29.08.2019, 22:31
Қараулар: 329
Татуласу орталығы ашылды

Татуласу орталығы ашылды

ҚР  Конституциясы  күні  қарсаңында  Орал  қаласында  Татуласу  орталығы  ашылды.  Орталықтың  ашылу  салтанатына  облыс  әкімі Ғали  Есқалиев  арнайы  қатысып, медиаторлардың  жұмысына  сәттілік  тіледі.

Бұл татуласу орталығының міндеті – қоғамда орын алған дау-дамай, кикілжіңді азайту, туындаған келіспеушіліктерді келісе отырып шешу. Тиімділігі сол – көрші-көлемнің, ағайын-туыстың арасындағы қарым-қатынасты, азаматтардың  іскерлік байланыстарын ынтымақтаса сақтап қалу. Сотқа жүгінуге қашанда уақыт табылады. Алдымен осы татуласу орталығындағы медиаторлардың кеңесіне жүгінген жөн. Орталықта жүргізілетін  қызметтің барлық түрі тегін. Татуласу орталығына жүгіну арқылы уақытыңыз бен ақшаңызды үнемдейсіз. Ең бастысы, сіз нұқсан келді деп санаған құқықтарыңыз бен бостандықтарыңыздың келісім арқылы бейбіт түрде шешілуіне қол жеткізесіз. Татуласу орталығының қаланың ортасында (Сарайшық көшесі, 47) орналасуы – халыққа қолжетімділікті  қамтамасыз ету мақсатында жасалып отырған жағдай, – деді облыстық соттың төрағасы Бек Әметов.

Орталықтың басшысы Алуа Рахишеваның айтуынша, облыста  145 қоғамдық медиатор және 40-қа жуық кәсіби медиатор бар. Соңғы жеті айда 1451 сотқа дейінгі іс қаралған. Шағым айтушылардың дені алимент өндіру, жер дауы, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар төңірегінде екен. Бұл орталықта екі кәсіби медиатор мен екі психолог-кеңесші қызмет етпек.

– Татуласу орталығы халықтың игілігіне беріліп отыр. Дала заңына бағынған дана халқымыз қашанда дау-жанжалды сыртқа шығармай, ортақ келісім арқылы шешіп отырған. Сол бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы, біз, ҚР «Медиация туралы» заңын басшылыққа ала отырып, адамдар арасындағы жанжалдың оң шешілуіне ықпал етпекпіз. Орталық арқылы қарапайым халық дауларды шешіп, психологиялық көмек алып, құқықтарын қалпына келтірмек. Мұнда Орал қаласының медиаторлары ғана емес, аудандардағы медиаторлар да бас қоспақ, – деді республикадағы «Ең үздік қоғамдық медиатор» аталымын жеңіп алған Ақжайық ауданының қоғамдық медиаторы Құрман Бисеғалиев.

Салтанатты шараны жүргізген облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов медиацияның қоғамдағы рөлінің  басым екенін жеткізді. Лента қию рәсімін облыстық соттың төрағасы Бек Әметов пен Ақжайық ауданының қоғамдық медиаторы Құрман Бисеғалиев  өткізді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар