29.08.2019, 22:54
Қараулар: 391
Қазақ қызының қайсарлығы

Қазақ қызының қайсарлығы

Қайтпас қажыр-қайратымен баршаны таң қалдырып, әлем бойынша таңдаулыларға ғана бағынатын Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен триатлоншы, әуесқой спортшы Әнел Сытдықова осыдан бірер күн бұрын Орал қаласына келді. Өңір мақтанышын «Орал» халықаралық әуежайынан ата-анасы, «Nur Otan» партиясы БҚО  филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев бастаған жергілікті билік өкілдері мен жанкүйерлер құшақ жая қарсы алды.

Ұшақтан түскен бойда журналистермен тілдескен Әнел алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Тамыздың 21-і күні Ла-Манш бұғазын Англиядан Францияға қарай бағытта жүзіп өттім. 34 ша-қырымдық қашықтықты бағындыруды түнгі 02.00-ден бастап, 15 сағат 15 минутта діттеген жерге жеттім. Бұл биікті бағындыру үшін төрт жылдай дайындалдым. 2016 жылғы алғашқы талпынысым және 2018 жылғы жоспарым ауа райының қолайсыздығына байланысты сәтсіз аяқталды. Айта кетерлігі, мен ең алдымен жүгірумен айналысып бастап, кейін триатлонға ауыстым. Дәл осы спорт түрінің ең ауыр әрі қиын саналатын жүзу кезеңі жаныма ерекше жаққандықтан, әуесқой жүзушілер ұйымдастыратын арнайы жарыстар туралы сұрастырып, оларға қатыса бастадым. Ла-Маншты бағындыру туралы ой маза бермей, басқалар жасаған іс менің де қолымнан келеді деген оймен дайындыққа шындап кірістім, – дейді  жігерлі  жан.

Әнелдің ойға алған биікті бағындырып, бұғазды жүзіп өтуіне мәскеулік бапкер Сергей Ленивкин көп еңбек сіңірген екен. Ол дайындаған тағы екі спортшы да Ла-Манш бұғазын сәтті жүзіп өткен. Бұғазды бағындырудың басты қиындығы ретінде жерлесіміз су температурасының +15, 16ºС деңгейінде болатындығын және мұздай суды арнайы гидрокостюмсіз жүзіп өту талап етілетіндігін атады. «Спортшының жүзуіне тәуелсіз бақылау жүргізіп отырған қауымдастық өкілі, бапкер отырған қайыққа жақындауға болмайды, тынысты реттеу немесе тамақтану үшін кідірген әр секунд санаулы. Белгіленген межені жүзіп өтіп, жағаға шыққаннан кейін міндетті түрде түкіріктен сынама алып, допингтік бақылау жүргізеді. Спортшының қанында тыйым салынған зат табылмаған жағдайда, меже бағындырылды деп саналады. Сәл қателік кетсе, нәтиже есепке алынбай, тауың шағылуы әбден мүмкін», – дейді Әнел.

Ла-Манш бұғазын бағындырған тұңғыш қазақ қызы мұнымен тоқ-тап қалмақ емес. Алдағы уақытта Америка құрлығындағы екі ұзақ шақырымдық жүзуден өтіп, үштік тәж атағын иеленгісі келеді. Ол үшін 35 шақырымды құрайтын Каталина бұғазын және Манхэттен арқылы 60 шақырым шама-сындағы 20 көпір бұғазын кесіп өтпек.

– Алдыңа зор мақсат қойып,  сол жолда жұмыстану ешқашан кеш емес. Мен өзімді кәсіби жүзуші деп санамаймын, оның үстіне, бұл спортқа кеш келіп, барлығын нөлдік деңгейден бастадым. Бірақ бір істі ойға алсам, бар күш-жігерімді соған арнайтыным бар. ЛаМаншты бағындырамын деп мақсат қойғалы әр күнім қатаң жоспармен өтетін. Күн сайын таңертең балаларым мектепте болған кезде сағаттап жаттығуда боламын, түстен кейін мектепке барсам, қалған уақытымды толықтай отбасыма арнадым. Шын ниет болса, сүйікті адамдарыңа да, жаның қалаған ісіңе де уақыт табуға болады. Англия тұрғындарының көпшілігі жүзумен ден қойып айналысады және бір қызығы – олардың орташа жас деңгейі 50-55 жас шамасында. Бұл елде Ла-Маншты бірнеше мәрте кесіп өткендер баршылық, – деп әңгімеледі Әнел Сытдықова. «Жүзер алдындағы уайым мен көңіл толқынысын қалай жеңесіз?» деген сауалға спортшы ана: «Ең маңызды сәтте қорқыныш үдейтіні рас. Осы әрекетім дұрыс па өзі деген ойға да қаласың. Толқынысты сәтте арнайы спорттық техникаларды орындап, ішкі ойымды қалыпқа келтіріп аламын», – деп жауап берді.

 

«Біз  үшін  қызымыздың амандығы  маңызды»

Әнелдің әкесі Әлібек Бақтыгерейұлы – бұрын жауапты басшы-лық қызметтер атқарған, бүгінде құрылыс саласында жеке кәсібін дөңгелентіп отырған іскер азамат. Айтуынша, қызы кішкене кезінен қайсарлығымен, ерекше ерік-жігерімен ерекшеленген екен. Отбасымен Тасқала ауданында тұрған кездерінде кішкентай Әнел ауылдан үш шақырымнан астам қашықта жатқан Деркөл өзеніне шомылу үшін күнде ұзақ жолды еңсереді екен. «Негізінен, қызмет барысымен жүргендіктен, қыздарымның тәрбиесімен зайыбым айналысты. Әнелдің сыныбының ата-аналар жиналысына алғаш рет 7-сыныпта қатысқаным есімде. Қызым мектеп кезінде де, ересек өмірде де әрдайым алдыңғы қатардан көрініп, үздіктер санатынан табылды. Алматыда жоғары білім алып, кейін отбасымен Англияға көшті. Спорттың падишасы саналатын жеңіл атлетикаға, триатлонға қызығушылығы шетелде жүрген кезде оянды. Қызымның алған бетінен қайтпай, ойға алған ісін 100 пайыз жүзеге асыратындығына риза боламын іштей. Десе де, қиындыққа толы әрі қауіпті сынақты таңдаған кезінде қатты қобалжыдым. Өткен жылы Ник Томас деген әріптесі жүзу кезінде қайтыс болғандығын, соңғы жаттығулардың бірінде қызымның тынысы тарылғанын естігелі бері тіптен қорқынышым үдеді. Ла-Маншты жүзіп өтерде анасы екеуміз түнімен ұйықтамай, Құран оқып, тілеуін тіледік. Көпшілігі «Қызыңыз қандай керемет! Әулетіңіздің атын шығарды» деп жатыр. Біз үшін маңыздысы – әулеттің атағының асқақтауы емес, бізге ең керегі – қызымыздың өмірі, ең маңыздысы – оның бас амандығы», – дейді Әлібек Бақтыгерейұлы.

Өмірінің 40 жылын ұстаздық жолға арнап, талай дарынды шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз, Әнелдің анасы – Қанипа апа қызының бала кезден спортқа деген қызығушылығы ерекше болғандығын айтады. Орал қаласына көшіп келіп, №17 орта мектепте оқып жүрген кезінде үздік оқумен қатар барлық үйірмеге, әрбір қоғамдық шараға белсенді қатысқан қызының ең көңіл толқытар сәтін есіне алды. «Әнелдің балабақшаға барып жүрген кезі. Кезекті 9 мамыр мерекесіне орай балабақша тәрбиеленушілері де шеруге қатысатын болды. Ауа райы күрт суытып, ауыр жүк көлігінің шанағында жеңіл көйлекпен, жұқа шұлықпен отырған қызыма жанашырлық танытып әлекпін. Сол кезде кіп-кішкентай Әнел «Мәншүк Мәметова оқтан қорықпаған!» деп, менің өзін қымтап жылытуыма қарсылық білдіргені есімде. Сол кезде көзі тірі Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловпен мектепте өткен кездесуден ерекше әсер алғанын көзі шырадай жанып әңгімелегені де әлі күнге көз алдымда», – деп естелігімен бөлісті. Жас кездерінен спортпен тұрақты шұғылданған ерлі-зайыпты Сытдықовтар әлі күнге жаяу жүріс пен шаңғы серуеннен айныған емес. Қысқы уақытта күн сайын шаңғымен 10 шақырым қашықтықты жұптасып жүріп бағындыруды әдетке айналдырған. Қанипа Мұхамбетқызы Самарадағы студент-тік шағында коньки мен шаңғыдан үздік көрсеткіштер көрсетіп, конькиді күні кеше ғана жасы ұлғаюына байланысты шегеге ілуге  мәжбүр  болғанын  айтады.

Әнел білім алған уақытта Орал қаласындағы №17 мектепте тәлім берген ұстазы, бүгінде аталмыш білім ошағының директоры Тамара Рудич шәкірттерінің биік шыңнан көрінуін зор мақтаныш санайды. «Әнелдің нағыз бейнетқор ара секілді тыным таппай шауып жүретіні, ойға алған ісін мінсіз орындамайынша жаны тыншымайтын асқан жауапкершілігі әлі жадымда. Шәкіртіміздің әлемге аты мәлім ЛаМанш бұғазын бағындырып, еліміздің атын аспандатқанына мектеп ұжымы қатты қуанды. Алғашқы қоңыраудағы алғашқы сынып сағаттарында Әнелдің қайсарлығын оқушыларға үлгі ретінде әңгімелеп, спортты насихаттау, шәкіртіміздің ерлігін дәріптеу мақсатында мектеп музейінен арнайы бұрыш арнауды жоспарлап отырмыз», – дейді Тамара Константиновна.

Айта кетерлігі, жерлесіміз «Қазақстанның темір ханшайымы» атағын бірнеше мәрте иемденген, қазақ қыздары арасында айронмен (ironman) және ультрамен (ultraman) атағы да тұңғыш рет Әнелге бұйырған. Соңғы деректер бойынша, әлемде 12 ultraman болса, оның үшеуі – әйел адам. Үздік үш нәзік жандының тізімінде біздің  жерлесіміз  Әнел  бар!

Аяужан КЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар