2.09.2019, 22:18
Қараулар: 204
Майордың қыздары да майор

Майордың қыздары да майор

Өмірін ел тыныштығын сақтауға, қоғамдық тәртіпті қадағалауға арнаған, ел-жұртының жадында қарапайым да байсалды мінезімен есте қалған жанның бірі – Бақтыбай Қасымов.

Бақтыбай Ғабдоллаұлы әскери борышын өтеп елге оралған соң, 1968 жылы Шилі орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, кейін балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

Жан-жақты шыныққан, азды-көпті ысылған жас жігіт жоғары білім қажет екендігін түсініп, 1975 жылы Алматы қаласындағы дене шынықтыру институтына оқуға түсіп, тәмамдаған соң ішкі істер құрылымына қызметке  алынады.

1974 жылы құқық саласында еңбек жолын бастаған ол аудандық ішкі істер бөлімінде аға инспектор, 1979-1984 жылдары учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарған. Өз ісіне тиянақты, аз сөйлеп, көп іс тындыруға ынталы азамат ішкі істер бөлімінің түзеу жұмыстары мен жұмысқа тарту жөнінде аға инспекторы, кезекші бөлімшенің аға инспекторы болып та жұмыс істеп, 1993-1994 жылдары паспорт үстелінің бастығы болып қызмет атқарған. Өзіне тапсырған қай жұмысты да тиянақты орындап, күнделікті жұмысында білгірлік пен алғырлықтың үлгісін көрсеткен Бақтыбай Ғабдоллаұлы әріптестер арасында құрметке ие болды. Жұмысқа жаңадан келіп жатқан жастарға тапсырманы уақытымен орындау, ақпараттарды жедел тіркеу, бөлімге әртүрлі мәселемен келетін тұрғындарға сыпайы қызмет көрсету қажеттігін үйретіп, өзі де үлгі бола білді.

Онымен қоян-қолтық жұмыс істеген әріптестері милиция майоры Б. Қасымовтың сабырлылығына, ішкі мәдениетіне, байсалды болмысына  тәнті болғандарын айтады.

Бақтыбай Ғабдоллаұлы ішкі істер құрылымында 20 жыл қызмет атқарған кезінде түрлі марапатқа, соның ішінде ІІ, ІІІ дәрежелі «Үздік қызметі үшін» медаліне ие болды. Халқына адал қызмет еткен, өз мамандығына шынайы беріліп, адамгершілікті ту еткен азамат 1994 жылы өмірден озған болатын. Зымыраған уақыт оның өмірден өткеніне де ширек ғасыр болғанын еске салып отыр.

Бақтыбай Ғабдоллаұлы ұлы Салауат, қыздары Айман, Шолпанға заң саласындағы қызметіне деген сүйіспеншілігін, жауаптылық пен тиянақтылықтың қандай болатындығын өзінің жүріс-тұрысымен-ақ үлгі болып, көрсете білді. Содан да болар, отбасындағы ұл-қыздары әкеге қарап еліктеп өсті, осы салаға деген құрмет балалық кезінен қалыптасты. Орта мектептен соң қыздары Айман мен Шолпан ҚР Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе қаласындағы заң институтында тәлім алған соң, туған жеріне оралып, аудандық ішкі істер бөліміне қызметке тұрды. Олардың да осы салада жүргеніне 15 жыл болыпты. Бүгінде полиция майоры Айман Бақтыбайқызы аудандық полиция бөлімінде ақпараттық-талдау тобының аға инспекторы болып қызмет атқарып келеді. Өз ісіне берілген қызметкерді 2018 жылы БҚО полиция департаментінің басшылығы «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісімен марапаттады. Ал полиция майоры Шолпан болса, аудандық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі лауазымында қызмет істеуде.

Милиция майоры Қасымовтың майор қыздары да өздерінің алғырлығымен, өз мамандықтарына шексіз берілгендіктерімен әріптестері мен аудан халқы арасында сый-құрметке ие. Бір-бір шаңырақтың шамшырағы болып отырған олар жұмыстарында майор шенінде болса, отбасыларында аяулы жар, ардақты ана ретінде сыйлы. Әке аманатына адалдық танытып, әке жолын жалғап отырған қазақтың қарапайым қыздары оның есімін ұрпағына да үлгі қылып айтуда. Соңында ізіңді жалғар саналы ұрпағы, отын сөндірмей отырған аяулы жары барда Бақтыбай Ғабдоллаұлының есімі ауылдастары жадында әманда жаңғырып тұратынына күмән жоқ.

Гүлшат    ИБРАГИМҚЫЗЫ,

Шыңғырлау   ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар