2.09.2019, 22:42
Қараулар: 470
Өзен үстінен көпір керілді

Өзен үстінен көпір керілді

Ақжайық  ауданының орталығы  Чапаев  ауылы  тұсындағы  Жайық  өзенінен  өтетін  қалқымалы  көпір  пайдалануға берілді.  Оның  ашылу  рәсіміне  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев, аудан  ақсақалдары  мен  тұрғындары  қатысты.

ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттің басты байлығы – азаматтар. Олардың тілектерін ескеріп, толғандырған мәселелерін шешу – негізгі қағидатымыз» деп атап өткен болатын. Бұл да көптен айтылып, Жайықтың қос бетін мекендеген халықты толғандырып келе жатқан мәселе еді.  Сәтімен  шешілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аудан орталығындағы көпірдің құрылысына облыстық бюджеттен 175 млн. теңге қаржы бөлінді.

– Дана халқымыз «Адамгершілікке қатысты үш сауап бар» дейді. Олар шөлге құдық қазған – бір сауап, жолға ағаш еккен – бір сауап, өзенге көпір салған – бір сауап. Өздеріңізге белгілі, Ақжайық ауданында Жайық өзенінің екі жағын тең бойлай қоныстанған 52 елді мекен бар. Жайықтың сол жағында ауданның 10 мыңға жуық тұрғыны бар 19 елді мекен орналасқан. Бұл елді мекендердің тұрғындарын аудан орталығына келу үшін біраз әбігерге салғаны анық. Чапаев ауылына жету үшін Орал қаласы арқылы немесе көршілес Атырау облысының Индер ауданы орталығының тұсындағы көпірден өтіп келуге мәжбүр болды. Мәселен, Көнеккеткен, Құрайлысай, Сайқұдық тұрғындары аудан орталығына жету үшін осы күнге дейін 250 шақырым жол жүрсе, енді олар небары 25-50 шақырым жол жүретін болады. Демек, жол қатынасы 5-10 есеге  қысқарып, ауылдағы азаматтардың уақыты үнемделеді. Ең бастысы, Жайықтың екі жағында тұратын ағайындарымыз бір-бірін жиі көруге мүмкіндік алды, – деді облыс әкімі.

Ғали Есқалиевтің айтуынша, бұл көпірді өзіміздің отандық өнім деп есептеуге болады. Себебі көпірдің 80%-ы қазақстандық материалдан жасалған.

Сонымен қатар өңір басшысы тоғыз жолдың торабында орналасқан Чапаев ауылы тұсынан салынған қалқымалы көпір ауданның дамуына, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасының артуына оң ықпал ететінін атап өтті. Оған қоса шағын және орта бизнестің өркендеуіне жаңа серпін бермек. Себебі онымен тек Ақжайық ауданы тұрғындары емес, сондай-ақ көршілес аудан тұрғындары да қатынайтын болады.

Шара барысында өңір басшысы көпірді құрастырған Орал кеме жасау және кеме жөндеу компаниясына, құрылысқа атсалысқан барлық азаматқа алғысын білдіре отырып, «Жаңа көпір ел игілігіне, облыстың қажетіне қызмет ете берсін» деп тілегін білдірді.

Мердігер кәсіпорынның, яғни Орал кеме жасау және кеме жөндеу зауытының директоры Владимир Самсонов ұзындығы 126 метр, ені 6 метр құрайтын көпір 3 бөліктен тұратынын және оның бірі ажырамалы екенін хабарлады. Көпірдің жүк көтерімділігі – 60 тонна. Құрылыс жұмыстары  6  ай  ішінде  аяқталды.

– Ендігі аудан орталығына жету үшін жолымыз 5-10 есеге қысқарды. Біз үшін, аудан тұрғындары және көршілес аудандардың азаматтары үшін өте қуанышты сәт. Себебі алтын уақытымызды жолға емес, Жайықтың ар жағында тұратын тума-туыс, жақындарымызбен өткізуге жұмсайтын боламыз, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жігербай  Қажығалиев.

БҚО  әкімінің  жұртшылықпен  байланыс  жөніндегі қызметі

Қараша  ХАМИДУЛЛИН,

Көнеккеткен  ауылы, Ақжайық  ауданы:

– Бас ауырып, балтыры сыздамайтын адам болмайды. Жас ұлғайды, дімкәстана қалсақ, аудандағы ауруханаға жету  бір қиямет. Сонау Орал­ды айналып жүруімізге тура келеді. Енді, міне, ауылдан шыққанымызға жарты сағат та болған жоқ, зырлатып Чапайға да жетіп келдік. Сондықтан халыққа керім қолайлы жағдай жасап, қаншама күрмеулі мәселенің шешімін тауып отырған облыс, аудан басшылығына алғыс  білдіреміз.