін қаражатқа негізінен әлеуметтік нысандар салынатыны белгілі. Ал коммерциялық бағыттағы нысандар инвестордың көмегімен бой көтереді. Бұл кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.

Инвесторлар үшін Ресейдің кейбір өңірлерінде жақсы жағдай жасалғанын айта кеткім келеді. Яғни бұл іске жауапты құрылым өкілдері инвесторды өз өңірлерінің шекарасынан қарсы алып, өздерінің көліктеріне отырғызып, қажет жерді, инфрақұрылымдарды және өзге де нысандары көрсетіп, таныстырып шығады. Қажетті құрылымдарға апарып, мемлекеттік қолдаулар туралы кеңірек мағлұмат береді. Инвестордың өңірге жасайтын сапарынан бұрын оны мазалап жүрген сауалдар турасында біліп алып, ол келген кезде соған нақты жауаптар дайындап қояды. Міне, біз де осылайша іс қылғанымыз жөн. Сол себепті облысымыздағы барлық мемлекеттік, құқық қорғау, құзырлы құрылымдар, монополистер, қаржы, кәсіпкерлік институттары инвестор өңірімізде өзін жайлы сезінуі үшін қажет жағдайды жасаулары керек, – деді  Ғали  Нәжмеденұлы.

Өз кезегінде сөз алған Біржан Қанешев мұндай фронт-кеңсе республикамыздағы өңірлер арасында бірінші болып Батыс Қазақстан облысында ашылып отырғанын атап өтті. Бұл кеңсемен тығыз байланыста жұмыс істейтін құрылым өкілдері таяуда Оралда «KAZAKH INBEST» ҰК» АҚ-мен ұйымдастырылған екі күндік аймақтық семинар тренингте оқып шықты. Енді олардың инвесторларымен тығыз әрі сапалы жұмыс істейтіндеріне сенім бар. «Бүгін ашылып отырған фронт-кеңседе қызмет көрсететін мемлекеттік және өзге де құрылымдар өкілдерінің жұмыс істеу тәртіптері бектілген, – деді Біржан Қанешев. – Мұнда әлемдік деңгейдегі стандарттарға сәйкес қызмет көрсетілуі керек. Енді шетелден келген инвестордың қиындық, қысым көрмеуіне солар да жауапты  болады».

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар