29.08.2019, 22:33
Қараулар: 374
«QORǴAÝ»: ӘР АЗАМАТҚА ТЕГІН КӨМЕК

«QORǴAÝ»: ӘР АЗАМАТҚА ТЕГІН КӨМЕК

Еліміздің  әр  өңірінде  кез  келген  азаматқа  тегін  заңгерлік  көмек  көрсететін орталықтар  ашылуда.  Бұл   туралы  «Мемлекет  пен  азаматтық  қоғамның  өзара әрекеттестігі»  атты  шара  барысында  мәлім  болды. «Eurasian  Expert  Council»  республикалық  қоғамдық  қорының  ұйымдастыруымен  өткен  жиынға  облыс  әкімінің  орынбасары  Бағдат  Азбаев  қатысты.

– Мемлекет тарапынан азаматтық бастамалар әрдайым қолдау тауып келеді. Өзара әлеуметтік әріптестік жүйесін жетілдіру барысында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесуі кезінде азаматтық қоғам институттарының даму барысына ерекше көңіл бөлу жайы талқыланған болатын. Біздің өңірімізде ҮЕҰ-лар әлеуеті жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 655 үкіметтік емес ұйым тіркелген.

«ЕЕС» қоғамдық қорының «Qorǵaý» жобасы барлық азаматқа, әсіресе, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар санатына жататын азаматтарға тегін заңгерлік көмек ұсынып, қолұшын созуымен құнды. Бүгінгідей шара әртүрлі құрылымдардың, мемлекеттік мекемелер мен адам құқықтары жөніндегі сарапшылар, соның ішінде осы шараға қатысып жатқан БҚО полиция департаменті өкілдерінің басын біріктірген тәжірибе алмасу мен өзара әріптестік орнату алаңына айналады деп сенемін, – деді  Бағдат  Азбаев.

БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұржан Өтелбаев құқық қорғау саласы қызметкерлері тарапынан әлеуметтік жобаларға қолдау болатындығын, ел-жұрттың игілігі үшін қолға алынған әр іске полиция қызметкерлері де атсалысуға дайын екендігін жеткізді. «Qorǵaý» жобасы серіктестерінің бірі – М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың проректоры Әсет Тасмағамбетов құқық факультеті ұжымы мен студенттерінің біліктілігін шыңдауға зор мүмкіндік беретін жоба жұмысына сәттілік тілеп, жемісті әріптестік қарым-қатынас орнайтындығына сенім білдірді.

Сондай-ақ шара барысында «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ вице-президенті Гамал Түзелбаев мемлекеттік құрылымдар мен ҮЕҰ-лар арасындағы өзара әрекеттестіктің сан алуан түріне жеке тоқталып, Батыс Қазақстан облысында билік пен үкіметтік емес сектор арасында қалыптасқан оң тәжірибені үлгі ретінде келтірді.

Жобаны жүзеге асырушы – «Eurasian Expert Council» қоғамдық қорының президенті Шыңғыс Лепсібаев әлі күнге дейін халықтың құқықтық сауаттылығы төмен екендігін, кез келген азамат өзінің заңды құқықтары мен міндеттерін біле бермейтіндігін айтып өтті. Осы олқылықтың орнын толтыру, сонымен қатар әртүрлі өмірлік қиын жағдаятқа тап болып, ақылы заңгерлік көмек алуға мүмкіндігі жоқ, әлеуметтік тұрғыдан материалдық қолдауға мұқтаж жандарға көмектесу үшін өңіріміздің 210 ауданында білікті заңгерлер жұмыстарын бастап кетті. Заңгерлік көмек беру орталықтары жастар ресурстық орталықтары жанынан құрылуда, сонымен қатар тамыз айынан бастап Qorǵaý.kz сайты іске қосылды. Аталмыш сайтта тегін көмек көрсететін орталықтар мен заңгерлердің аты-жөндері мен мекенжайлары, байланыс мәліметтері, тіпті бағыт беру үшін карталық сілтеме де көрсетілген. Сонымен қатар әртүрлі құқықтық құжаттардың, арыз-өтініштердің үлгілерін көшіріп алып, қолданушының өз бетінше құжат рәсімдеу мүмкіндігі де бар. Алдағы уақытта «Qorǵaý» жобасының мобильді қосымшасын да іске қосу жоспарланған.

– 2016 жылы біздің бастамамызбен балалар құқығын қорғауға бағытталған 111 call-орталығы іске қосылды. Бір жыл ішінде аталмыш байланыс нөміріне 1 млн.-нан астам адам қоңырау шалып, 120 мың адам жағдайын айтып жолықты. Осы жылдар аралығында балалар арасындағы суицид көрсеткі-ші 2 есе азайды. Көңіл көншітерлік көрсеткіш болғанымен, уақыт өте елордада байланыс желісінде отырған 20 шақты маман елдің аумағын түгел қамти алмайтындығын түсіндік. Оған қоса еліміздің шалғай аудандарында байланыс жүйесі нашар, тікелей желіге хабарласуға мүмкіндіктері де болмауы ықтимал. Сондай-ақ психологиялық тұрғыдан алғанда, кейбір адамдар көзбе-көз кездесіп, кеңес алуды қажетсінуі мүмкін. Жергілікті жердегі халықпен тікелей байланыс орнату арқылы жұмыстану мейлінше тиімдірек деген оймен «Qorǵaý» жобасын қолға алдық. Жоба жұмысына кәсіби заңгерлермен қатар жергілікті жердегі жоғары және оқу орындары заңгерлік факультеттерінің профессорлық-оқытушылар құрамын, заң саласын таңдаған студенттер қатарынан еріктілерді тартуды көздеп отырмыз. Пайдалы жобаға атсалыса жүріп, болашақ заңгерлер мол тәжірибе жинақтай алады. Жергілікті билік өкілдерін, құқық қорғау саласының қызметкерлері мен білім беру ұйымдарын, белсенді ҮЕҰ-ларды бірлесіп жұмыстанып, әріптестік қатынас орнатуға шақырамыз, – дейді  Шыңғыс  Көктемсерікұлы.

Құқық қорғау саласына жергілікті жердегі ҮЕҰ-лардың да қосып жатқан үлесі бар. Мәселен, «Ақ отау» ҚБ төрайымы Алтынай Исқалиева қазіргі таңда өзі жетекшілік ететін қоғамдық ұйым облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырысы бойынша жасөспірімдер арасында суицидті барынша болдырмауға бағытталған жобаны жүзеге асырып жатқандығын айтса, «Жайық дауысы» ҚБ төрайымы Қадиша Мұқанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында құқық қорғау құрылымдарымен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жиын соңында құқық қорғау саласы қызметкерлері мен заңгерлерге, ҮЕҰ өкілдеріне арнайы  сертификаттар  табысталды.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар