2.09.2019, 22:19
Қараулар: 406
«Бір түп алма ағашы»

«Бір түп алма ағашы»

Отандық режиссерлар  Марат Телеуов пен Азамат Айнағұловтың қазақ тілінде түсірілген «Бір түп алма ағашы» фильмі оралдық көрермендерге жол тартты. Бұл туралы  Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтылды.

Көркем фильм режиссері Азамат Айнағұловтың айтуынша,  аталмыш туынды белгілі режиссер Әлімбек Оразбековтің  «Бір түп алма ағашы» пьесасының желісімен түсірілген.  Қай кезде де өзектілігін жоғалтпайтын отбасылық драма. Фильм «Ақтөбе» телеарнасының бастамасымен түсірілген. Кино кейіпкерлерін  Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының  актерлері сомдаған.

–  Бұл киноны түсіруге бір жылдай уақыт кетті. Еліміздің барлық театрында қойылған «Бір түп алма ағашы» пьесасындағы отбасы мәселелері әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан біз көрерменге ой салғымыз келді. Қазіргі күнде жалт-жұлт еткен коммерциялық фильм өте көп. Бірақ бұндай фильмдер адамды ойландырмайды. Әрі біз Қазақстанның өзге өңірлерінде де фильм түсіруге болатынын дәлелдегіміз келді. Ақтөбеде, Оралда талантты жастар жетерлік, оларға жол ашуымыз керек. Біз ұсынған фильм «Галактика» кинотеатрында 29 тамыздан бастап, екі апта бойы көрсетілуде. Мен Орал өңірінің тұрғындарын «Бір түп алма ағашы» фильмін тамашалауға шақырамын,  –  деді фильмнің қоюшы режиссері Марат Телеуов.

«Галактика» кинотеатрында өткен «Бір түп алма ағашы» фильмінің тұсаукесеріне біз де бардық. Бір отбасында өскен төрт баланың арман-тілектерімен басталатын драма олардың есейіп, әр жақта, өз қамдарын ойлап, саяқ кететін тұстарында шиеленісе түседі. Арман қуып кеткен әр баласының жолын тілеген ана қарашаңырақта  мүгедек ұлымен қалады.  Анасының мерейтойына жан-жақтан жиналған ұл-қыздары дастарқан басында өз мәселелерін айтып, дауласып қалады. Олардың әрқайсысы өз қамын ойлап әуре. Тек мүгедек ұл бауырларын көргенге шын қуанып, әдемі отырыс жасап, анасын қуантқысы келеді. Бала кездерінде бір шаңырақта тату өскен, бірі ауырса, өзгелері ұйықтамаған бауырлардың арасындағы салқын қарым-қатынас фильм желісін ширықтыра түседі.

Отбасылық құндылықтарды бағалап, ананы қуанта білуге ой салатын фильмде ақтөбелік актерлар шынайы ойнаған. Көрермен олармен бірге күліп, бірге жылап отырады.

Өкініштісі, киноны тек екі-ақ көрермен қарадық. «Қазақша түсірілген фильмге адам аз келеді» депті кинотеатр директоры. Қазақ тілінде түсірілген фильмдерге қолдау көрсетейік!  Қазақша кино қарап, ой түйіп қайтайық!

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар