29.08.2019, 23:31
Қараулар: 208
«Азат елдің ар-намысы – Ата Заң»

«Азат елдің ар-намысы – Ата Заң»

Кеше ҚР Конституция күніне орай Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында ұйымдастырылған мерекелік шара осындай атаумен өтті.

– Құрметті жерлестер, сіздерді Қазақстан Республикасының Конституция күнімен құттықтаймын! Конституция – біздің табыстарымыздың бастауы, тұрақтылық пен татулықтың тұғыры. «Консти-туция мемлекетіміздің берік іргетасын қалай отырып, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Қазақстан қоғамын біріктіруге зор үлес қосты» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар-баев өз сөзінде атап өткен еді. Конституция  – алға қойылған мақсаттарға жетудің алтын діңгегі.

Сондықтан еліміздің негізгі заңы бойынша өмір сүру және оны құрметтеу – әр азаматтың қасиетті борышы. Баршамыз еліміздің бүгіні мен болашағы үшін Ата Заңымызды құрметтеп-қадірлеуге тиіспіз. Әр шаңырақта ырыс пен ынтымақ орнап, ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары  Бағдат Азбаев.

Содан соң салтанатты шара мерекелік  концертке  ұласты.  Мерекелік кеш шымылдығын Дәулет-керей атындағы қазақтың халық аспаптары оркестрі Құрманғазының «Серпер» күйімен ашты.

Дархан Құлбабаев, Медет Оразов, Нұрлан Қожахмет, Айбар Хайырханов, Дария Бақытова,  Айдана Әжіғалиева, Алтынбек Оразов, Тимур Мусин секілді өнер жұлдыздары  көрерменге дәстүрлі ән-терме шеруін сыйласа, классикалық әндерден попурри орындаған Марат Сарбөпеев пен Эльмира Ұсаеваның өнеріне жиналған қауым дән риза болды. Ал «Назерке» халық би ансамблі «Мереке-думан» хореографиялық композициясын сәтті орындады. Мерекелік кеш айтыскер ақын, жыршы, термеші Еркебұлан Қайназардың «Туған жер» әнімен  түйінделді.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар