29.08.2019, 22:45
Қараулар: 356
Әскер жасындағылардың 50 пайызының көру қабілеті нашар

Әскер жасындағылардың 50 пайызының көру қабілеті нашар

Облысымызда әрбір екінші әскерге шақырылушы денсаулық жағдайына байланысты әскери борышын өтей алмайды екен.

Бұл туралы  өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Облыстық  қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жинақтау бөлімінің бастығы Нұрлан Баймұхановтың айтуынша, 18-27 жас аралығындағы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны қыркүйек айында басталады.

– Бүгінгі таңда әскерге шақырылушыларды зерттеу, сондай-ақ оларды ҚР Қарулы күштерінің қатарына іріктеу жүріп жатыр. Зерттеу-зерделеу  болашақ сарбаздармен және оның ата-аналарымен әңгімелесу әдісімен өткізіледі.  Оқу кезінде медициналық куәландырудан кейінгі жарамдылық санаты, моральдық-психологиялық тұрақтылық, білімі, отбасылық жағдайы ескеріледі. Осындай зерттеп-зерделеу жұмыстары әскерге шақырылушыны командаға анықтау мақсатында жүргізіледі, – дейді Нұрлан Баймұханов.

Баспасөз мәслихатында белгілі болғанындай,  әскер қатарына шақырушылардың тең жартысы көздің нашарлығынан, салмақ жетіспеушілігінен, енді бір бөлігі майтабандықтың кесірінен әскери борышын өтей алмауда. Мұны мамандар жастардың салауатты өмір салтын ұстанбай, дұрыс тамақтанбай, түрлі гаджеттерге әуес болуымен байланыстырады.

– Әскер қатарына шақырылушылардың арасында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуден жалтарушылар да ұшырасады. Мұндай жағдайда біз жергілікті полиция қызметімен бірлесе жұмыс жасап, әскерден жалтарғаны үшін Қылмыстық және Әкімшілік кодекстер бойынша жазалау қарастырылғанын ескертеміз. Осыдан кейін олар шақыру пункттеріне шақыру қағазы бойынша өздері келіп жатады. Жалпы, жұмыс барысында осындай 300-дей жағдай тіркелді. Одан бөлек, болашақ сарбаздардың көпшілігі табыс табу мақсатымен  көрші мемлекеттер мен облыстарға кетіп қалады. Бұл да үлкен мәселе,  – дейді Нұрлан Баймұханов.

Айта кету керек, биыл күзде әскерге 800-ге жуық болашақ сарбаз аттанады  деп  жоспарлануда.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ (Сурет ғаламтордан  алынды)

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар