29.08.2019, 23:25
Қараулар: 342
Оралда Эстония консулдығы ашылмақ

Оралда Эстония консулдығы ашылмақ

Сәрсенбі  күні  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  Эстонияның  Қазақстандағы  төтенше  және өкілетті  елшісі  Хейти  Мяемеэс,  кеңесші  Эрки  Вайсманнмен  және  Балтық  сауда үйінің  өкілдерімен  кездесті.

Жиында алдымен облыстың тыныс-тіршілігімен таныстырған Ғали Нәжімеденұлы Қазақстан мен Эстония арасындағы достық байланыс аймақтық деңгейде де жалғасатынын  жеткізді.

– Батыс Қазақстан облысында мұнай-газ кен орындары бар. Облыс орталығы Орал қаласында еуропалық стандарттар бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Жыл өткен сайын Эстониямен ынтымақтастық  байланысымыз артып келеді. Құны 1,3 млн. доллар болатын келісімшартқа сәйкес өңірімізге балық пен бал-мұздақ тасымалдануда. Тың жобалар болса, әріптестік байланыс орнатуға пейілдіміз, – деді өңір басшысы.

Өз кезегінде елші Хейти Мяемеэс өңірдегі машина құрастыру, туризмді дамыту, сауда-саттық секілді салалар бойынша бірлесіп жұмыс жасаудың тиімділігіне тоқталды.

– Орал қаласына екінші рет жолымыз түсіп тұр. Экологиялық таза, әлеуеті зор аймақ. Бұл өңірмен  импорттық және экспорттық байланыс орнатуға эстониялық кәсіпкерлер де келді. Олар ауыл шаруашылығы, машина жасау, ет өңдеу өнеркәсібі бойынша ортақ жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Біз «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-мен ынтымақтастық байланыс орнаттық. Болашақта мәдени-рухани байланыс орнатуды да жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Орал қаласында Эстония Республикасының консулдығын ашу мәселесі бойынша келіссөздер жүріп жатыр, – деді елші  Хейти  Мяемеэс.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар