29.08.2019, 23:01
Қараулар: 226
Қарайған мәселе қаралды

Қарайған мәселе қаралды

Сәрсенбі  күні  облыстық  мәслихаттың  кезектен  тыс  ХХVІІІ  сессиясы өтіп,  депутаттар  талқысына  салынған бірқатар  шешімге  толықтырулар  енгізілді.

Сессияда алдымен агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасының облыста  іске  асырылуы  баяндалды.

– Нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді қамтамасыз ету мақсатында БҚО-ға Үкімет тарапынан бағдарлама аясында 2019 жылы бюджеттен 15,3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл 2018 жылғыдан 35%-ға артық. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және «Еңбек» бағдарламасына 5 млрд. 864 млн. теңге, кредиттер және технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы малын сатып алудың лизингі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасына 2 млрд. 196 млн. теңге бөлінген. 2019 жылдың 7 айында шаруашылықтар 10 млрд. 414 млн. теңге несие алса, соның ішінде лизинг бағдарламасы арқылы 3 млрд. 680 млн. теңгеге 660 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы  Берік  Есенғалиев.

Басқарма басшысының мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 524,9 мың гектарды құрайды. Майлы дақылдар 78,0 мың гектарға, картоп және көкөніс-бақша дақылдары 9,6 мың гектарға егілген. Басқарма басшысының айтуынша, күні бүгінге 153 мың тонна дәнді дақылдар, 14 мың тонна картоп, 28 мың тонна көкөніс, 14 мың тонна бақша өнімі жиналған. Жиын-терім жұмыстары  әлі  де  жалғасуда.

Қазіргі күні өңірімізде 8265 ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген.

Облыста жалпы аумағы 70,0 мың шаршы метрлік 100 жылыжай бар екен. Облыс тұрғындарын маусымаралық кезеңдерде жаңа піскен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жылыжай кешендері салынуда. Бүгінде Орал қаласының Зашаған кентінде «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС 7 млрд. теңгеге голланд технологиясына сай жалпы ауданы 5,5 гектарды құрайтын жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде.

Жылдың соңына қарай кешен іске қосылса, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 2,5 мың тонна өнім алынады деп болжануда. 2017 жылы Орал қаласында «Орал жылыжай» ЖШС жалпы ауданы 1,2 гектар жылыжай кешенін іске қосқан болатын.

2021 жылы Бәйтерек ауданынан «World Green Company» ЖШС жалпы ауданы 12 гектар болатын жылыжай кешенін іске қосуды жоспарлауда. Жылыжай жылына 5 мың тонна өнім өндірмек. Үкімет жылыжай салуға кеткен шығынның 25 пайызын субсидияламақ.

Облыста жалпы сыйымдылығы 34 мың тонналық 53 көкөніс қоймасы бар. Олардың саны 2011 жылы 27 болған еді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев оңтүстік аудандарындағы шаруа қожалықтарының меншігіндегі шабындық пен жайылымда киіктің отауы мәселесін көтерді.

– Бұл мәселеде қандай да бір шешім қабылдау біздің басқарманың құзыретіне кірмейді. Киіктердің күтіп, бағылуына, санының көбеюіне байланысты бекітілген таралу аумағынан басқа жаққа көшіру сияқты мәселелерге Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық инспекциясы жауапты. Шабындық пен жайылымның оталу мәселесін шешу үшін киіктерді арнайы қорғалған аймақта электронды бақташы қоршауы арқылы бағуды ұсынамыз, – деді  Берік Абатұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, алдағы мал қыстағына 1,532 мың тонна шөп дайындау жоспарланған. Қазір 1087 мың тонна шөп дайындалды, бұл – қажеттіліктің 71 пайызы.

– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мембағдарламасының орындалу көрсеткіштері жаман емес. Бірақ ауыл шаруашылығы саласы мамандарының пікірінше, бұл бағыттағы мемлекеттік құрылымдардың жұмысы бір басқа, шаруашылықтардың жұмысы бір бөлек. Жыл жақсы болса, өнім, шөп те бар, қолайсыз болса, өнім де жоқ. Ал мал шаруашылығы өнімділігін арттыру, өнімнің өзіндік құнын төмендету сияқты мәселелер бағдарламада қаралмаған. Мамандар ұсыныстарын айтты,  басқарма басшысы ауыл шаруашылығындағы өндірісті дамыту жөнінде жұмыстарды қолға алуын сұраймыз. Мысалы, биыл мал азығы жеткіліксіз болса, мал басы да азаяды. Бұл саладағы көрсеткіштер ауа райына қарай өзгере беретін болса, ауыл шаруашылығын бағдарламада айтылған деңгейге жеткізе алмаймыз, – деді облыстық мәлихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Серік Сүлеймен.

Сессияда «Елді мекендердің аумағында қаңғыбас ит-мысықтарды аулау және жою қағидалары» бекітуге ұсынылды. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетовтің айтуынша, жаңа қағиданың жобасы қоғамдық кеңес, қала тұрғындары, жануарлар дүниесін қорғау ұйымдары мен БАҚ өкілдері алдында қоғамдық тыңдалымда  талқыланған.

– Бүгінде бұралқы ит-мысық жүрген жер тұрғындар үшін қауіпті орынға айналып келеді. Ауру таратуға қоса, олардың адамға шабуы жиілеген. Көбеюінің басты себебі – саяжайларда жазда ұстап, қысқа қарай тастап кетуі, қараусыз қалдырып жоғалтуы, бұралқы ит пен мысықтың ішінде ұрғашысының көптігі. Шетел тәжірибесіне қарасақ, оларды аулап, залалсыздандырып, чип орнатып, қайтадан ортасына жібереді. Қараусыз қалдырған адам заң алдында жауап береді, қомақты айыппұл салынады. Қазіргі біздегі қағидаларға сәйкес, ит-мысықтар клиникалар мен ветстансаларда міндетті тіркеуден өтіп келеді. Жаңа жобада ит-мысықтар міндетті түрде бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға тіркеледі. Иесінің төлемі есебінен жануарға микрочип енгізіледі. Ветеринарлық паспорт беріледі. Микрочипте иесі туралы мәлімет, оның мекенжайы, байланыс нөмірі, жануардың лақап аты, жынысы, тұқымы жайлы толық ақпарат қамтылады, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов. Жаңа жоба «Ауланған таза тұқымды және қарғыбауы бар иттер 3 күн бойы бағып, күтіледі. Егер иелерінен хабар болмаса, олар қаңғыбас болып танылып, дені саулары клиникалық жағдайда залалсыздандырылады, піштіруге жатады. 3-7 күн өткен соң кері мекендеу ортасына тасымалданады» деген мәтінмен толықтырылған. Чипі бар иттер ұсталса, бірден мәліметі сканерленіп, сол жылы ветеринарлық өңдеуден өткен болса, сол жерде босатылады.

Микрочип пен ортақ база стерильденген жануарларға қайтақайта ақша жұмсаудан құтқарып, жыл сайын бюджеттен бөлінетін қаржы азайтыла бермек. Жобаны депутаттар  бірауыздан  қолдады.

Сондай-ақ көші-қон үдерісін реттеу қағидаларын бекіту дауысқа салынды. Бұл жайлы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев  баяндама  жасады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айзада Шүкірғалиева азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емделу кезінде тегін және жеңілдетілген шарттармен дәрілік заттарды және дәрілік өнімдерді қосымша беру жөнінде баяндама жасап, бұл жайлы мәслихаттың 2016 жылғы 9 желтоқсандағы №8-9 шешіміне толықтыру  енгізуді  ұсынды.

– Облысымызда 96 мыңнан астам адам тегін дәрімен қамтылды. Кейбір сирек кездесетін аурулардың дәрісін тізімге қосымша енгізу керек. Ол дәрілер өте қымбат, көбінің оны алуға мүмкіндігі жоқ. Облыстық бюджет есебінен амбулаториялық емдеу кезінде крон ауруы, созылмалы С вирустық гепатиті, гемотологиялық аурулар, қан құю факторларының тұқым қуалаушылық тапшылығы, аяқталмаған остеогинез, диапатиялық өкпенің фиброзы мен жүректің ишемиялық ауруларына шалдыққан 23 науқас дәрі-дәрмекке зәру. Оларға дәрі сатып алу қажеттілігі туындап отыр, – деген Айзада Шүкірғалиеваның мәслихат шешіміне толықтыру енгізу ұсынысын депутаттар қолдады.

Нұрлыбек  РАХМАНОВ,

«Жайық  Пресс» ақпарат агенттігі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар