29.08.2019, 22:25
Қараулар: 197
Nur Otan халықпен байланысты нығайтады

Nur Otan халықпен байланысты нығайтады

Сәрсенбі  күні  Достық  үйінде  «Nur  Otan»  партиясы  облыстық  филиалы  саяси  кеңесінің  кеңейтілген  отырысы  өтті. Оған  облыс  әкімі  Ғали Есқалиев, партияның  облыстық  филиалы  төрағасының  бірінші  орынбасары  Мұрат  Мұқаев,  қалалық  және  аудандық  филиалдардың  төрағалары,  облыстық, қалалық  және  аудандық  мәслихаттардағы  «Nur Otan»  партиясы  фракцияларының  мүшелері  қатысты.

Осыдан бір аптадай бұрын Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында күн тәртібіне сәйкес партия бағдарламаларының орындалу барысы, партия жұмысын жаңғырту мен алдағы кезеңге арналған жұмыстың басым бағыттары қаралып, саяси кеңес бюросының құрамына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Елбасы партия жұмысын жаңғырту жөнінде сөз қозғап, партияның сайлауалды бағдарламасы мен сиездерде қабылданған шешімдерінің орындалу барысына тоқталды. Партия төрағасы 2018 жылы сайлау заңнамасы жетілдірілгенін, алдағы сайлаулар конституциялық мерзімде және мәслихаттардың келесі сайлауы алғаш рет Мәжілістегідей партиялық тізім бойынша өтетіндігін мәлімдеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев партиямыз халыққа жақын болуы керектігін атап өтіп, «Сенім. Диалог.

Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні»  атты партия бағдарламасын жариялады.

Партия жұмысын жаңғырту, тың бағыт сілтеу – партия мүшелерінің санасы мен іс-әрекетіндегі түбегейлі өзгеріс, бұл – өзекті мәселелерді шешу, әр адаммен тікелей сұхбаттасу, заманауи сұрақтарға жауап беру. Қайтадан серпін алу маңызды, әлеуметтік-саяси бірнеше мәселені шешуді қажет етеді, мысалы, мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу және  тағы  басқалар.

Бағдарламада негізгі 7 бағыт қарастырылған. Біріншісі – партияның ядролық электоратын топтастыру, БПҰ рөлін арттыру. Партияның аумақтық филиалдарының төрағалары партиялық ұйымдардың жұмысына белсенді азаматтық ұстанымы бар белсенділерді тартуы керек. Біз тіпті сындарлы түрде қарсы тұрған азаматтарды да қатарымызға тартуымыз керек. Өйткені олар қоғамның проблемаларына алаңдайды. Неге олармен мәселені бірігіп шешпеске?

Партияның облыстық филиалының басшылығы аумақтық филиалдардың төрағаларымен бірге партияның қолда бар кадрлық резервін қалыптастыруы қажет. Бастауыш партия ұйымдарындағы партияішілік сайлаудан өткен үміткерлерді мәслихатқа тартуға көңіл бөлінбек. Олар мұғалімдер мен дәрігерлер, шағын және орта бизнес иелерінен, жұмысшылар арасынан іріктелуі тиіс.

Елбасы екінші басымдық ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті түбегейлі күшейту міндетін айқындады. Біздің облыс бойынша соңғы екі жылда 187 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталды. Сыбайлас жемқорлық құқық қорғау, мемлекеттік қызмет саласына, соның ішінде әкімдік қызметіне дендеп енгені қынжылтады. Бүгінгі күні оқу орындарындағы пара беру, ақшалай сыйақы мәселесі өткір тұр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық кеңес «Jas Otan» жастар қанатымен бірлесе отырып, қоғамдық бақылау шеңберінде жүйелі негізде арнайы орта және жоғары  оқу орындарының сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша мониторинг жүргізуін қарқынды түрде  жалғастыруы  қажет.

Үшіншіден, жаңа бағдарлама партияның барлық деңгейдегі құрылымдарының әлеуетін пайдалану міндетін қояды. Бүгінгі таңда заңнамаға сәйкес мәслихаттар бюджетті, жергілікті даму бағдарламаларын бекітеді. Бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайды және әкімдерге сенімсіздік танытуға құқылы. Қордаланған мәселелерді шешу мақсатында партияның парламенттік фракциялары заңнамалық бастаманы белсенді түрде жүзеге асырып, бюджет қаражатының жұмсалуын қатаң бақылауы қажет. Шынын айту керек, қалалық, аудандық деңгейдегі парламенттік фракциялардың барлығы бірдей бұл мәселелерде белсенді емес және нәтижесіз  жұмыс  істейді.

Өкінішке орай, 2018 жылғы рейтинг нәтижелері бойынша облыстық мәслихаттағы біздің фракция артта қалып отыр. Облыстағы аудандық фракциялар мүшелері енжар, партия өміріне араласпайды, халықпен кездеспейді. Сондықтан толығымен қайта құруды қолға алу және фракция мүшелерінің жұмысын ширату қажет.

Депутаттар жұмыс істеп, мәселелердің нақты шешімдерін ұсынуы керек, сонда халықтың беделі мен қолдауы болады. «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары бойынша партиялық бақылауды назарда нық  ұстайтын  боламыз.

Төртіншіден, биліктің барлық деңгейі бойынша партия алдындағы жауапкершілік күшеюі тиіс. Осы бағыттағы депутаттық фракция мен әкімдер тығыз байланыста болуы тиіс. Бос сөзбен емес, нақты іспен ғана сенімге ие бола аламыз. Партияның қатардағы мүшесінен бастап, билік басындағылар, әкімдер, депутаттар партиямен байланысын өмір салтымен және жұмыс нәтижелерімен, көркем мінез-құлқымен көрсетуге  міндетті.

Бесіншіден, «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» партиялық жобаларын жандандыруға тиіспіз. Елбасы әркелкі әлеуметтік топты қолдауға ден қоюда. «Бақытты отбасы» жобасы аясында кірісі аз және көп балалы отбасыларға мемлекеттен үлкен қолдау болуда. Бірақ жағымсыз жайттар да  орын алуда. Мәселен, Бөрлі ауданында көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бірақ облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметі бойынша, АӘК алатын бір отбасының жеке шаруашылығы бар және бұл отбасының табыс-кірісі жоғары екендігін анықтады. Осыған байланысты АӘК-ны осы отбасына төлеу тоқтатылды. Қазіргі уақытта қаражат кері қайтарылуда. Сондай-ақ Бөрлі ауданында қоғамға үлгі болатын қам-қарекет те барын айтқым келеді. Көп балалы ана атаулы әлеуметтік көмек алып, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқып, грант алып, тігін цехын ашты.

Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың кірістері көбейіп, кедейлік деңгейінен шығуына жәрдем беруіміз қажет. Орал және Ақсай қалаларынан шалғай орналасқан ауылдардағы тұрғындарға етті  мал шаруашылығын дамытуды бастау қажет. Ол үшін әр ауданда атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға мал басын көбейту және азықпен қамтуға қолдау көрсететін жеңілдетілген тауарлық несие алуға сеп болатын бағдарламаны  әзірлеу  қажет.

Біздің міндетіміз – қоғамдағы масылдық көзқарасты болдырмау үшін өз еңбегімен табыс тапқысы келетін тұрғындарға мүмкіндік жасау. Абай атамыз айтқандай, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Аталған тапсырманың орындалуы бойынша аудандық филиал төрағалары, яғни аудан әкімдері үнемі есеп беріп отырады. Осы бағытта атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша қызмет деңгейін бағалаймыз. Оң көрсеткіш болмаған жағдайда  шара  қолданылатын  болады.

Алтыншы бағытқа сай ақпараттық-идеологиялық саясатты жүргізу міндеті қойылып отыр. Бүгінгі таңда медиалық кеңістікте шындықты бұрмалайтын түрлі «жаңа медиа» саны артып келе жатқаны құпия емес. Жергілікті, елеусіз проблемалар республикалық деңгейге дейінгі ауқымда көрсетілуде. Осыған байланысты қоғамдық санада балама «шындық» қалыптасады. Осы орайда жалған ақпарат таратып және жала жапқаны үшін заң жүзінде қатаң жауапкершілікке тартылу керек деп есептеймін. Біз, партияластар, ақпараттық стратегиямызды түбегейлі  қайта  қарауымыз  қажет.

Бұқаралық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс жүргізу керек. Партияластар жағдайды нақты саралап, жедел ақпарат бере білуі, сол арқылы адамдардың сеніміне ие болғаны жөн.

«Nur Otan» партиясы  бұқаралық ақпарат құралдар және әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмысымен белсенді айналысып, қоғамды толғандырып жүрген өзекті мәселелердің шешілуін,  халыққа берген уәделердің орындалуын мұқият қадағалауы тиіс. Сонымен қатар ақпараттық жұмыстың жаңа форматына көшу керекпіз. Мәселен, әр партия мүшесі әлеуметтік желілердегі  өзінің парақшаларында партияның жұмысын насихаттап, жағымсыз, жалған ақпараттарға лезде жауап  беруі  тиіс.

Бағдарламаның жетінші бағытында жастарды партия төңірегіне топтастыру көзделген. Жастар – еліміздің тірегі және болашағы. Жас буынның басты міндеті – елдің лайықты азаматы болу. Бұл мемлекеттің нығаюына және жақсаруына көмектеседі.

Бұл үшін біздің міндетіміз – нақты жағдай жасау, жастарды оқуға, жұмысқа, қоғамдық жұмыстарға, азаматтық белсенділікке  ынталандыру. «Jas Otan» облыстың барлық жасын шоғырландыра білгені жөн. Қазір жастарға нақты жұмыс істейтін «әлеуметтік лифтілер» құру бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Әсіресе, ауыл жастары арасында жұмысты жандандыру, олардың туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін ояту қажет. «Jas Otan» ауыл жастарын жұмысқа орналастыруға қатысуда алдыңғы сапта көрінуі керек, – деді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ғали Есқалиев.

Жиында облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Фарид Бахтиозин, «Nur Otan» партиясының Теректі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрхат Жанбоз, Ақжайық аудандық мәслихатының депутаты Біржан Кухаев сөз алып, партия мен халық арасындағы байланысты нығайтуға қатысты ойларымен бөлісті. Саяси кеңестің кеңейтілген отырысына «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат  Мұқаев  төрағалық  етті.

Жиын соңында «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, жақында ғана зейнеткерлікке шыққан Серік Сүлейменге нәтижелі жұмысы үшін өңір басшысы алғыс айтып, ұлттық дәстүрге сәйкес сый-құрмет көрсетіп, шапан жапты.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар