2.09.2019, 22:22
Қараулар: 430
Ардақты азамат еді…

Ардақты азамат еді…

Осыдан ай жарымдай уақыт бұрын аяулы досымыз, қызмет жолын бірге өткерген адал әріптесіміз Аманкелді Бижановты қимастықпен жер қойнына тапсырдық. Аманкелді Тастенұлы 1943 жылы Жаңақала ауданында өмірге келген. Жаңақалада орта мектепті тәмамдаған соң Ресейдің Саратов политехникалық институтына түсіп, инженер-құрылысшы мамандығы бойынша диплом алып шықты. Институт жолдамасымен мамандығына сәйкес Өзбекстанның Ташкент қаласында еңбек етеді.  Орал қаласына келген соң, құрылыс саласында қызметке орналасты. Тынымсыз тер төгіп, қарқынды еңбек еткен маман біліктілігіне сай жоғары бағаланып, қоғамдық-саяси деңгейдегі басшылық лауазымдарға дейін көтерілді. Әсіресе, Орал қаласындағы «Мұнайгазгеология» және «Қазақгаз» мекемелерінде және құрылыс ұйымдарында еңбек еткен жылдары кәсіби қарым-қабілетімен көзге түсті.

Коммунистік партияның облыстық комитетінде нұсқаушы болып қызмет еткен соң, 1975-86 жылдары облыстық партия комитетінің І хатшысы болған, мемлекет және қоғам қайраткері  Мұстақым Ықсановтың көмекшісі болып бекітілді. Аманкелді Тастенұлы өмір мектебінде шыңдала түсіп, еңбек жолында бай тәжірибе жинады.

Сол кезеңде облыс халқының өмір сүру сапасын жақсарту үшін әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешімін табу мақсатында қызу жұмыс жүріп жатты. Алдымен құрылыс саласын, агроөнеркәсіп кешендерін, мелиорация және су шаруашылығын дамытуға басымдық берілді. Әсіресе, Орал және Ақсай қалаларының сәулет-құрылысына назар аударылып, ауыл-аймақтардағы әлеуметтік нысандар – мектеп, медициналық қосындар, мәдениет үйін салу қарқын алды. Одақтық және республикалық деңгейдегі беделінің арқасында қаржы көздерін табуды оңынан шешіп отырған М. Ықсановтың басшылығымен уақытпен санаспай тер төккен еңбек ұжымдары нақты мақсаттарына жетіп отырды. Білікті мамандар қатарында Аманкелді Бижанов та күш-жігерін аянбады. Қайнаған еңбек ортасында шынығып, ширыққан маман Орал қалалық атқару комитеті басшысының орынбасары ретінде де сенім биігінен көрінді. Ол кәсіби тұрғыда әкімдік аппаратындағы іс қағаздар мен құжат айналымын сауатты жүргізіп, тұрғындар өтініштері мен арыз-шағымдарын назардан тыс қалдырмай, уақтылы жауап беруді ұйымдастырды. Тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылық саласын, сонымен қатар тұрмыстық қызмет көрсету мен сауда нысандарының құрылысын дамытумен айналысты.

Біздің арамыздағы таныстық достық қарым-қатынасқа ұласты. Жұмыс барысы бойынша бір-бірімізге ақылшы болып, ұтымды кеңестер беріп отырдық. Қызметтен тыс уақытта бірге ән шырқап, әзілқалжың өріп отыратын едік. Аманкелді замандасым үйінің ауласында жеміс-жидек және бақша дақылдарын өсіріп, жинаған өнімін мектеп пен балалар үйіне беретін еді.

Ол Отанын шексіз сүйді. Өмірінің соңғы кезеңінде денсаулығы нашарлауына байланысты емдеу мекемелеріне жиі бас сұғатын еді.

Өкінішке орай, көкейде «еліміздегі медицина қызметінің сапасы жоғары болғанда, ғұмыр жасы ұзақ болар ма еді?» деген ой мазалайды. Аманкелді Бижановтың тұлғасы менің жадымда өзіммен қатарлас еңбек еткен білікті маман, қадірлі әріптес, сенімді дос, жалынды патриот ретінде қалды. Осындай азаматты жоқтаған көңілге бір демеу, Әбекең зайыбы Майғаныммен үш қыз өсіріп, қыз-күйеу балаларынан өрбіген жиен, жиеншарларының қызығын көріп үлгерді…

Қуаныш ТӨЛЕБАЕВ,

еңбек ардагері, қоғам қайраткері

Орал қаласы

Қайрат  ШАЛАБАЕВ,

еңбек  ардагері,  ҚР  Парламентінің бұрынғы  депутаты:

– Мен Аманкелді Бижановпен 1981 жылы Алматыдағы партия мектебінде кездестім. Облыстан оқуға жолдама алған 5-6 адам жанұяларымызбен жақсы араластық. Оқудан кейін қарым-қатынасымыз үзілмеді. Оралда қызмет атқарған кезінде Аманкелдінің теміржол вокзалының қасынан салынған  автокөпірді көтеруге ерекше еңбегі сіңді. Одақ кезінде көпір салуға қажетті ұзын арқалықтар сирек шығатын. «Осы материалдарды Ташкентте өзім бұрын жасаған кәсіпорынға тапсырыс беріп, шығарттым» дейтін. Әбестің адамгершілік қасиеттерін марқұммен жора-жолдас болған замандастары ұмытпақ емес. Ол кітап, газет оқуға өте құштар, құрылыс саласындағы жаңа жобалардан бастап, саяси-тарихи тақырыптарға дейін әңгімелеуге өресі жететін ойлау көкжиегі кең азамат еді. Ән-күйді төгілтіп, домбыра тартқанды ұнататын. Іс қағаздарына өте мұқият еді. Қызметіне жауапкершілікпен қарап, тапсырманы тыңғылықты орындайтын. Жора-жолдастарына көмек қолын созып, қайырымдылық  жасауға әзір тұратын еді.

Теміреш  САБЫРҒАЛИЕВ, еңбек  ардагері:

– Аманкелді ініміздің қазасы өзінің отбасы, тума-туысқандарына қоса, замандастарының да қабырғасын қайыстырды. Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында көрші тұрған кезімнен танимын. Екі жас үлкендігімді ескеріп, өмір бойына «аға» деп сыйлап өтті. Өзінен кейінгі інісі Серікті, қарындасы Гүлбануды қамқорлай білді. Анасын бағып-күтті.  Өте еңбекқор, қызмет бабында да айналасына сыйлы, қадірлі, азамат болды.

Қуаныш  ҚОЙШЫБАЕВ, сыныптасы:

– 1961 жылы он жылдық мектепті бірге тәмамдадық. Аманкелді оқуға алғыр болды. Сол кездегі үкімет саясатына сәйкес шоферлік мамандыққа бір жыл оқыдық. Қаршадайынан  үй шаруасына, қара жұмысқа бекем болды. Әкесі өмірден ерте озды. Тағдырдың салғанына мойымай, ол бауырларына, ағайындарына, тума-туысқа қамқор бола білді. Ақ жарқын мінезімен, бауырмал қасиетімен сыйлы болып өтті. Қызмет бабына келгенде, өте жауапты еді. Әсіресе, Орал қаласында 1981-1987 жылдары басшылық қызметте болған Қуаныш Төлебаевпен бірге қызмет атқарған жылдарын ризашылықпен еске алып отыратын.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар