2.09.2019, 22:24
Қараулар: 371
Құтты шаһардың рухты еңбеккерлері

Құтты шаһардың рухты еңбеккерлері

Қала рухының қандай болмағы негізінен ондағы тұрғындарға тікелей байланысты екенін айтады тарихшылар. Сондай рухты тұрғындардың бірі – қала тазалығымен, оралдықтардың жайлы тыныс-тіршілігін қамтамасыз етумен айналысатын қарапайым еңбек адамдары.

Оралдың көшелерін жуып, тазалап жүрген аутокөліктерді, тракторлар тізбегін көрген сайын, әсіресе, түнде байқағанда, бұл техникаларды тізгіндеген жандардың қала тазалығына, шаһардың ажарына қосып жүрген зор үлесін бағамдайсың. Уақытпен санаспай еңбек ететін осындай азаматтың бірімен Қала күні қарсаңында танысқан едік.

Сағидолла Үмбетов – он жылға жуық уақыттан бері оралдықтардың өздерін жайлы да жақсы сезінуіне тер төгіп келе жатқан жанның бірі. Жасы елудің жуан ортасынан енді ғана асқан ағамыз көлігінің көмегімен қыста қала жолдарының қарын күреп, мұздаққа қарсы құм сепсе, көктемде жол бойындағы, арықтардағы суларды сорады, жаз-күзде трассаларды сыпырып, тазартады.

Оның жирен түсті су жаңа «КамАЗ» көлігіне мінген бойда әңгімеміздің ауаны осы бағытқа ауды.

– Қаламыздың экологиясына, тазалығына көпшілік қызыға қарайтыны жасырын емес. Оған жергілікті атқарушы билік, біздің «Жайық Таза Қала» кәсіпорны секілді құзырлы құрылымдармен қатар, қарапайым қала тұрғындары да себепші болуда. Қарапайым тұрғындарға қатысты бір мысал айта кетейін. Бұрындары тұрғындар көше бойында кетіп бара жатып, не көліктің терезесінен тамақ қалдықтарын, босаған құты (баклашка) сықылды заттарды жиі лақтырып кететін. Сөйтіп, қаланың ластануына ықпал ететін. «Орал – таза қала», «Қаламызды таза ұстайық» деген сынды тазалыққа шақырған сөздердің көрнекі жерлерге жиі жазылып, ілінуі,  БАҚ, әлеуметтік желі, түрлі жиындар арқылы жүргізілген насихат жұмыстары өз нәтижесін беріп жатқан секілді. Дегенмен де жұмысымызға кедергі болатын олқылықтар жоқ емес. Жыл өткен сайын көлік атаулы көбеюде. Техника молайса, жол бойы да жиі ластанады. Сол себепті көлік көп жүретін көшелерді тәулігіне екі мәрте, яғни күндіз және түнде тазалаймыз. Қазір біз жол қозғалысына қатысушылардың ынтымақтастығы мен мәдениеті көтерілсе деп тілеп жүрміз, – деп ол сөзін аяқтамай жатып қызғылт түсті «Фольксвагенді» айдап келе жатқан жас жігіт көлігіміздің жолын кес-кестеді. Жолды тазалап келе жатқан арнайы көлік екенін біле тұра мұндай әрекетке не үшін барғанын түсінбей дал болдық. Ал жүргізуші ағамыздың мұндай жайттарға еті үйренсе керек, қалыпты нәрсе секілді қабылдап, өзін сабырмен ұстап отыр. Әбілқайыр хан даңғылы мен Д. Карбышев көшесінің қиылысындағы кептелісте де жүргізушілердің біразы көше бойын тазалап келе жатқан арнайы техникаға құрмет көрсетпейтіндігін анық байқатты. Бағдаршамы жоқ қиылыс көшеден шығарда көліктердің бірі жол берсе, екіншісі пысқырып қарамайтынын да аңғардық. Айналма көше Шолоховтың бойын шаң-тозаң, шөп-шаламнан тазартып келе жатқанымызда бір қуыстан зу етіп ресейлік нөмірлі «Лада Приора» аутокөлік шыға келіп, «КамАЗ» «ағасына» тоқтай тұр деп белгі беріп, өзі өрескел түрде жол ережесін бұзып, көзден таса болды. Одан бөлек жолды жуып-тазартатын техниканың шашып келе жатқан суын пайдаланып, көлігін жуып алатын жүргізушілерді де көрдік. Міне, осылайша бірі жол-көлік оқиғасының қатерін туғызған, екіншісі жол тазалауға кедергі келтірген жайттардың куәсі болып, басымызды шайқап отырсақ, «Сәулеті мен көркі артып келе жатқан шаһарымыздың тұрғындарының таным-түсінігі де біртебірте өзгереді деп ойлаймын. Сондықтан бүгін мен оларға жол берсем, ертең олар маған құрмет көрсетеді деп сенемін» деп жымия қарады кейіпкеріміз…

Көшелердің бойындағы жиектастарға көпшілік жете мән бермегенімен, жол тазалығымен айналысатын жандар үшін бұл маңызды саналады екен. Жиектас болмаса, жол бойына аялдағысы келген көлік көбінесе асфальттың сыртына тоқтайды. Егер күн лайсаң не жолдың жаны лас болса, көліктің дөңгелектері балшық, лас күйінде асфальтқа шығады. Сөйтіп, жолдың тазалығына нұқсан келтіреді.

– «Техникалармен сап құрып (коллона) жолды тазалап келе жатқанда жиектастардың жанында аз да болса құм, топырақ қалады ғой. Олар артынан қол күшінің көмегімен тазартылады, – дейді Сағидолла Ғабдоллаұлы.

– Жолдың бойы да, оның жиегі де таза болуы керек. Бізге қойылатын талап осындай. Трассаларды жуып, тазалап келе жатқанда жол бойында көліктер тұрса, онда ол жерге артынан айналып қайта соғып, тазалап кетеміз. Себебі жол тазалығы біздің жұмысымыздың сапасымен тікелей байланысты».

Сенбі сайын Ықсанов көшесінің бойында жәрмеңке өтетіні белгілі. Жәрмеңке біткеннен соң сол маңда қалған қоқыс біткенді жинап, жолды жуып, тазалайтын да «Жайық Таза Қаланың» жігіттері екенін айта кеткен жөн. Жалпы бұл кәсіпорынның көліктері қала көшелерінің бәріне тазалау жұмыстарын жүргізеді. Қатты жамылғысы бар жолдарды жуып, тазартса, асфальтсыз көшелердің шаңын басу үшін су бүркіп шашады. Сондай-ақ Круглоозерный, Деркөл кенттік округтерінің, Ескі әуежай ауданының да көшелері реттеледі.

Кейіпкерімізбен әңгіме-дүкен құрып, екі сағатқа жуық уақыттың ішінде оған бекітілген аумақты тазалап келгенше көліктің артындағы сыйымдылығы 8 тонна болатын бөшкедегі су да бітті. Ауысымына осындай үш-төрт аумақты қамтитын жүргізуші ағамыздың еңбегіне де, әңгімесіне риза болып, аталмыш кәсіпорын басшысының қабылдау бөлмесіне бас сұқтық.

– Біз аутокөлік, жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп ұстаумен қатар, жол-көпір шаруашылығының санитарлық талаптарға сай болуына да жауаптымыз. Қоқысты, қар мен тұзды көлік жолынан ғана емес, көшелер мен қала аумағынан тысқары жерге шығарамыз. Өткен қыс оралдықтар үшін оңай болған жоқ. Қар қалың түсті. Соған орай қаладан 1 млн. шаршы метр қар шығарылды. Көктемгі тасқын кезінде бірде-бір үй суға кеткен жоқ. Мұның бәрі қызметкерлеріміздің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Соңынан облыс, қала басшылығы мекемемізге арнайы келіп, өздерінің алғыстарын білдірді.

Аялдамаларды, көпірлерді, жол өтпелерін, алаңдарды және жер асты өткелдерді тазалау, көк тайғақпен күресу, арық жүйесін, epігeн және тасқын суларға арналған құбырларды және басқа да инженерлік жол кұрылымдарын күтіп ұстау біздің негізгі қызметіміздің бірі болып табылады. Кәсіпорындағы 700-ден аса қызметкер, 160-тан астам арнайы техника біздің алдымызға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындауға мүмкіндік береді. Ұжымымызда қызметкерлерге, соның ішінде қарапайым еңбек адамдарына деген құрмет, қолдау көрсетіліп тұрады. Мәселен, көлік жүргізушілеріміз “Ақжайық” шипажайына барып демалып қайтты. Еңбек адамдарының көп балалы жұмысшыларымыздың өрендеріне “Еуразия” лагеріне жолдама бердік. «Мектепке жол» акциясы аясында қызметкерлеріміздің мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған 109 баласына оқу құралдарын алуға көмек көрсетілді. Одан бөлек көп балалы болып табылатын 30 отбасының бүлдіршіндерін де мектепке қажет заттармен қамтуға жәрдем жасалды. Осы сәтті пайдаланып, оралдықтар мен қала қонақтарын Қала күні мерекесімен құттықтаймын! Тұрғындар өздерін жайлы сезінулері, қаламыздың таза да әдемі болуы үшін біз уақытпен санаспай еңбек ететін боламыз, – дейді «Жайық Таза Қала» ЖШС-ның директоры Қуат Ерсайынов.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Сәуле НҰРЫМХАНОВА,

Орал қаласының тұрғыны:

– Көшелерді, жаяу жүргіншілер жолын жуып-тазалап жүретін көліктерді жиі көзім шалады. Мен Тұңғыш Президент атындағы алаңның маңында тұраған соң, осы жақты тазалаумен қатар, гүлдерге, жасыл желекке су құйып, арықтардағы суды сорып жүретін көліктерді де көремін. Қаламыздың көрікті әрі таза болуына үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдары қандай құрметке де лайық деп білемін.

Қанат ДҮСЕНҒАЛИЕВ,

Деркөл кентінің тұрғыны:

– Осыдан екі жылдай уақыт бұрын біздің Дөркөл 1-кезең (этап) ауылына асфальт төселген еді. Содан бері арнайы техникалар келіп, жолды тазартып тұрады. Жазда жол маңындағы шөптерді шабады. Нәтижесінде ауылымыз таза, жақсы кейіпке еніп тұр. Жылдың төрт маусымында да техникадан түспей, қаланың шетінде орналасқан біздей ауылдардың тыныс-тіршілігінің жайлы болуына тер төріп жүрген жандарға ризамыз.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар