29.08.2019, 22:44
Қараулар: 411
Жігіттер әскерге баруға неге құлықсыз?

Жігіттер әскерге баруға неге құлықсыз?

Жақында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың қатысуымен өткен жиында осы мәселе талқыланды. Азаматтарды күзгі мерзімді әскерге шақыру бойынша өткен жиынға қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен басқарманың әскери қызметшілері, аудан әкімдіктері мен денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері қатысты.  Ең алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев өңірдегі мерзімді әскерге шақыру науқанының барысы көңіл көншітпейтінін айтты.

– Мұндай кездесу жылына екі рет өткізіледі. Көктемгі әскерге шақыру мерзімінде бірқатар кемшілік кетті. Ендігі мақсат – осы жағдайды реттеу, – деп сөз сабақтаған Бағдат Оразалдыұлы аудандық медициналық комиссиядан өтіп келген әскерге шақырылушылардың біразы облыстық деңгейдегі комиссиядан кері қайтарылатынын сынға алып, бұл бағытта жұмыстануды міндеттеді. Әсіресе, тұрғындармен идеологиялық тұрғыдағы түсінік жұмыстарын жүйелі түрде көбірек жүргізу  тапсырылды.

БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Марат Есенов 2019 жылдың көктемгі наурыз-маусым айларында мерзімді әскерге шақырылу кезеңінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Көктем айларында қолданыстағы заңға, Президент Жарлығына және облыс әкімінің қаулысына сәйкес 18-27 жас аралығындағы азаматтарды әскер қатарына шақыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл ретте алға қойылған міндет – жоспарлы жұмыстарды орындау, қорғаныс істері саласының өңірдегі барлық мекемесінде толық медициналық комиссия жасақтау және сапалы жұмыс жүргізу, әскери тәртіпті бұзушылыққа жол бермеу, – деді Марат Владимирұлы. Департамент бастығының айтуынша, биылғы көктемде Қазақстан Қарулы күштері мен өзге де әскери құрылымдарды 800 жас сарбазбен толықтыру міндеті қойылған. Алайда есепті мерзімде 600-ге жуық батысқазақстандық әскер қатарына жіберіліп, осылайша межелі жоспардың  85  пайызы  орындалған.

Жиында Ақжайық, Жаңақала, Қаратөбе, Теректі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер-дің әскерге шақырылу мерзіміндегі жұмыстары жақсы нәтиже көрсетіп, бүгіндері аталмыш аудан жігіттерінің Отан алдындағы әске-ри борыштарын өтеп жүргені айтылды.  Ал облыс орталығы мен өзге аудандардағы бөлімдердің мардымсыз жұмысы сынға ілігіп, бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуға тапсырма берілді. Сонымен қатар әскери медициналық комис-сиялардағы дәрігер мамандардың жетіспеушілігі, жас буын денсаулығының әлсіздігі, олардың арасында жиі кездесетін көздің нашар көруі, жүрек дерті, салмақ жетіспеушілігі, майтабандықтың белең алуы да департамент қызметкерлерінің назарынан тыс қалмады.

Отанымыздың ертеңгі әскерінің негізі мектеп жасындағы жасөспірімдер екендігін тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары идеологиялық жұмыстарды күшейтіп, алғашқы әскери сабақ дайындықтарына ұдайы көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ жиында әскери борышын өтеуден жалтарғандардың оңай құтылмайтыны туралы да айтылды. Оларға заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Бұл бағытта өңірдегі науқандық жұмыстар күшейтіледі деп күтілуде.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ (Сурет  ғаламтордан  алынды)

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар