29.08.2019, 23:11
Қараулар: 429
Оралда 900 орындық мектептің құрылысы басталды

Оралда 900 орындық мектептің құрылысы басталды

Орал  қаласының  білім  ұялары  турникеттермен  қамтамасыз  етіліп,  асханаларына  бейнебақылау   камералары  орнатылмақ. Бұл   туралы  Орал  қалалық  білім  беру қызметкерлерінің  тамыз  кеңесінде  айтылды.

«Ұлттық  мектеп  лигасы»  қолға  алынбақ

– Жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылатын дәстүрлі тамыз кеңесі білім берудің маңызды мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда білім беру жүйесіндегі реформалар оқу мазмұнын жаңартуға және тұрақты даму кезеңіне өтуге бағытталған. Жуырда өткен республикалық тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру саласындағы өткір мәселелерге тоқталып, шешудің жолдарын нақтылады. Басты бағдар ретінде саланың бірқатар мәселесіне назар аудартқым келеді.  Біріншісі – мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиелеу мен оқыту үрдісінің сапасын арттыру керек.  Байқасаңыз, жеке балабақшалар мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдармен бірдей мемлекеттік тапсырыс арқылы қаражат алуда. Бөлінген қаржының тиімді пайдаланылуын қадағалау үшін азаматтық қоғам институттарын тарта отырып, мониторингтік жұмыс тобын құруымыз қажет. Тексеріс жұмыстарының нәтижесін тұрғындарға жариялаған жөн. Сондай-ақ жеке балабақшалардағы балалардың күнделікті келіп-кетуі қадағалануы тиіс. Екіншіден, мектептердегі білімнің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Соңғы жылдары қаланың шағынаудандарында бала санының өсуі, урбанизация үдерісі мектеп оқушыларының үш ауысымда білім алу мәселесін тудыруда. Атап айтсақ, Орал қаласы бойынша бес мектеп, яғни №18, 10, 20, 47  және эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназия үш ауысымда оқиды. Осы орайда Зашаған кентінде жаңа мектептер салуды қолға алдық. «Сарытау» шағынауданында жалпы орта білім беретін №50 мектеп ашылса, 900 орындық №51 мектептің құрылысы басталды. Бұл, әрине, үш ауысымдағы мектептердің мәселесін шешуге ықпалын тигізеді. Дені сау ұрпақ – ұлттың  болашағы. Осы мақсатта алғаш рет биылғы оқу жылынан  бастап қалалық мектептің оқушылары арасында «Ұлттық мектеп лигасы» жарыстарын өткізуді тапсырамын. 9-11-сыныптар оқушыларын қамти отыра, футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, үстел теннисі секілді бұқаралық спорт түрле-рінен сайыстар ұйымдастыруды қолға алу керек. Сондай-ақ  Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес, 2020 жылы тойланатын қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын жоғары  деңгейде атап өтуіміз қажет. Бүгінде қаладағы 10 мектепке, 15 мектепке дейінгі ұйымға күрделі жөндеу жұмысын жүргізу талап етіледі. Мектептерді турникеттермен қамтамасыз ету, асханаларға бейнебақылау қондырғыларын орнату үшін қаржы қарастыруды жоспарлап отырмыз , – деді қала әкімі Абат Шыныбеков.

Сондай-ақ білім саласы қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтаған облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова жас ұрпақты тәрбиелеудегі мұғалімнің рөліне тоқталып, жаңа оқу жылындағы басты жаңалық – «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданатынын  жеткізді.

Үш   жаңа  мектепке  ЖСҚ  дайындалуда

Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Асан Нарымбаевтың айтуынша, шаһарда 50 мемлекеттік  мектепке дейін ұйым, 50 жеке балабақша, 29 шағын орталық, бір кешкі мектеп және 10 мектептен тыс мекеме бар. 51 мектептің 24-і қазақ тілінде, 14-і орыс тілінде, 13-і қазақ, орыс тілдерінде оқытады. Қала мектептерінде күту мерзімі ұзартылған  топ жұмысы 24 мектепте ұйымдастырылса, 75 топта 1630  бала қамтылған. 2018-2019 оқу жылының мектепалды даярлық тобында 5388 бала тәрбиеленсе, жаңа  оқу жылында 1-сыныпқа  6 мыңнан астам   оқушы қабылданған. Ал жалпы оқушылар саны 49 мыңнан асады. Оқушылардың білім-білік дағдыларын  жеке пәндер бойынша  жетілдіру мақсатында  биылғы   оқу жылында 17 мектеп жеке пәндерді тереңдетіп оқытпақ. Білім сапасына тоқталсақ, оқу озаттарының саны – 10758, өткен жылмен салыстырғанда, 1500 балаға артық, оқу екпінділері  18380 болып отыр (1299-ға   көбейген). Қала мектептері бойынша 80 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 42-сі үздік аттестатқа ие болған. Балаларға жалпы және қосымша білім беруді жүзеге асыратын 705 үйірме жұмыс жасаса, онда 699 педагог қызмет атқарады.  Олар оқушыларды интеллектуалдық, музыкалық, көркемсуреттік білім беру, шығармашылық, қолөнер, техникалық білім беру, сонымен қатар туристік дағдыларға үйрету бағыттарына баулуда. Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес ұстаздар оқытудың  әдіс-тәсілдерін, әр түрлі құралдарын қолдана отырып, критериалды бағалау жүйесімен бағалайды. Қазіргі таңда қала бойынша үш деңгейлік біліктілігін арттыру курсын тәмамдап, сертификатталған мұғалім саны 966 болса, оның ішінде  І (ілгері) деңгей бойынша – 169 мұғалім, ІІ (орта) деңгей – 141, ал ІІІ (базалық) деңгей бойынша 656 мұғалім және 46 мектептің директорлары «Мектептегі көшбасшылық және басқару» курсын оқыған.

Қала мектептеріне қатысты асханалар мен буфеттер ыстық тамақпен қамтуға сақадай сай. Өткен оқу жылында ыстық тамақпен 1-11-сыныптың 38 262 оқушысы  қамтылса, биыл да оқушылардың барлығын дерлік қамту жоспарлануда. Тек №27, 36, 38, 41 мектеп-лицейлері мен эстетикалық бағыттағы гимназия, Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназияның ата-аналармен  жасаған келісімдерінің нәтижесінде ата-ана есебінен қамтылатын болады. Биылғы жылдың бекітілген бюджетіне сәйкес 1-4-сынып оқушыларын тамақтандыру құны 150 теңге, аз қамтылған отбасы оқушыларын тамақтандыру құны 200 теңге мөлшерінде болып отыр.

Мектептердің үш ауысымын  жою мақсатында 2019 жылы  Орал қаласының Зашаған кентінде 900 орындық №51 мектептің құрылысына қаражат бөлінген. Сонымен қатар аталмыш кенттегі «Балауса» шағынауданында 900 орындық №53 мектептің құрылысына және Бортау кентіндегі 300 орындық мектептің және 600 орындық эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназия құрылысының жобалық-сметалық құжаттары  әзірленуде.

Шаһардың бас мұғалімі, сондай-ақ қаладағы  48 мектеп кең жолақты ғаламторға қосылғанын, бұл үшін жалпы сомасы 49 125 мың теңге бөлінгенін жеткізді.

48 мектеп онлайн режімде «Imektep» және «Itest» ресурстарымен BILIMLAND порталында және екі мектеп оқу процесінде қолданылатын әр түрлі бейнематериалдармен, көрнекіліктер бар offline режімінде жұмыс істейді. Қаланың 29 мектебінде «Роботтық техника» үйірмелері ұйымдастырылса, бес мектебіне (№2, 32, 33, 13 және 22) «мүлдем төзбеушілік» шеңберінде турникеттер орнатылған.

Мұғалім  техника  тілін  білуі  керек

– Қазіргі таңда педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі жиі айтылып жүр. Осы орайда біздің мақсатымыз – шетелдік тәжірибені қолдана отырып, жол картасын дайындау. Мұғалімнің шеберлігі, мотивациясы, сабақ беру өнері бағыттарын анықтап, әр бағыт бойынша  жеке-жеке дамыту әдістемесін ұсынамыз. Мәселен, бағалау жүйесі – бөлек бір ғылым. Бізде бұл әншейін көшпен келе жатқандай деңгейде.

Әр мұғалім бағалау ғылымында өзінше жетілуі керек. Осындай 10 бағытымыз бар. Орталық бес жылдан бері осы әдістемені енгізуде, – деді «USTAZ PLC» кәсіби даму орталығының академиялық директоры Нұрлан Иманғалиев.

Ал аталмыш орталықтың тренері Асхат Хамидуллиннің айтуынша, ұстаз, алдымен, мотиватор  болуы  маңызды.

– Технология – заманның талабы. Егер сырт қалсаңыз, өміріңіз қиындайды. Мектептегі оқушылар технология тілін тез қабылдайды. Цифрлық технологияға жақын мұғалімдерді іздейді.

Біздің ұстаздар оған дайын ба? Еліміздің әр өңіріне барып, шамамен екі-үш мың мұғалімді оқыттық. Ащы да болса, шындық, қазіргі мұғалімдердің дені проектор мен слайдты қосуды ғана біледі. Бір мәселе туындай қалса, оқушылардан сұрайды. Мұғалім оқушының деңгейіне түссе, ол балаға үлгі бола ала ма? Сондықтан педагогтердің сауаттылығын арттыруымыз  қажет, – деді ол.

Сондай-ақ жиында «STEAM-ның жаңа қырлары:  білімді жаңғыртудың 10 жолы» тақырыбында «R4 Technology & Research Center» орталығының директоры  Айдын Түсіпжанов пен  «Zhasproject» жастар корпусының даму жобасы туралы   жоба менеджері Әділет Берікқалиев өз тәжірибелерімен бөлісті.  Содан соң  бір топ ұстазға  ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының, қала әкімінің, кәсіподақ ұйымының, қалалық  білім беру бөлімінің құрмет грамотасы мен алғысхаттары  табысталды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар